Басты  - ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНА – 550 ЖЫЛ
 

 
 
 
ДАРЫНДЫҒА ДАҢҒЫЛ ЖОЛ 20.06.2016
   
«Қазақстан ұлы державада болуы үшін бізге күш-қуат, қажыр-қайраты мол, ақылды да ойлы, дарынды жастар керек», - деп Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, баланың бойындағы дарындылықты дамыту - мұғалімдердің кәсіби біліктілігіне байланысты. Әр баланың бойында табиғат берген ерекше қабілеті, дарындылығы болады. Ол ана сүтімен, ата-тегімен даритын құбылыс. Ал баланың бойындағы туа біткен қасиеттерді дамытатын оқыту мен тәрбие. Осы бағытта Ынтымақ ауылындағы №30 орта мектеп әкімшілігі де дарынды балалармен жұмысты жүйелі жүргізіп келеді. Нәтижесі де жемісін көрсетуде. Атап айтсақ, аудан, облыс, республика, халықаралық деңгейде шығармашылық қабілетімен, ерекше дарынымен мектеп абыройын асқақтатып, мәртебесін биіктен көрсетіп жүрген дарынды шәкірт, 11-сыныптың оқушысы, №30 орта мектептің оқу үздігі - Данаш Нұршат Сұлтанқызы.
Талабы мен талғамы биік, талантты шәкірттің жеткен жетістіктері мен бағындарған биіктері аз емес. Атап айтсақ, «Тәуелсіздік - тынысым» атты республикалық байқаудан ІІІ-орын, ІІІ-республикалық Мұқағали Мақатаевтың «Жырлайды жүрек» атты өлеңдеріне жазылған әндер мен көркемсөз орындаушыларының «Көркемсөз» номинациясы бойынша І-орын, Түркияда өткізілген VІ халықаралық «Ақ көгершін» балалар шығармашылығы байқауында «Көркемсөз» номинациясы бойынша І-орын және «Тоғызқұмалақ» республикалық спорттық ұлттық ойынынан І-орын иегері атанған. Сонымен қатар Іле аудандық «Бәрінен де сен сұлу» атты қыз сыны байқауына қатысып, «Аудан аруы» атанып, І- дәрежелі дипломмен марапатталған. 2013 жылы ғылым баспасынан жарық көретін «Қазақстанның үміт артарлары» атты Республикалық кітапқа Данаш Нұршат Сұлтанқызының есімі жарық көрді. Нұршат Корея Республикасының Тэджон қаласында өткен жас ғалымдардың халықаралық ғылыми байқауында биология пәні бойынша «Қараой үстіртінің пайдалы өсімдіктері» атты ғылыми жобасын қорғап, ІІІ-орынды қанжығасына байлап, ІІІ-дәрежелі дипломмен марапатталады. Сондай-ақ, 125 балмен жоғарғы оқу орнының грант иегері атанды. Нұршат Сұлтанқызы ғылыми жоба қорытындысы және білім, өнер саласындағы жетістіктері үшін 2016 жылдын 15 маусым күні Алматы қаласында өткен Халықаралық фестивальда «Эрудит» алтын медалімен марапатталғанын қуанышпен хабарлаймыз. Бұл - мектеп үшін де, мұғалім үшін де, ауданымыздың мәртебесі үшін де үлкен мәртебе! Шәкірттің бағындарған белесі ұстаз еңбегінің ақталғаны.
Биылғы оқу жылы Нұршатпен бірге оқитын сыныптастары үшін қуанышқа толы болды. Себебі сыныптастары Қуат Әбілқасым, Жанел Асан «Алтын белгі» иелері атанса, Арай Әбдіманап, Анель Рысдаулетова, Алиас Слямхан ҰБТ-да жоғарғы балл жинап, мектеп пен ұстаздарының мерейін асырды.
- Жетістік оңайлықпен келмейді. Ол үшін көп ізденіп оқып, талаптанып еңбек ету керек. Менің осындай жетістіктерге жетуім мені жарық дүниеге әкеліп, қатарымнан қалдырмай, өсіріп жеткізген ата-анамның, білім нәрімен сусындатқан мектептегі ұстаздарымның және үздіксіз дайындалған еңбегімнің жеңісі. Ұстаздарыма шәкірттік ризашылығымды сөзбен айтып жеткізе алар емеспін. Бізді бір үйдің баласындай көріп, бар мейірім-шапағатын төгіп, бойымызға адамгершілік асыл қасиеттерді сіңіріп, жаман әдеттерден аулақ болуға тәрбиелеп, болашаққа жол ашқан сынып жетекшіме, ұстаздарыма алғысымды білдіремін», - деп ағынан жарылды Нұршат .
Әрдайым биіктен көрініп, жеңістен-жеңіске жете бер!