Басты  - ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНА – 550 ЖЫЛ
 

 
 
 
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНА – 550 ЖЫЛ 05.11.2015

Күміс көмей, жез таңдай әнші халық ақыны Кенен Әзірбаевтың сүйікті қызы, ән мұрагері Төрткен Кененқызы. ҚР «Мәдениет қайраткері», ҚР «Халық ағарту ісінің үздігі», Іле ауданының «Құрметті азаматы». Нағыз текті атаның ұрпағы парасаты мол Төрткен әжемен бір ауданда тұрғанымызды мақтаныш етеміз. Өнегелі өмірін, болашақ ұрпаққа деген тәлім тәрбиесін зерттеп, кеңінен тарату біздің парызымыз. Төрткен Кененқызының дүниеге келгенінің өзі аңыз, қазақы ырымдар мен тәлім тәрбиенің тұнып тұрған қайнар көзі. Балалық шағы әкесі Кененнің қасында жүріп, көрген өнегесі, қазіргі ұрпаққа таптырмас халықтық педагогика деп айтуға болады. Ірі тұлғалар Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Борис Ерзакович тағы басқа ұлтымыздың біртуар азаматтары зиялы қауымның көзін көріп, әңгімесін өз құлағымен естіп өсті. Еңбек етпесе отыра алмайтын, ән шырқамаса көңілі орнына түспейтін, бойындағы барын жастарға үйретпесе жаны тыныш таппайтын, ұлт мәселесіне араласуды азаматтық парызы – деп санайтын да осы кісі.
«Өмірі өнеге» тақырыбындағы ғылыми-зерттеу жұмысымызды бастауымызға да Төрткен Кененқызының өмірі бізді қатты қызықтырды. Аты аңызға айналған батыр - Бауыржан Момышұлы Төрткен Кененқызының орындауындағы Кенен атаның әндерін сүйсініп тыңдаған екен. Біз өзіміз білмейтін деректерді тапқан сайын, қызығушылығымыз арта түсті. Төрткен Кененқызының жасап жүрген игі істерін өз бетімізше аша түсіп, барынша ол кісінің жан дүниесіне терең үңілдік. Физика-математика ғылым докторы, академик аты әлемге әйгілі Асқар Жұмаділдаев екі математикалық формула жасады. Біреуіне Төрткен Кененқызының есімін берді. «Бұл жерде қазақтың жаны, тілі, әзілі бар және абстракциялық түсінік», - деп жоғары бағалады. Біз «Төрткен» есімі арқылы ұлттық тәлім тәрбие кені. Адамгершіліктің кені. Рухани байлықтың кені. Тектіліктің кені деп айтар едік. Осы орайда Қоянқұс ауылының тұрғындарынан сауалнама алдық. Тараз, Қостанай қалаларының тұрғындарынан сұрақ-жауап ұйымдастырып, салыстыру диаграммасын жасадық, сұхбат алдық. Кейіпкерімізді көпшілік жұрттың білетіні бізді қатты қуантты. «Шығармашылығы», «Туған-туыстары» тақырыбында тірек сызба да жасадық. Өтеген батыр кентіндегі «Ардагерлер үйінде» Төрткен апамен кездесіп, тәлім-тәрбиеге толы әңгімесін тыңдадық. Төрткен Кененқызы – айналасындағыларға жарық сәуленің шырақшысы бола білген жан. Ақыл, білім, білік, парасат, көркем мінез иесі де, осы аяулы жан. Халқымызға сыйлы, адалдық пен адамгершілікті биік тұғырға қойған Төрткен Кененқызы туралы ізгілік ниетпен болашақ жастардың өкілі болғандықтан осы ғылыми-зерттеу жүргізу парызымыз санап отырмыз. Төрткен Кененқызының өнегелі өмір жолы, өнерімізге қосқан сүбелі үлесі атап айтуға тұрарлық, дара тұлға туралы талай ғылыми-зерттеу жұмыстары жасалатыны анық. Біз осы ғылыми жұмысымызды Төрткен апаның 5 ақпанда болатын 80-жылдық мерейтойына арнаймыз. «Өмірі - өнеге» тақырыбында №1 орта мектеп оқушылары Боранбай Мади мен Камила Фатыкова «Зерде» ғылыми практикалық конференциясына қатысып, аудан бойынша І-орынды иеленіп, облыстық байқауға жолдама алды. Жас зерттеушілерге сәт сапар тілейміз!