Басты  - ҚАДІР ТҮННІҢ ҚАСИЕТТЕРІ
 

 
 
 
ҚАДІР ТҮННІҢ ҚАСИЕТТЕРІ
13.07.2015

Құрметті Іле ауданының тұрғындары! Сіздерді Рамазан айымен құттықтаймын! Рамазан айы бәрімізге берекелі де берекетті болсын! Алла Тағалаға мадақтар болсын, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) салауат болсын, сонымен бірге Алла Тағала барлық мұсылмандардың жүректеріне иман беріп, тура жолға бастасын. Бүгінгі тоқталатын тақырып келе жатқан Қадір түніне арналады. Өйткені, Алла тағала Құран Кәрімде осы түн туралы бізге хабар берген, сондықтан бұл түннің қандай ерекшелігі бар екендігі туралы кеңінен тоқталатын боламыз. Бұл түн тек қана осы Рамазан айында болады, сонымен бірге сауабы жағынан бұл түнге сәйкес келетін түн жоқ. Жылына бір рет Рамазан айында келетін қасиетті Қадір түнінің рухани салмағы орасан зор екені көпшілікке аян. Әйтседе, қалың бұқара қасиетті кешті ерекше ілтипат көрсетіп, ұлықтағанымен, Қадір түнінің тарихы мен мән-мағынасына терең үңіле бермейді. Бізден бұрынғы үмметтердің бізге қарағанда әлдеқайда көбірек өмір сүргендігі анық. Мәселен, Зұл-Қарнайын патшаның дәуірінде адамдар бес жүз жыл шамасында өмір сүрген. Сол дәуірлердегі адамдардың арасында мың айды ғибадатпен өткізбесе, өзін құлшылық етуші деп санамайтын кісілер болған. Олар осы мақсатқа жету үшін уақыттарын барынша ғибадат жасаумен өткізген. Ал енді жүз жыл шамасында ғана өмірі бар біздің үммет үшін мынандай мың жылға татырлық түннің нәсіп етілуі Алла Тағаланың мұсылман үмметіне берген үлкен нығметі. Түннің «Қадір» деп аталуының өзінде терең мән бар. Бұл түнде қадірлі үмметке қадірлі Кітабымыз түскен. Үмметтің қадірлі болатындығы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мәңгі сапарға аттанарда, Жәбірейіл періштеден өз үмметі туралы сұрағанда, ол Алла елшісін (с.ғ.с) екі нәрсемен сүйіншілеген болатын. Жәбірейіл періште: «Алла Тағаланың жәннатына Сен кірмейінше ешбір пайғамбар кірмейді және сенің үмметің кірмейінше ешбір үммет жұмаққа кірмейді» деп сүйіншілеген еді. Олай болса, бұл түнде қадірлі үмметтің қадірлі пайғамбарына қасиетті Құран түсті. Алла Тағаланың кәләмі Құран-Кәрімде қасиетті кеш хақында «Қадір» сүресінің бар екені белгілі. Қадыр түні - бүкіл адамзатқа Құран түсе бастаған ерекше қасиетті түн. Араб тіліндегі «қадр» сөзі «мән-маңыз» және «өлшем» деген мағынаны білдіреді. Сонымен қатар бұл сөз «құдырет» мағынаны да қамтиды. Жаратушымыздың өзі «Қадір» сүресінде: 1. «Біз Оны (Құранды) Қадір түні түсірдік. 2. Қадір түнінің не екенін білесің бе? (Аллаһ Тағала білдірмесе) қайдан білесің? 3. Қадір түні мың айдан да артық. 4. Ол түні Аллаһтың рұқсатымен кез-келген іс үшін Рух пен періштелер түседі. 5. (әсіресе ол түнді ғибадатпен өткізгендер үшін) таң атқанға дейін Аллаһтың рақымы мен есендігі жауады», - деп баяндайды. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла Қадір түнін үмбетіме сый ретінде тарту етті, бұл бұрынғы үмбеттерге берілмеген» деп, бұл сыйдың қадірін білуге шақырады. Тағы бір хадисінде: «Кімде-кім сауабын тек қана Аллаһтан күтіп, ықыласпен сол түнді ғибадат жасаумен өткізсе, күнәлары кешіріледі», - дейді. Сондықтан мүмкіндігінше, әрбір пенде Қадір түнінде берілетін сыйдан мақұрым қалмауға тырысуы керек. Ол түнді бос өткізбей, дәрет алып, екі бас болса да намаз оқып, Алла Тағаланың шексіз мейірімінен шын жүректен сұрап, дұға еткен жөн. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Басқа уақыттарда әрбір жақсылықтың сауабы он есе болса, ережеп айында жүзден асады. Шағбанда үш жүзден асып, Рамазанда мың есеге артады, жұма түндері мың еседен асып, Қадір түнінде отыз мыңға дейін жетеді», - деген. Тағы бір хадисте: «Рамазан айы бойынша ақшам және таң намазын жамағатпен оқыған адам Қадір түнінен көп несібе алады», - деген. Рамазан айында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) : «Рамазан айы келді. Бұл қасиетті бір ай. Бұл айда ауыз бекітуді Алла сіздерге парыз қылды. Бұл айда жұмақ есіктері ашылып, тамұқ есіктері жабылады. Шайтандар шідерленеді. Бұл айдың сондай бір түні бар мың айдан да қайырлы. Бұл түннің шарапатынан мақұрым қалған - шынында мақұрым қалған саналады» деп бұйырған. Сондай-ақ, Бұхари мен Мүслімнің шығармаларында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мынандай хадис-шарифі баян етіледі: «Кім Қадір түнін иман және ықыласпен құлшылық жасап өткізсе, бүкіл күнәлары кешіріледі». Бұл қасиетті түнді құлшылықпен өткізген мұсылманға, періштелердің салауат айтып, оған бейбіт өмірді тілейтіндігі хақында, Сайд ибн Мансур және өзгеде ғұламалар мынандай риуаятты жеткізеді: «Бұл түн - бейбітшілік түні. Бұл түні шайтанның жамандық жасауға қауқары жетпейді. Бұл түні барлық істер белгіленеді (тағдыр жазылады) және рызықтар беріледі». Шынында да мың айдан да қайырлы болған Қадір түнінің мүмкіндігінен мақұрым қалу, мына беу дүниеде ертеңгі күнгі ақырет үшін ешбір рухани азық жинамай, ондағы есеп күні иллаһи шуақтан құр алақан қалу деген сөз. Байыбына бара білгенге, Хақ-Тағаланың бір түндік құлшылықты мың айдан астам уақыттық құлшылыққа теңестіруі, Оның адам баласына деген ерекше мейірімділігі болатын. Тамұқтың есіктерін тас бекітіп, жұмақтың қақпасын айқара ашып, бізді жай күндері арбайтын шайтанды шідерлеп, бір түндік ғибадатты мың айлық құлшылыққа балап, мәңгілік жасыл бақ жаннатта жаның жай тапсын деп, қол бұлғап шақырып тұрған Алла Тағаланы қалайша ерекше мейірімді демейсің. Бұл шуағы мол мейірімнен құр алақан қалған, шынында да мәңгілік бақыттан құр алақан қалды деген сөз. Қадір түніне қатысты мынадай бірнеше маңызды деректер айтылып жүр:
1. Құран Кәрім толық күйінде «Ләухул Махфуздан» дүние көгіне, Бәйтул Иззәтқа Қадір түні түскен. Бұл – адамзат үшін өте маңызды оқиға.
2. Бұл түнгі ғибадат – құлшылық мың айда жасалған құлшылықтан артық.
3. Алла Тағала адамдардың тағдырындағы келесі жылы болатын жазмыштарды періштелеріне бұйырады. Абдуллах ибни Аббас (р.а.) және Имам Әбул-Хаттаб әл-Басридің айтуынша, бұл түні келесі жылға дейін болатын әр түрлі маңызды оқиғалар туралы Алла тағаланың тағдыры періштелеріне аян болады.
4. Имам Сәһл ибн Абдуллах: «Алла Тағала бұл түні мүмкін құлдарына рахымын төгіп, кешірім сыйлайды», – дейді.
5. Бұл түні Рух (Жәбірейіл періште) мен көптеген періштелер жер бетіне түседі. Имам Хамд ибн Ахмад: «Бұл түні жер бетіне түскен періштелердің көптігі сонша - жер беті періштелерге сыймай кетеді» деп көрсеткен. Қадір түнін қалай өткізген жөн? Алла Тағала адам баласын тек қана өзіне құлшылық етсін деп жаратқаны хақ. Сондықтан мұсылмандар күнделікті өмірлерін құлшылықпен өткізуге тырысады. Олай болса, мың түннен қайырлы бұл түнде түрлі құлшылықтар жасап, нәпіл және қаза намаздарын оқып, Құран оқып, тәубе етіп, кешірім тілеп, өзіміз және басқалар үшін дұға жасауға болады. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім Қадір түнін артықшылығына сеніп, Алла Тағаладан сауап күтіп, құлшылықпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі». (Бұхари, Қадір, 1);
Айша анамыз Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Уа, Алланың елшісі, Қадір түнінде қандай дұға жасайын» деп сұрағанда, Расулуллаһ (с.а.с.): «Алаһуммә иннәкә афуун, түхиббүл афуа, фағфу анни (Алла Тағалам, Сен кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, менің күнәларымды кешіре гөр!)» деп дұға етуге кеңес берді.
Сондай-ақ, бұл түнді рухани дүниемізді байытатын діни кітаптар оқып, діни сауаттылығымызды арттыруға бағытталатын бейнефильмдер мен бағдарламаларды көрумен өткізуге де болады. Арабшадағы «Қадр» сөзі қадірін білу деген мағынаны да қамтиды. Олай болса, қадірім артсын десеңіз, бұл түннің қадірін біліңіз. Бұл түні таң ағарып атқанға дейін Алла тағаланың мейірімі төгіліп тұрады. Қадір түнінің күндізін де бейне кеш секілді өткізу ләзім. Осылай болған болса, мүбәрак түннің рухтарға төккен шұғыласы сіңімді болып, жүректің қақ төрінен орын алары сөзсіз. Бұл Қадір түнінің құрметіне Раббымыздан бүкіл исі бүтін мұсылмандардың күнәларының кешірілуін тілеуіміз керек. Қадір түнінің жақсылыққа мұрындық болуын, достық пен бауырмашылдықты арттырып, ислам әлемінің біртұтастығын және күллі адамзатты апаттардан сақта деп тілеуіміз шарт. Иә, шынында да Қадір түні атына заты сай, адамзат баласының келешегі үшін аса қадірлі һәм маңызды. Хақ-Тағала адам баласына шайтанның арбауына тез көндігетін нәпсіні беріп сынап, өзінің аса мейірімділігімен бұл тығырықтан сытылып шығатын даңғыл жолды да меңзеген. Ол даңғыл жол қасиетті Қадір түні тәубеге келіп, ынта-ықласымен кешірім сұрап, жан-тәнімен Хаққа жалбарынып, болашағына зор үміт артып, Тәңірінің дәрғағына жасыл бақ жаннатқа жол тарту жолы. Лайым, осы жол - барша адамзатқа нәсіп болғай! Құрметті мұсылман қауым, ұстаған оразаларымызды, оқыған тарауық намаздарымызды Алла Тағала қабыл етсін. Қадір түні - 26-27-не қараған рамазан айы. Ал мелади жыл санауы бойынша 13-14 шілдеге қараған түн.