Ауызбіршілік пен ынтымаққа жетелейтін Междуреченск ауылының Мәдениет үйінде «Құрбылар мекені» атты әдеби- сазды кездесу болып өтті. Шараның мақсаты бүгінгі өскелең ұрпаққа адамгершілік қарым-қатынастарды кеңінен насихаттау, дос, құрбы ұғымдарының бүкіл ұлттық болмысымызды жан-жақты бейнелеп, халқымыздың даналық тұжырымдарына кеңінен тоқталып, тәрбиелік мәнін ұғындыру. Бала жастан тай-құлындай тебісіп, сырласып өскен сырлас құрбылар №16 мектептің ұстаздары - Жумагүл Айтимбетова, Несіпті Алимкулова, сырлас замандас құрбылар: Молотова Мейіржан Молотовна, Байбосынова Бижамал Қасымбекқызы, Отарбаева Нақып Әбдікәрімқызы және де сыйласымы жарасқан құдағи құрбылар: Сәдуақасова Бақтыгүл Кәрібайқызы, Оразмұратова Сәуле Қыдырмұратқызы кештің сәнін келтірді. Кеш қонақтары Іле ауданы Аналар кеңесінің төрайымы Ғалия Нәдірбекова, Междуреченск ауылдық округінің әкім аппаратының бас маманы Иманбеков Бекмырза Ильясұлы, Междуреченск ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Совет Жармағанбетов және де аймақтық Мәдениет үйінің қызметкерлері мен ауыл тұрғындары қатысты. Кеш үш бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде өздерін таныстырса, екінші бөлімде бір-бірін бес саусақтай танитын құрбылар өмірлеріндегі құпияларымен бөлісіп, қызықты күндері жайлы көрермендерге естеліктерін айтып берді. Ал үшінші бөлім ауылдың алты ауызы деп аталып, өз өнерлерін ортаға салды. Залда отырған көрермендер арасынан сұрақтар да қойылып, тұщымды жауап алынды.
Кеште «Көркем» би ансамблі би билеп, Зәуре Жарылқасеновамен Бақыт Кенбаевалар тамылжыта ән салып көрермендердің қошеметіне бөленді. Кеш соңында аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Нәдірбекова Ғалия Нәдірбекқызы өзінің лебізін білдіріп, кешті жақсы деңгейде ұйымдастырылғанын айта кетті. Бұл кеш жастарға тәлім-тәрбие беруде маңызды роль атқарды. Осындай шаралар ауылда жиі болып тұрса, мәдениеттілікті бойымызға сіңіріп ұлт рухы асқақтай берері сөзсіз.

|