Өткен аптада аудандық әкімшіліктің акт залында алқа мәжілісі өткізілді. Онда аудан көлемінде жасалып жатқан жұмыстардың жетістігі мен кемшілігі жайлы сөз болды.
Бірінші мәселе бойынша сөз алған аппарат басшысы М.Кәрібаев «Байсерке ауылдық округі әкімі аппаратының өзіне жүктелген міндеттерді орындауы туралы» баяндама жасады. Онда аталмыш округтің ауылшаруашылық саласында көптеген жұмыстардың атқарылмағаны, әсіресе «Сыбаға», «Алтын асық» мемлекеттік бағдарламалары мен округке инвестиция тартудың кенжелеп қалғанын айтып, мұнда орын алған кемшіліктерді сын тезіне алды. Бұл мәселені аудан басшысы қатты сынға алды. Аудан басшысы Қ. Медеуов «Орын алған кемшіліктер жалғыз Байсерке округінде ғана емес, «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда», - деген нақылға сүйенсек,барлық округте олқылықтар толып жатыр. Қазақта «Өзім дегенде өгіздей қара күшің болмаса онда жасағаныңның қайранға кеткені», - демекші әр мәселеге байыппен қарап, оның заңды түрде орындалғанына мән берген жөн, - деп жергілікті округ әкімдеріне нақты тапсырма берді. Сонымен қатар аудан әкімі әлемдік дағдарыстың алдын алудың тиімді жолы округ көлемінде инвестиция тарту керектігін қадап айтты.
Одан кейін екінші мәселе аудан «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2015-2017 жылдарға арналған аймақтық іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы» екінші мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Д,Жүнісов баяндама оқыды. Аудан көлеміндегі сыбайлас жемқорлықтың жан-жақты тексерілетінін және қатты қадағалануында екеніне назар аударылды. Сөз сөйлегендер қатарында Байсерке ауылдық округінің әкімі С.Ерекешев, КазЦИК ауылының әкімі А.Жасымбеков округтерінде жасалған жұмыстар жөнінде ойларын ашық айтты.
«Ауданның елді мекендерін тазарту, абаттандыру және көгалдандыру көктемгі, күзгі санитарлық айлықты өткізу туралы» аудан әкімдігінің 2016 жылғы №104 қаулысының орындалу барысы туралы» үшінші мәселе бойынша аудан әкімінің бірінші орынбасары В.Файль баяндама жасады. Ол өз баяндамасында округ әкімдеріне аудан көлеміндегі қоқыс полигондарына деген санитарлық бақылауды күшейтуді тапсырды. Абаттандыру жайында да аудан басшысы тал егудің немқұрайлы өтетінін, бір жыл өтпей жатып қурап қалатынын айтты «Егер еккен талдарыңызға қарамасаңыздар қаржы шығындап оны егудің қажеті қанша?! Табиғатқа қалай күтім жасалса нәтижесі де соған байланысты болады. Олар да тірі ағза ғой сізге де дәл солай жауап қайтарады», - деді аудан басшысы Қ. Медеуов. Ол елді мекендердің тазалығына, көшелер мен жолдардың сапалы жөнделуіне, жол бойындағы құраған ағаштарды уақтылы кесіп отырудың қажеттілігіне назар аударды. Мәжіліс соңында қаралған мәселелер бойынша лауазымды қызметкерлерге нақты тапсырма беріліп, оның орындалуының міндетті екендігі айтылды.

|