Басты  - ШАҒАЛА ШАЛҚЫҒАН ТАҒДЫРЫ БАР АҚЫН
 

 
 
 
ШАҒАЛА ШАЛҚЫҒАН ТАҒДЫРЫ БАР АҚЫН 13.11.2015

Поэзия әлемінде өзіндік өрнегімен із қалдырған ақиық ақын Нүсіпбек Исахметов ағамыз тірі болса 80 жасқа келер еді. Халқы барда ақынның аты ешқашан өлмейді. Ол кісі 1935 жылы 13 қарашада Алматы облысындағы Ұйғыр ауданының Бөгеті ауылында өмірге келген. Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының тарих-филология факультетін 1959 жылы бітіргенен кейін, еңбек жолын Ұйғыр ауданы, Сүмбе ауылындағы орта мектепте мұғалім болып бастайды. Еңбек етуден ешқашан жалықпаған, нағыз еңбексүйгіш азамат. Кетпен орта мектебінде 1961 жылдан 1966 жылға дейін оқу ісінің меңгерушісі,1966 жылдан 1978 жылға дейін Ынтымақ орта мектебінде, Жаңадәуір ауылындағы №5 орта мектепте директор болып қызмет атқарады. Іле аудандық мәдениет бөлімін 1978 жылдан 1998 жылға дейін басқарды. Еңбек демалысына шықаннан бастап, өмірінің соңғы күндеріне дейін Іле аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болды.
Оның алғашқы өлеңдері мектеп қабырғасында оқып жүргенде «Қазақстан пионері» газетіне жарияланады. Содан бері поэзияның жылылығы жүрегін тербеткен ақын Нүсіпбек Исахметовтың «Тұңғыш», «Ер кезегі», «Раушан гүлдер», «Ақ шағала», «Шағалы шалқар», «Тағдыр» және тағы басқа өлең жинақтары жарық көрді.
Нүсіпбек Исахметов – Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, орта буындағы ой тербеткен ақын. Ол қандай жұмыс атқармасын, өзінің белсендігімен, іскерлігімен көзге түсетін. Білікті басшы, талантты ақын ретінде облыстың барлық мәдени-рухани жұмыстарына белсене араласып, атсалысты. Оның қаламынан 17-ге жуық өлеңдер жинағы жарық көрді. Жырларының тереңдігімен, тақырыптарының ауқымдылығымен оқырмандар арасында сый-құрметке бөленіп.
Бірнеше мәрте ауылдық және аудандық Кеңестердің депутаты болып сайланды. Білім және мәдениет Министрлігінің грамоталарымен марапатталды.
Отбасының, ауыл-аймақтың сыйлы азаматы еді. Қуатты қаламымен жұртшылықты жарқын жырларға бөлеген тіл мен рухымыздың шынайы жанашыры Нүсіпбек Исахметов Қазақстан Республикасының және өзінің ауылының мәдени өміріне мәңгілік ізін қалдырған айбынды азулы ақын.Туған ел мен жерге деген ыстық ықыласы соңғы демі біткенше үзілген емес. Марқұмның әр жылдарда жазған табиғат, адамгершілік, махаббат, туған жер туралы жырлары, достық әзілдері бүгін де жүрегімізде сақтаулы.
Н. Исахметов туралы айтқанда Іле өңірінде жүріп өткен көшелер салынған №13 М.Мақатаевтың мектебі, балабақшасы, кітапхана, мәдениет туралы сөздер жүрегімізде сақтаулы, бет-бейнесі көз алдымызға әрқашанда оралады.
Жас кезімде мен дағы
гөй-гөй едім,
Сіздей-тұғын адамға ей, деп едім.
Соның бәрін, шіркін-ай,
мүмкін болса,
Түзегім кеп кетеді кейде мен.
Жүрдім бірде ыңғайсыз
атақты алып,
Жабысатын шапталып.
Шатақ барып.
Өсетұғын жеріме өрмелемей,
Өшетұғын жерімде тоқтап қалдым, - деп Нүсіпбек Исахметов жырлағандай, өсетұғын жерінде қыр басында тоқтап қалса, бүгінде ұрпақтары шыңға өскен мұнардай еске алуда.
Иә. Ақын өмірде бәрі болар,
Сөзі болар, жерінің әні болар.
Байлығы да, бары да біреу ғана,
Бәйтерегі бас иер - елі болар, - деп ақын өзі жырлағандай, елі болып жұрт болып Н.Исахметов атындағы көше де ашылды. Соның куәсі де болдық. Аудандық кітапханада Н. Исахметовке өзінің жеке ұстаған бұйымдары қойылған Мұражай бұрышы туғанына 80 жас толуына орай ашылды. Бүгін де артында елі-жұрты, оқырманы оралып соғып, қуанып-мұңайғанда, шаттанып-жабырқағанда оқып, мауқын басар, ақын рухымен сырласар жыр дейтін мұқалмас мұрасы қалды.