Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкіршілік болсын. Рамазан он екі айдын сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Ораза - Ислам дінінің негізгі парыздарының бірі: Бұған дәлел Аллах Тағаланың қасиетті Құранда былай делінген: «Ей мұміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді. Бәлкім тақуа боласыңдар» (Бақара сүресі: 183-аят).
Міне, осы аятта айтылғандай ораза тек ислам діні келгеннен кейін ғана парыз болмаған. Ол исламға дейінгі Алла тарапынан кейінгі басқа Пайғамбарлардың діндерінде парыз қылынған, бірақ олардың оразалары исламдағы оразаларынан өзгеше еді. Өзінің жолы мен өзіне тән шариғаты болған. Бұл дегеніміз - Алла осы аяты арқылы оразаны парыз етумен қатар, бізге оразаның өткен ескі ғасырлардан бері адамзаттың бәріне ортақ болған ғибадат екенін хабарлайды. Фәлсәфәлық тұрғыдан қарағанда ислам дініндегі ораза бірнеше мәселелерді қамтиды: Біріншіден: ораза ең әуелі Аллаға мойынсұнумен қатар Алланың әмірін бұлжытпай орындау. Міне, мұсылман адам Аллаға бойұсыну арқылы әрдайым өзінің Алланың құзырында екенін естен шығармайды. Алланың дінін өмірінің ең негізгі нұсқаушысы деп біледі. Екіншіден: Ораза тұтқан мұсылман нәпсісін тыюмен қатар, күнделікті өміріне өзгеріс енгізеді. Ораза ұстамаған адам күнде қай кезде болса ішіп-жей береді. Ораза ұстаған адам, күндіз күн шықаннан бастап кеш батқанға дейін ішіп-жеуден өзін тыяды.
Үшіншіден: Ораза ұстаған адамның денсаулығына да үлкен пайда болатынына да күмән жоқ. Өйткені, адамның денсаулығының жақсы болуына тамақ көп әсер етеді. Тамақты ысырап қылып көп жеу денсаулыққа зиян. Асты мөлшерімен, реттеп ішіп-жеудің ғана пайдасы бар.
Алланың Елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) хадисінде былай деген: «Біз ашыққанға дейін ішпейтін қауымбыз, тамақ ішсек тыңқия тойып ішпейміз». Сонымен қатар, дәрігерлерде көп ауыруды, емдегенде де ашығуды бұйырады. Денсаулығы мықты болғанның рухы да мықты болмақ. Төртіншіден: Ораза адам баласын сабырлық пен тақуалыққа жетелейді: Мұсылманның мінез-құлқын тәрбиелейді. Күннің ұзақтығына қарамастан жан-жағындағы нығметтерден өз еркімен Алланың разылығы үшін бастартады. Тек ішіп-жеуден ғана емес, көп сөйлеумен балағат сөздермен де тыйылу шарт. Шарапаты мен шапағаты көп айда күнәлі істерден бастартып, сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, жаратушының разылығына бөленуге асығайық. Қазіргі таңда Жетіген ауылындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы мешітте игі-шаралар атқарылуда. Мешіт жанындағы медреседе 125-тен астам балалар мен жасөспірімдер діни сауат ашу курсында дәріс алуда. Оған Боралдай кентіндегі медреседе оқитын 3-курс студенттері демалыс кезінде арнайы жолдамамен келіп дәріс беруде. Олар 3-ші курс студенттері Нұрым Мұхаммедали мен Парса Абдурахмандар үзбей дәріс беруде.
|