Междуреченск ауылдық Мәдениет үйінде жас кітапханашы Қ.Байбосынованың ұйымдастыруымен кітап көрмесі, «Арман» БЖӨК қолөнершілер көрмесі және көркемөнерпаздар ұжымының мерекелік бағдарламасы тамашаланды. Әжелердің тамылжыта салған әндерін жас әншілер түрлендіріп әкетті. Жас бишілер мың бұралып сахна сәнін кіргізді. Ауылдық кітапханада өткен жас ақындар мүшайрасының жеңімпаздары Астанаға арнаған өлең шумақтарын оқып, тыңдармандарды бір сілкінтсе, ақсақалдар алқасы төрағасы С.Жармағанбетов зор толғаныспен жүрекжарды лебізін білдірді.
Спорт - ол еңбек. Біз бала кезімізден-ақ денсаулықты сақтау керек екендігін жақсы білеміз. Қуаныш пен бақыт, денсаулық пен жүз жастық өмір - барлығымыз үшін өте қажетті. Ал, салауатты өмір салтын ұстану арқылы біз дене және рухани денсаулығымызды нығайтатынымыз белгілі. Сондықтан да «Жан саулығы - тәннің саулығы» екендігін ешуақытта ұмытпаған спортшыларымыз мерекелік бағдарламаның көркін спорттық ойындармен жалғастырды.
Тоғызқұмалақ, үстел теннисі, шахмат, стридбол ойындарынан біріншіліктер өткізілді. Әр жарыстың өз жеңімпаздары болатыны айдан анық. Жарысқа қатысқан барлық жеңімпаздар округ әкімінің мақтау қағазы және бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Атап айтсақ, үстел теннисінен І-орынды А.Жандосов, ІІ-орынды Арыстанбек Төлепов, ІІІ-орынды Айғазы Жандосов иеленсе, шахматтан І-орынды Қылышбек Оспанов, ІІ-орынды Жандаулет Оралбаев, ІІІ-орынды Т. Сырмановтар қанжығасына байлады. Ал, стридболдан команда бойынша І-орын Междуреченск құрама командасының еншісіне бұйырды.
|