Басты  - ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНА – 550 ЖЫЛ
 

 
 
 
БАЛАЛАРДЫҢ БАЛ ТІЛІ, АТАЛАРДЫҢ АҚ БАТАСЫНА АЙНАЛДЫ 26.05.2016
        
  «Жақсыны жатқа бермейді», - дегендей Первомай ауылындағы Іле аудандық мәслихаты жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі, «Іле мұрагер» үкіметтік емес ұйымының төрайымы Зүльфия Калекеева жетекшілік ететін «Әділет» аулалық клубы жабылып қалғаннан кейін біраз абдырап қалғанымыз шындық. Бірақ, ауданымызда жүрегі кең, қолы ашық, жаны дархан адамдар көп ғой. Әсіресе, аталмыш клуб өскелең ұрпақтың өрелі тәрбиесіне келгенде алдына жан салмайтын жандардың қолдауымен қайта түледі. Сондай ізгі жанның бірі - Ынтымақ ауылында тұратын Бақытгүл Әзімбаева. Ол өзі Ынтымақ ауылындағы қоғамдық кеңес мүшесінің белді, белсенді азаматы. Клубты өзінің тұрып жатқан үйіне орналастырып, ауласын кішкентай періштелердің күлкісіне толтырды. Үлкен азаматтығының нәтижесінде қазір ол жер балалардың қолөнер үйренуіне арналған орталыққа айналып отыр. Клубтың атауын бірауыздан «Ынтымақ» деп ауыстырыпты.
Өткен аптада дәл осы «Ынтымақ» балалар мен жасөспірімдер аулалық клубы өзінің ел алдында есебін берді. Көктемнің көктен құйған ақ жауыны мен күркіреген күніне қарамастан есік алдындағы ақ шатырдың астында өзіне жүктелген үлкен міндетін мінсіз атқарып шықты. Ынтымақтық жас өрендер ауа райының қолайсыздығы өздеріне ешқандай кедергі келтіре алмайтындығын өнерлерімен көрсетті.
Алдымен ауылдың ақ әжелері балалардың алғашқы есеп беру кешіне тәттілерден шашу шашты. Ақ тілекпен шашылған шашудан кейін кішкентай бишілер үнділік «Көңілді биімен» барша жұртты елтіп әкетті. Одан кейін жүргізушілер жиналған қауымға «Аталар мұрасы - асыл қазына» тақырыбындағы шығармашылық кешін ашық деп жариялап, есеп беру кешінің құрметті қонақтары Ынтымақ ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы - П. Дильмагамбетов, Б. Нүсіпов, ақсақалдар алқасының мүшелері, асыл әжелер - Н. Смагулова, А.Абишова мен Ф. Айнабекова және ауданнан келген қонақтар аудандық мәслихат хатшысы Р. Абилова, Байсерке ауылдық округінің әкімшілігінің бас мамандары - С. Копбаева мен Л. Дайырбековларды таныстырды. Құрметті қонақтар алдында Лашын, Жанна, Мағжан сынды балалар әуелетіп ән салды, «Әйгерім» тобы мың бұрала би биледі.
Клубта «Қолөнер» шеберлік үйірмесі, «Алтын оймақ» тігін үйірмесі, «Жас суретші» сурет үйірмелері тоқтаусыз жұмыс жасап келеді. Осы жерде айта кететініміз үйірменің басы-қасында болып, балалардың жігерін ұштап жүрген үйірме тәрбиешілері он саусағынан бал тамған шеберлер ерлі-зайыпты С. Тоғызбаев пен Ә. Дүйсебековалар өз өнерлерін өскелең ұрпақ бойына сіңіріп келеді.
Дәл осы көңілді кеште Дүйсебековалардың Әли атты ұлдарының тұсауы кесілді. Балақайдың алғашқы қадам аттауы клубтың тұсаукесер есептік кешімен тұспа-тұс келді. Кішкентай Әлидің тұсауын ауданымыздың даму жолында аянбай еңбек еткен аудандық «Іле таңы» газетінің бас редакторы Айдарбекова Роза Маратқызы мен аудандық мәслихат хатшысы Роза Абиловаға кестірді. Тұсау арнайы кездікпен жүзін өрге қаратып, астынан үстіне қарай өзіне қарай тартып, «лып» еткізіп кесілді. Бұл кішкентай балақанның тік ұстайтын, ешкімге кеудесін бастырмайтын, өршіл, ұлттың рухын жалғайтын, ер мінезді жігіт болып өссін деген ырымға баланды. Бұл дәстүрді жаңғыртудың үлкен көрінісі болды.
Кештің соңында барлық өнер көрсеткен балаларға мадақтама қағаз тапсырылды.