Қазан айының алғашқы күндері Өтеген батыр кентінде орналасқан аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорт залында «Қазақ хандығының 550 жылдығына» арналған Райымбек батыр жүлдесі үшін қазақ күресінен 1999-2000 жылдары туылған жасөспірімдер арасында республикалық турнир өткізілді. Жарысты ұйымдастырушы аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі. Жарыстың мақсаты Елбасының халыққа арнаған Жолдауларындағы тапсырмаларды, дене шынықтыру мен спортты одан әрі дамытудың мемлекеттік және облыстық бағдарламасын жүзеге асыру, жастар және бұқара халық арасында қазақ күресін кеңінен насихаттап, балуандардың спорттық шеберлігін және дәрежесін арттыру.
Турнирге Қазақстанның 12 облысынан командалар қатысты. Турнирдің ашылу рәсіміне аудан әкімі Медеуов Қыдыркелді Өміржанұлы қатысып, еліміздің барлық өңірден келген спортшыларды айтулы турнирдің ашылуымен құттықтап, осы шараға атсалысып өз үлестерін қосып жүрген азаматтарға алғыс хатын табыс етті.
Жарыстың командалық есеп қорытындысы бойынша І-орынға Алматы облысы командасы, ІІ-орынға Қызылорда облысы командасы, ІІІ-орынға Шымкент командасы ие болды. Жекелей есеп бойынша атап айтсақ, 38 келі салмақ дәрежесінде І-орынды Ә.Тоқтарбай, ІІ-орынды Н.Сатыбалды, ІІІ-орынды Р.Маликжановтар еншіледі. Ал, 42 келі салмақ дәрежесінде І-орынға Ә.Айдарғазин, ІІ-орынға А.Ботанбаев, ІІІ-орынға Н.Дәріпбек ие болса, 51 келі салмақ дәрежесінде І-орынды Ш.Ахметбаев, ІІ-орынды М.Сағындық, ІІІ-орынды Е.Жеңісбаевтар қанжығасына байлады. Сонымен қатар 57 келі салмақ дәрежесінде І-орынды О.Керимов, ІІ-орынды Ш.Рахметоллаев, ІІІ-орынды Ә.Сандибеков алса, 64 келі салмақ дәрежесінде І-орынға Н.Жақсылық, ІІ-орынға Е.Бағаз, ІІІ-орынға Б.Естемес ие болды. Сондай-ақ 81 келі салмақ дәрежесінде І-орынға М.Байжігіт, ІІ-орынға С.Шынтас, ІІІ-орынға М.Кеңес ие болды. 81 келіден жоғары салмақ дәрежесінде І-орын А.Ағыбай, ІІ-орын Ғ.Оңғарбай, ІІІ-орынға А.Аршидиновтердің еншісіне бұйырды.
Жүлделі орынға қол жеткізген спортшылар аудан әкімінің мақтау қағаздарымен, медальдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

|