Басты  - ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНА – 550 ЖЫЛ
 

 
 
 
Үш тұғырлы тіл саясаты - елдігіміз бен бірлігіміздің тірегі 16.06.2016
   
«Ана тілі халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі», - деген ұлағатты сөзді айтқан алаш қайраткері, халқының қамы үшін жанын берген ұлт ақыны Мағжан Жұмабаевтың жан-жүрегін жарып шыққан кесек ойы, аталы нақылы бүгінгі күні де өз мәнін жойған жоқ. Туған елің өз тұғырында нық бекіп тұру үшін де, қаның қазақ болып айналып, жүрегің қазақ болып соғу үшін де ана тілді жаныңа серік ету ләзім. Осы екі ұғым жаны ашитын әрбір азаматтың қос қанаты болса, рухымыз төмендеп, тауымыз шағылмасы айна қатесіз ақиқат.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев бүгінгі таңда «Тілдердің үш тұғырлылығы»” атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынып отыр. Бұл идеяның негізі мынадай: Қазақстанды бүкіл әлем халқы үш тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемлекет ретінде тануы керек. Олар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі және ағылшын тілі - жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі.Үштұғырлы тіл өмірлік қажеттіліктен туындаған идея. Қай заманда болсын, бірнеше тілді меңгерген мемлекеттер мен халықтар өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейтіп отырған.Тіл үйрену - ұлтты сыйлау, халықты құрметтеу және өз Отаныңды сүю екені ежелден белгілі ақиқат.
Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді» - деген ескерту айтқан болатын. Дегенмен, «Үш тұғырлы тілдің» мәнін, маңызын, халық пен болашақ ұрпаққа беретін үлкен пайдасын көпшілік ұғына алмауда. «Үш тұғырлы тілдің», шын мәнінде, мемлекеттік тілге мүлде зияны жоқ. Бұл жерде мәселе сол стратегияны, сол саясатты дұрыс жүргізуде, жарқын болашақта нәтижесінің оң болуын қамтамасыз етуде болып отыр.
Бұл мәселеге қатысты сан түрлі пікірлер айтылуда. Қай кезде болмасын, ана тілінің орны әрқашан жоғары болып қала бермек. Жалпы осы мәселеге жан – жақты қараған жөн. Мен өз басым қазіргі уақыттағы білім саласына енгізіліп жатқан өзгерістердің кейбір жерлерімен келісе алмайтындығымды да айтқым келеді. Әсіресе қазақ тілі мен әдебиетін, тарих пен географияны қосып оқытуға үзілді - кесілді қарсымын. Бұл пәндердің әрқайсысының қарастыратын мәселелері де әр түрлі емес пе?! Сонымен қатар сапалы білім беру үшін әр сыныптағы оқушылар санын 15 тен асырмай, мектептердің материалдық базасын толықтырса құба-құп болар еді. Әсіресе мектептерді мультимедиялық тақталармен толық қамтамасыз етсе, білім сапасын арттырудың кепілі болар еді деп ойлаймын.
Тіл - тұтас бір халықтың тарихын, бүгіні мен болашағын мәңгілік жалғап тұратын алтын көпір, адам мен адамды, халық пен халықты түсіністікке шақыратын басты құрал. Елбасы Н.Ә.Назарбаев білім беру жүйесінің алдына қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген, әлеуметтік тұрғыда белсенді, ұтқыр, өзгерістерден қорықпайтын, халық үмітін ақтауға даяр болашақ қазақстандықты тәрбиелеу міндетін қойды. Елбасы атап көрсеткен бұл басымдылықтар білім беру саласындағы барлық қызмет көрсетулер сапасын арттырудың негізгі бағыттарын айқындайды. Сондықтан да, үш тұғырлы тіл саясаты - елдігіміз бен бірлігіміздің тірегі екендігін ұмытпағанымыз жөн.