Басты  - ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНА – 550 ЖЫЛ
 

 
 
 
ТУЫМ - НАМЫС, ҰРАНЫМ - БІРЛІК, РӘМІЗДЕРІМ - МАҚТАНЫШЫМ! 14.06.2016
   
1992 жылғы маусымның 4-де Тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді - бұл күн ел тарихында жаңа мемлекеттік рәміздер күні ретінде мәңгі есте сақталады. Мемлекеттік рәміздер - мемлекеттің мызғымас негіздерінің бірі. Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран мемлекеттің негізгі рәміздері саналады. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу еліміз әрбір азаматының қасиетті борышы және халықты, тарихты, әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді қастерлеу болып табылады. Тудың ашық көгілдір түсі, Елтаңбаның негізгі бөліктері – шаңырақ пен уықтар, пырақтар, бес жұлдыз, сондай-ақ Әнұранымыздың терең патриоттық мәтіні - осының барлығының мәні елімізге бейбітшілік, келісім және өркендеу тілеуге саяды.
Өткен аптада №24 лицейдің акт залында 4 маусым Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздері күніне орай арнайы іс-шара өтті. Өткізілген іс-шараға мекеме қызметкерлері, мұғалімдер, оқушылар және округ тұрғындары қатысты. Энергетический ауылдық округ әкімінің орынбасары Сәрсенбаева Қаламқас Қойшыбайқызы, «Ұлағатты ұстаз» мәртебесінің иегері №24 лицейдің биология пәнінің мұғалімі Қуанышбекова Гүлнар Кеңесқызы және Кіші Ғылым Академиясының І-дәрежелі дипломның иегері, «Жас тілші» номинациясының үздігі, №24 лицейдің дарынды оқушыларының бірі Лаура Нұрболат сөз сөйлеп, көпшілікті мереке күнімен құттықтады. Сонымен қатар №24 лицейдің оқушысы Әли Болатбек және «Наз» бишілер тобы, мектеп көркемөнерпаздары өз өнерлерін көрсетті. Кештің басты мақсаты халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілерімізді бағалау, қастерлеу және құрметтеу. Аталмыш шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған №24 лицейдің ұжымына алғыс білдіреміз.
Еліміздің, жерімізді, рәміздерімізді, Отанымызды құрметтеуге және патриоттық сезімімізді нығайта түсуге тырысу - ол әрбір азаматтың парызы! Туған жер деген киелі ұғымды әрбір қазақстандық құрмет тұтуға, қастерлеуге міндетті екенін естен шығармауға тиіспіз. Желбіреген аспан түстес байрағымыз халқымыздың арманын асқақтатып, қыран бүркіттей елімізді аспан әлемінде қалықтатып тұр. Бүгінгі Елтаңбамыз ел тарихының тереңінен тамыр тартып, ұлттық рухымызды биіктетіп, шаңырағымыздың беріктігін паш етіп, республикамыздың қанатты тұлпардай ұшқырлығын айғақтап келеді. Ұлттық рухымызды асқақтататын қазақ елінің рәміздерін әрқашан биік ұстайық!