Өткен жылдың соңында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында «ҚАЗАҚСТАН ЖАҢА ЖАҺАНДЫҚ НАҚТЫ АХУАЛДА: ӨСІМ, РЕФОРМАЛАР, ДАМУ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялаған болатын. Бұл Жолдауда Ұлт көшбасшысы жарқын болашақтың кепіліне айналатын ұлттық идея туралы салиқалы ой өрбітті.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында қазақ елі аз уақыттың ішінде қыруар іс тындырылғаны жайында сөз қозғап: «Бүгінгі Отанымыздың жетістіктері - әрбір азаматтың ұлттық мақтанышы. Күшті, қуатты мемлекеттер ғана ұзақ мерзімдік жоспарлаумен, тұрақты экономикалық өсумен айналысады. Жолдаудағы стратегиямыздағы - барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы. Ол - Әлемнің дамуы күштердің әлемдік және өңірлік орталықтарының арасындағы қатаң бәсекелестік аясында жүретін болады. Жаңа жаһандық өмір шындығының сын-қатерлеріне біз өзіміздің нақты мүмкіндіктеріміз негізіндегі біртұтас іс-қимыл стратегиясын қарсы қоюымыз керек. Елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен емтихан. Стратегияны мүлтіксіз орындап, емтиханнан мүдірмей өту - ортақ парыз, абыройлы міндет!», - деді. Елбасымыздың тың ойлары барша қазақстандықтарды жігерлендіріп, осы идеяны іске асыру үшін барынша талпыныс жасауға серпін береді.
Осы орайда, аудан көлеміндегі дін саласының қызметкерлері де Мемлекет басшысының «ҚАЗАҚСТАН ЖАҢА ЖАҺАНДЫҚ НАҚТЫ АХУАЛДА: ӨСІМ, РЕФОРМАЛАР, ДАМУ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын қолдайтынымызды айта кету қажет. Ұлт көшбасшысының аталмыш саяси маңызы зор құжатта халыққа жүктеген тапсырмаларын орындау мақсатында біздің белсене атсалысатынымызға сенім мол. Бүгінде ауданымыздағы мешіттерде Ислам дінін ұстанатын сан алуан ұлт өкілдері Құдайға құлшылық етуде. Айта кетерлік жайт, «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігінің Алматы облысы бойынша филиалының бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясында аудандық этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесулер, шаралар жиі өткізіліп тұрады. Бірлесе жұмыс істеудің нәтижесінде ауданымыз сан алуан ұлт өкілдері арасында діни толеранттылық пен ынтымақтастық орнаған.
Елбасымыз биылғы Жолдауында 5 институционалдық реформа сынды жаңашыл идеяны атап көрсеткені белгілі. Осы биік белестерді бағындырудың арқасында Елбасының халқына жолдаған стратегиясының мақсаттары іске асырылатын болады. Аталмыш Стратегия халқымыз үшін темірқазық тәрізді. Себебі, ол барша қазақстандықтарға келешектің кемел жолында айқын бағыт-бағдар беріп, жол сілтеп тұрады.
Елін сүйген, елі сүйген Елбасымыз Н.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілдері татулық пен бірлікті паш етіп, игілікті өмір сүруде. Қазақстан халқы Ассамблеясы да осының бірден-бір дәлелі ғой. Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен бірнеше жылдан бері Елордамызда әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері өткізіліп тұрады. Мұның өзі Ұлт көшбасшысының ұстанған сындарлы саясатының толағай табыстары болып саналады.
|