Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. «Бірлік бар жерде - тірлік бар», - дейді біздің халық. Дана жұрт мұны тегіннен-тегін айта салмаса керек. Ел бірлігі - ең асыл қасиет. Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық ең алдымен өзімізге, қазақтарға керек, - деп көрегенділікпен айтқан.
Елбасымыз айтқандай, біз сияқты көпұлтты мемлекеттің даму болашағының бір көзі - Қазақстан халықтарының бірлігі. Еліміздің басты қорғаушы күші – қоғамдық келісім мен этносаралық үйлесімді сақтау – қазақ елінің алдында тұрған басты міндет.
Қазақстан халықтары Ассамблеясының құрылымы аясында біз саяси тұрақтылықты, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтай алдық. Қазақстан халықтары Ассамблеясының стратегиясы арқылы тұрақтылықты сақтап, кең ауқымды әлеуметтік және саяси жаңартуларды бастадық. Қазіргі таңда Қазақстан халықтарының Ассамблеясы – ұйымдық құрылым ғана емес, ол біздің өміріміздің ажырамас бөлігі, біздің тыныштығымыз бен бірлігіміздің белгісі. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең маңызды байлығымыз. Ұлтаралық татулық арқасында бүгінде еліміз тыныш, жұртымыз аман. Осы берекеміз бен бірлігіміз, татулығымыз арта берсін. Қазіргі таңда 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бір тудың, бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Барлығымыз туған жердің төсінде, құшағын жайған бейбіт елдің ішінде ел бірлігін сақтауға атсалысайық! Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жариялағаны баршамызға аян. Айтулы жыл мызғымас бірлігі мен тірлігі жарасып, татулығын ту еткен еліміздегі ең белді институттардың бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толуына тұспа-тұс келіп отыр. Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету – барша қазақстандықтардың парызы мен борышы. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ. Тәуелсіздік тұғырын әрқашан биік ұстайық! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, бірлігіміз одан әрі жарассын! Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі – біздің еліміздің ең басты байлығы. Бірлігімізді ардақтай білейік!
|