Президентіміздің үздік отыздыққа апаратын «100 нақты қадам» атты Ұлттық жобасының 97, 99-қадамдарында жергілікті өзін-өзі басқаруды одан әрі дамыта отырып, қоғамдық кеңестердің жұмысына аса мән бергені айқын. Бүгінгі күні елімізде жергілікті өзін-өзі басқару ісіне қоғамды қатыстыру жұмыстары басталып кетті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы негізінде аудандық мәслихаттың бастамасымен Іле ауданында қоғамдық кеңестерді қалыптастыру жұмыстары пилоттық режимде 2012 жылдан басталды. Жергілікті жерлерде белсенді азаматтардың басын қосу арқылы ауданның барлық 31 елді мекендеріндегі 52 микроучаскелерде 55 қоғамдық кеңес төрағалары мен 560 көше комитеттерінің төрағалары сайланып, оларда 1345 адам жұмысқа тартылды.
Қоғамдық кеңестер өз жұмыстарын жергілікті әкімдіктермен, басқа да қоғамдық ұйымдар және аудандық, облыстық мәслихат депутаттарының бірлесіп жүргізулері арқасында Елбасының «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асырып, елдің ауызбіршілігін, ұлтаралық татулық пен ынтымақтастықты насихаттап, жастармен жұмысты жүргізуде өз нәтижесін беріп келеді. Халыққа қоғамдық кеңестер жөнінде түсініктеме беріп, олардың қоғамда алатын орны мен атқаратын жұмыстарын түсіндіру мақсатында алғашқыда біз консультациялық семинарлар өткізуден бастадық. Бірінші оқып үйрену жобасының семинары Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының каржылай қолдауының негізінде 2013 жылы басталып, жергілікті өзін-өзі басқару жұмысының тетігі қаланды. Ауданда бірінші болып Ащыбұлақ ауылдық округінде осы жұмыс қолға алынып жүргізілді. Аталған округтің қоғамдық кеңесінің жұмысы Астана қаласында сол кездегі өңірлерді дамыту министрлігінің ұйымдастыруымен ОБСЕ ұйымы өкілдерінің қатысуымен өткен семинарда ел Парламенті депутаттарының, белді саясаткерлердің алдында таныстырылып, оң бағасын алды. «Болашақ» әлеуметтік-азаматтық базисі» қоғамдық бірлестігі және «Аймақ» өңірлік дамуға ықпалдасу қорының көмегімен қоғамдық кеңестердің белсенді мүшелері және төрағаларымен 9 оқып-үйрену семинары өткізілді.
Сонымен бірге, 2014 жылдың 3 қыркүйегінде «Медиация» Заңына байланысты қоғамдық кеңес төрағалары және депутаттармен семинар өткізіліп, 15 адам «Медиатор» сертификатын алды.
Сондай-ақ, 2015 жылдың 3 маусымында Іле аудандық мәслихатының ұйымдастырылуымен «Жергілікті өзін-өзі басқару мен жергілікті деңгейде тиімді қоғамдық қатысудың дамуы» тақырыбындағы облыстық конференция өткізіліп, ауданымыздың қоғамдық кеңестермен жұмысы туралы іс-тәжірибесі облыс аймағына таратылды.
Ал 2015 жылдың 2 қарашасында қабылданып, үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап, Ұлт жоспары аясында күшіне енген «Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасы Заңы ауданда біршама уақыттан бері жұмыс атқарып келе жатқан қоғамдық кеңестердің жұмысын реттеуге зор ықпалын тигізді. Жұмыстары жүйеленген ауданның елді мекендеріндегі қоғамдық кеңестер бүгінгі таңда ережесі бекітіліп, құрамы сапталған аудандық қоғамдық кеңестің таптырмас қуатына, күшіне айналды.
Қоғамдық кеңес құрамына аудандық мәслихат депутаттары, коммерциялық, үкіметтік емес ұйым мүшелері, мемлекеттік органдар өкілдері, ауданның белсенді азаматтары кірді.
Қоғамдық кеңес стратегиялық жоспарларды және даму бағдарламаларын, бюджеттерді, есептерді, мақсатты индикаторлардың жетістіктерін, азаматтардың құқықтары мен еркіндіктеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын талқылауға өкілетті.
Кеңестің негізгі мақсаты – азаматтық қоғамның мүдделері мен жергілікті деңгейде шешімдерді талқылау барысында жұртшылықтың пікірін есепке алуды білдіру. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы және өзін-өзі басқару органдарының азаматтық қоғаммен өзара қарым-қатынасын дамыту да осы қоғамдық кеңестің міндеті.
Бүгінгі таңда аудандық қоғамдық кеңес маңызды 4 бағыт бойынша комиссиялар құрып, жұмысқа белсене кірісіп кетті.
Атап өтсем, жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын қоғамдық көліктердің, «Балапан» бағдарламасы бойынша жұмыс атқаратын балабақшалардың қызмет көрсету деңгейі мен сапасы, бюджет қаражатына салынып жатқан нысандардың құрылыс сапасы мен мерзімді орындалуы сияқты қоғамдық маңызы зор жұмыстар қоғамдық кеңестің қадағалауында тұр.
Сонымен қатар, әлеуметтік аудит жүргізу арқылы әлеуметтік бір жобаның басынан бастап, оның толыққанды жүзеге асырылуына қоғамдық бақылау жасау, бітімгершілік (медиация) жүйесін дамыту арқылы жергілікті жерде шешімін табуға болатын келіспеушіліктерді, дауларды соттың, құқық қорғау органдарының талқылауына жеткізбей шешіп, ымыраға келтіру бағытында атқарылып отырған жұмыстарды одан әрі жетілдіріп жүргізу қоғамдық кеңес қызметінің басты бағытының бірі болып белгіленіп отыр.
Қоғамдық кеңестің рөлін арттыруға бағытталған бір шара ретінде ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары және оларды жүзеге асыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың жұмысы туралы аудан әкімінің есебі тыңдалды.
Халықтың қоғамдағы қажеттіліктерінің шешімін табуы, елімізде демократияның дамуы, азаматтық қоғам қалыптастыру жолында қоғамдық кеңестердің құрылуын маңызды қадам дер едім. Қоғамдық кеңес жариялылық, мөлдірлік ұстанымында жұмыс істейтін ұйым ретінде халық пен атқарушы билік арасын жақындата түседі.
Қоғамдық кеңес өз қызметін Конституцияның, оған сәйкес келетін заңдардың, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметі актілерінің және Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінің нормаларының орындалуын жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асырады.
Шынайы демократия - бұл халық билігі, орындалуы халықтың қатысуымен жүзеге асырылады. Қоғамдық кеңестің ауданның өкілді және атқарушы органдарымен, жергілікті қауымдастықпен, аудан тұрғындарымен бірлескен жұмыстардың арқасында біздің көп ұлтты Іле ауданы, оның экономикасы мен елді мекендері жылдан жылға өсіп өркендеп, мәдениеті мен өнері дамып, ұлтымыздың ата-баба, салт-дәстүрі одан әрі жаңғырып, ұлтаралық татулығымыз бен ынтымағымыз жарасып отыратындығына сеніміміз мол.
|