Басты  - ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНА – 550 ЖЫЛ
 

 
 
 
АЛТЫН ҚАЗЫНАҒА АДАМГЕРШІЛІКПЕН ҚАРАЙДЫ 18.05.2016
 
Қазіргі кезде аудан көлемінде қоғамдағы барлық іс-шараларға белсене қатысып, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды өнеге етіп, өзінің қызмет ететін саласында ұзақ уақыт жауапты қызмет атқарып, жастарға үлгі болар мамандар аз емес. Солардың бірі және бірегейі - 40 жылдан астам абыройлы мамандық иесі, эстетикалық талғамы бай, ойы зерек, қиялы жүйрік, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған, дүйім оқырманның бағыт-бағдар алуы үшін, жаңа қоғамның жаңа ақпараттық кітапханасы көшінен қалмау үшін, жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жүрген, қасиетті қазыналарымызды көзінің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген, ҚР «Мәдениет қайраткері», Іле ауданының «Құрметті азаматы» Жәбиева Мейрамгүл Түйебайқызы бүгінде ақылдың биік асуы, мерейлі 60 жасқа толып отыр.
Өзінің мамандығында кездесетін қиындықтары туралы ол: - «Сонау 1985 жылдары ол кезде мен Күртіде кітапханашы болатынмын. Кітап оқырманға жетуі үшін жүздеген шақырымдарды артқа тастап жаяулап жалпылап, Ақшиден шалғай ауылдарға баратынмын. Қазіргі кездегідей ағылған көлік жоқтың қасы. Ең жақын ауылдық кітапхана 70 шақырым, алысы 300-ге жуық. Ол кезде жас отбасымыз құндақтаулы баланы қолға ала салып, бір жағынан кітаптар, екіншіден баланы құшақтап қара жолға түсіп алып жортып ала жөнелесің. Міне, кітапха-нашының жұмысы. Бала шөлдей ме, жоқ далада қаласың ба, бұл маңызды емес. Ең маңыздысы кітапты діттеген жеріне жеткізесің. Оқырман оны қолына алып оқып, танысуы керек. Біздің барлық жолда көрген қиыншылық дәл осы көрініс көз алдыңа келгенде шаршағаныңды ұмытып та кетесің. Бір сөзбен айтқанда кітапханашы болу - оқырманың үшін тер төгуден тұрады», - дейді.
Аудандық кітапхана барлық іс-шараларда өздерінің қалыптасқан дәстүрлі кітап көрмесін жасайды. Он ауылдық округте 12 кітапхана бар онда 30-ға жуық кітапханашы еңбек етеді. Дәстүрлі деп айтатынымыз Мейрамгүл Түйебайқызының айтуынша сонау Қызыл Кеңестің тұсында Брежневтің кітабынан бастап, түрлі саяси-ақпараттық газеттер мен журналдар көрмеге қойылатын көрінеді. Ол кезде партияның жүргізген саясаты мықты. Айтылды – жасайсың. Жазуларды баспаханалық трафаретпен жазады. Машинка атауымен жоқ. Кітапханашының машақаты, мамандықтың қызығы мен шыжығы дәл осында. Осы қадамымен кейіпкеріміз өзің оқып-түйгенін, мамандығыңды қадірлемей оны сүймей ешқандай жетістікке жете алмайтынын жастарға үлгі ретінде көрсетіп отыр. Сара жолы да, дара жолы да осы болып тұр.
1973 жылы мектеп қабырғасында жүргенде-ақ кітапханашы болып қызмет істеді. Мәскеуге дейін бармақ болып жиналғанда, үйдегі үлкендердің ақылын тыңдап, бармай қалады. Қаскелең қаласында жүріп Мәдениет училищесін сәтті аяқтағаннан кейін Алматы қаласындағы Қыздар Педагогикалық институтына түседі. Аталмыш оқу ордасын қызыл дипломмен аяқтап, ауылға жолдамамен қайта келеді. Ақшиде аттай 25 жыл жұмыс жасайды. Өмір атты көш-керуен оны ең керемет адамдар және өзі арқалап жүрген кітаптарында ғана кездескен кейіпкерлеріне ұқсас ғажайып жандармен кезестірді. Жастық шақтың бал дәмін өзі өсіп-өнген Ақшиде өткізеді.
Қазіргі күні «Кітап арқалаумен өткен жарты ғасырлық еңбек жолымда ешқандай өкініш жоқ. Алтын қазынаға адамгершілікпен, аса ұқыптылықпен қарадым. Ақ тілеуім жаңа Мәдениет үйіміз болса, сол ғимаратта заманауи кітапханамыз болса екен деген ізгі үміт қана», - деп отыр мерей биігіндегі Мейрамгүл Түйебайқызы.
1999 жылдың ақпан айында Іле ауданына Күртіден ауысып келгенде оның бойында кітапхананы қалай алып жүремін деген толқыныс пайда болды. Жаңа жер, бөтен адамдар дегендей. Бірақ не керек, жұмысқа бірден қабылданып, білек сыбана іске кіріседі. Көптеген қиыншылықты бастан кешеді. Кітапхананы үлгілі яғни модельді оқу залына айналдыру кезінде де білместіктің талай төбешегіне шалынады. Қарапайым компьютерге қол жеткізудің өзі мұң болады. Ең алғаш 2003-2005 «Ауыл жылы» бағдарламасы аясы жылдарында сол кездегі аудан әкімі Н.Логутовтың тікелей көрсеткен көмегінің арқасында үлгілі заманауи кітапханаға айналады. Ол кісі үлкен көмек қолын созды. Компьютердің не екенін көрсетіп, соқырға таяқ ұстатқандай түсіндірді. Арнайы аудандық бюджеттен қаржы бөлгізді. Өйткені осыған дейін аудан көлеміндегі кітапханалардың барлығы облыс бойынша ең артта қалған болатын. Кітапханада компьютерлендіру, заманның ағысына сай, алыс-жақын шет елдермен байланыс мүлдем жоқ, жаңа методикамен жұмыс мүлдем жасалмайтын. Кейін осы бір олқылықты ұжым болып түзейді. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарады. Жылдар бойғы қажымас жұмыстың нәтижесінде қазір облыс бойынша ең үздік кітапхананың қатарында тұр. Оқырмандар кез-келген уақытта келіп кітабын алып, бейқам оқуларына барлық жағдай жасалған.
Кейіпкеріміз парасаттылықтың нағыз үлгісін көрсетті. Өмірдің сатыларынан жылдар бойы жинап алған тәрбиенің қаймағын сүзіп алып, оны бойына сіңіріп, өскелең ұрпаққа үйреткен адам. Яғни, аманатқа қиянат жасамайтын парасатты жан. Өйткені, мектебінен тәлім алған біраз мамандар өз орындарын тауыпты. Ал, еңбек жолын енді бастаған жастар әлі соңынан еріп жүр. Соған қарағанда сөзіміз шындыққа жанасады.
Қолы жетпеген көптеген асуларға деген қызығушылығы бар. Мысалы, жаңа заманды қуып жеткім келеді деп жанталасуда. Облыстық емес республика көлемінде кітапханамыз ең үздік болып танылса деген ой-қиял, мақсатымен жүр. Ол «Жетістікке жету үшін ұжымыма сүйенемін. Ізімнен еріп келе жатқан Қарлығаш Бұдығұлова, Ұлжан Байқұтқызы, Қуаныш Қаматайқызы, Макира Қанапияқыздарына сенемін. Айдана, Фариза, Фарида, Сымбат сынды жас мамандарымды атап өткім келеді. Олар ғаламторға біздің кітапхананың жұмыстарын жарыққа шығарып әлемге таныстырып отырады. Осы ұжымым арқылы жетемін ол межеге. Елбасымыздың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарындағы 87 бөлімінде айтылды ғой. Соның бірі - «Қазақстан Энциклопедиясы». Кең көлемде ғаламтор жобасын құру. Мұндағы мақсат - әрбір азаматқа және шетелдік туристке ел туралы көбірек білуге көмектесу», - міне осы бағытта көп жұмыстар күтіп тұр. Республика көлемінде жасындай жарқылдап ауданымызды кеңінен таныстырсақ деген мақсатта жұмыс жасағым келеді. Академиялық кітапханаға қарап бой түзеп, дәл сол дәрежеге жету жолында күрессем деген сенімім бар» деп нығарлап айтты.
Отағасы Дәулет ағамызбен отау құрғанына биыл 38 жыл өтіпті. Екеуі Бекзат, Ләззат, Қазыбек сияқты ұл-қыздарды дүниеге әкелді. Қазір Бекзаты Нәзира деген арумен отау құрып, Мұрагер, Әділ деген немере сүйгізсе, Ләззаты Бақытжан атты жігітпен қосылып, Аружан Айсұлтан, Айсара атты кішкентайларымен қуантуда. Қазыбек кенжесінің өзі жеке шаңырақ көтеріп, Дильяра атты келінімен бақытты ғұмыр кешуде. Бұл туралы өзі «Барлығының жұмыстарына адал болуына, кешікпей баруын қадағалап отырамын. Бүгінде жақсы енемін деп те ойлаймын. Алтын асықтай екі келінім, қадір тұтатын жалғыз күйеу балам, немерелерім бар. Жақсы қартайсам, кимешегімді киіп ақ батамды айтып, немерелерімнің ортасында жүрсем деп ойлаушы едім. Соған ақырындап жеткен де сияқтымын. Осы әлетке жеткізген киелі Іле жеріне және жайдары мінезі бар халқына мың тағзым етемін. Бірлігі жарасқан ауданға келгенде еңбегім бағалана бастады. Адамдарынан үлкен құрмет- қошемет көрдім. Рахмет. «Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» демекші ел ағалары Серік Үмбетовке, Ержанбек Нұрбековке, аудан әкімі Қыдыркелді Өміржанұлына, Ерболат Сапарұлына, Жұмаділ Серьянұлына, ұстазым Шайзада Кәрібекқызына, сөз шеберлігі мықты Гүлжиян Мағданқызы мен Ғалия Матанқызына үлкен рахмет айтам. Көптеген азаматтарға шын ықыласыммен алғыс айтқым келеді. Әсіресе, «Іле таңы» газетінің ұжымына шексіз рахметімді айтамын. Бізді осы газет арқылы жалпақ жұрт танытып жатты. Аудандық газет жарыққа шығарған мағлұматты біз мұрағатқа салып сақтаймыз. Редакциямен біздің байланысымыз өте тереңде жатыр» деп ағынан жарылды.
Халық алдындаңы міндетін мінсіз атқарып, жылдан жылға алар асуына үлкен еңбекпен күресіп жүрген кейіпкеріміздің қысқаша өмір жолы осы. Бұл том-том кітаптың бір ғана кіріспесі ғана. Парасаттылықты алға тарқан адамдардың азығы және адамзаттың алтын қазынасына адамгершілікпен қарайтыны көңіл қуантатыны сөзсіз.
Мейрамгүл Түйебайқызының таудан аққан мөлдір бұлақтан татқан шырын судай шөл қандырар әңгімесі арқылы жүріп өткен өмір соқпақтарына қызыға қарайсың. Қазақи мінезі бар қазақтың қарапайым қызына ақ тілектен басқа айтарымыз жоқ.