Басты  - АСЫЛ ЕРЛЕРДІ ҰРПАҚТАРЫ ҰМЫТПАЙДЫ ЕШҚАШАН
 

 
 
 
АСЫЛ ЕРЛЕРДІ ҰРПАҚТАРЫ ҰМЫТПАЙДЫ ЕШҚАШАН
13.05.2015

Ауданымызда Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына орай Қоянқұс ауылындағы №1 орта мектептің ауласында, Жаңаталап ауылының орталығында, Ынтымақ ауылындағы №30 орта мектептің ауласына ескерткіш тақта орнатылып, Боралдай кенті мен Энергетический, КазЦИК, Ащыбұлақ, Жетіген, Күрті, Боралдай, Междуреченск, Чапай, Байсерке ауылдық округтерінің орталығындағы ескерткіштерге қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп, тақтадағы ардагерлердің тізімдері жаңартылып, толықтырылды.
Ауданы бойынша 34 ардагеріміз бар. Ерліктің жалауын желбіреткен әрбір ардагерлердің есімі ақ мәрмәрға қашалып жазылды. Ұлы Отан соғысында қаза болған боздақтардың құрметіне мемориалдық тақта орнату аудан әкімі Медеуов Қыдыркелді Өміржанұлының мұрындық болуымен, ауылдық Кеңес мүшелерінің, ауыл ақсақалдарының, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлері ұрпақтарының атсалысуының нәтижесінде қолға алынды. Осындай игі істерге ауыл тұрғындары да қолдарынан келгенше араласып, ескерткіш маңын тазалауға құлшына кірісті. Деректерге сүйенсек, қаралы жылдары Іле өңірінен 35 000 мыңға жуық адам сұрапыл соғысқа аттанған екен. Соның тең жартысы із-түссіз кеткен. Негізі бастаушы күш ардагерлердің артта қалған ұрпақтары. Ондағы мақсат – Отан қорғау жолында ерлікпен қаза тапқан батырлардың есімін өскелең ұрпаққа өнеге ету. Ескерткіштің ашылу салтанатынан кейін елі үшін қаза тапқан боздақтардың рухына құран бағышталып, арнайы ас берілді. Осы атқарылған ауқымды жұмыстардың басы-қасында жүрген ұйымдастырушылардың бірі аудандық ақсақалдар Кеңесінің төрағасы Исаев Әмзе Әлдибекұлы: - Ұлы Отан соғысына қатысқан азаматтардың ұрпақтарын қолға алып, осындай үлкен ескерткіш ашып жатырмыз. Келешек жастарға үлгі болсын деп ойладық. Қазір өткенді еске алып, тарихты жаңартатын кезең келді, - деді ол бізбен әңгімесінде.
Ауылдың ортасында орнатылған еңселі ескерткіштер сол ауылдағы ең қастерлі орын болып саналады. Осы ескерткіштер арқылы Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан мен тылда Жеңіс үшін жаумен айқасқан ардагерлеріміздің ерлік пен өнегеге толы өмірі өскелең ұрпаққа үлгі етілмек.
- Бұл ауылдарда атқарылып жатырған жұмыстар көпке үлгі, көңілге қуаныш ұялатады. Осындай игі істер арқылы біздер еліміздің жас, өскелең ұрпақтарының бойында патриоттық сезімді қалыптастыра аламыз. Оларға тарихты танытамыз. Елдің қалыптасуын терең түсіндіреміз. Осындай жұмыстар әрі қарай да жалғасын тапса құба-құп, - дейді мереке қарсаңында ескерткіштердің ашылуында болған аудан әкімі Медеуов Қыдыркелді Өміржанұлы.
Алаш тарихында ғана емес әлем тарихында есімдерін ерлікпен аманат еткен аталарымыз бен апаларымыздың, бабалардың аруағына деген перзенттік парызын терең түсінген ел азаматтары қоғамдық кеңес мүшелері жаңаталаптық Нәзира Жолдыбаева, Ынтымақ ауылынан Жұматай Ноғайбаев, Әли ауылынан Юрий Мегай, Ынтымақ ауылынан Бахытгүл Әзімбай секілді қоғамдық Кеңес мүшелері батырлардың ерлік рухы мен тарихын ұлықтау мақсатында руханияттық шараларды биік дәрежеде атқарды. Ауыл азаматтарының басын қосып бір жұдырыққа түйе білді. Елдің бірлігі мен ірілігін көрсетті. Кешегі ерлікпен жан тапсырған ата-бабаларының абыройын өздерінің игі қадамдарымен асқақтатты. Текті ұрпақтан екенін іспен көрсетті. Мереке барысында аудан әкімінің арнайы марапат қағазына ие болды.
Газетіміздің өткен санында хабарлағандай аудан әкімі Медеуов Қыдыркелді Өміржанұлының ұйымдастыруымен аудан ардагерлері мен тыл еңбеккерлері Алматы қаласындағы 28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағына гүл шоқтарын қойып, шейіт болған майдангерлерді еске алды. Бұдан соң Өтеген батыр кентіндегі «Нұржаусын» мейрамханасында салтанатты шара өткізіліп, ақ дастархан жайылып, ардагерлерге сый-сияпат жасалды. Осы игі-шараға «Болашақ» базис қоғамдық бірлестігінің әлеуметтік бағдарламасы бойынша «Филип Моррис Қазақстан» акционерлік қоғамы қаржылық демеушілік көрсетті. Аталмыш қоғамдық бірлестік он жылдан бері осындай игілікті іспен айналысуда.