Басты  - Тұлпарды тайынан танысақ
 

 
 
 
Тұлпарды тайынан танысақ
13.02.2015
Арулардың бас иіп өрлігіне,
Әркез биік ұсындық төрді, міне.
Құдайым қазағымды жаратпаған,
Қыздарының кенде ғып ерлігіне!
 

Тарихымызда өшпес ерліктің даңқын қалдырған қыздарымыз қаншама!
2000 жылдары болу керек, аулада топ бала асық атып ойнап жатты. Топ ұл баланың ішінде ашаң өңді, алтын асықтай қыз бала да сақасын үйіріп, ұлдардан еш қалыспай, ойын қызығымен болып жатты. Қызықтай қарап біраз қарап қалыппын. Одан бері талай жыл өтті. Сол бір сақасын үйірген алтын асықтай қыздың қазақ елінің көк байрағын көкке көтеріп, әнұранын әлем алдында шырқатарын кім білген. Бұл қыз кім дейсіздер ғой. Бұл Жетіген ауылы, №11 орта мектептің түлегі – Назым Қызайбай болатын. Назым 6 сыныпқа дейін біздің мектепте оқып, кейін Алматыдағы Олимпиадалық резервтегі дарынды балаларға арналған Республикалық мектеп-интернатында тәлім алды. Спорт мектебінде оқып жүргенде-ақ 6 рет Қазақстан чемпионы, 2 рет әлем чемпионының жүлдегері атанды. Назым – Қазақстан бойынша қыздар арасындағы бокстан тұңғыш чемпион. 2014 жылғы Кореяда өткен VIII әлем чемпионатында ең жеңіл салмақты Назым әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Қарсыласын 3:0 есебімен ұтып, алтын медальды иеленді. Назымның өнеріне әлем сүйсінді. Төрешілер бірауыздан жеңісті қазақ қызына берді. Назым екінші рет әлем чемпионатында жүлдегер болып отыр, екі жыл бұрын қола медаль иегері атанды. Назымның ең алғашқы бапкері – Болат Қанапияұлы Рахимов. Назымды 2-3 жылдай боксқа баулап, әртүрлі турнирларға қатыстырып, жүлделі орындарды иеленді. Тұлпарларды тайынан тани білген ұстаз Болат Қанапияұлы Рахимовтың Назымнан басқа да даңқты шәкірттері бар, солардың бірі – Айдос Отарбаев – дзюдошы, әлемдік жастар арасындағы спорт шебері. Қазір Шымкент қаласында аға бапкер. Ал Руслан Серікбол ережесіз жекпе-жектен Алаш Прайдқа қатысып, І-орынды иеленді. Болат Рахимовтың өзі грек-рим күресінен спорт шеберлігіне кандидат, боксшы. «Қараша үйде туылған баланың хан алдына шықпасын кім біліпті» – дегендей Назымды әлем жұртшылығы таныды. Кеш барысында ауылдық емхананың бас аспазы Алтынай апай бастаған ақ жаулықты аналар Назымның құрметіне шашу шашса, ауыл ақсақалдары Оразхан, Мұрат атайлар ақ баталарын берді. Оқушылар жырдан шашу шашып, музыка пәні мұғалімі Ұ.Күлкееваның жетекшілігімен әсем ән шырқалса, дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің ұйымдастыруымен бокстан мектеп чемпиондары спорттық көріністер көрсетті. Мектеп психологы Ә.Рахимованың спорт, денсаулық жайлы баяндамасы тыңдалды. Мектеп басшысы Г.С.Альменова, дене шынықтыру пәні мұғалімдері бірлестігінің жетекшісі Ж.Бұхарбаев, «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі М.Сембиева, ішкі саясат бөлімінің маманы Ж.Қасымханова, мәдениет саласының ұйымдастырушысы А.Татаровалар ізгі тілектерін білдіріп, ата-анасымен Назымға құрмет көрсетіп, сый-сыяпаттарын жасап, гүл шоқтарын ұсынды. Назымның ата-анасы да ризашылықтарын білдірді. Көрермендерге Назымның спорттағы жетістіктері жайлы деректі фильм көрсетіліп, оқушылар өздерін қызықтыратын сұрақтарына нақты жауап алды. Әлем чемпионы Назым оқушылар мен жанкүйерлеріне қолтаңбасын берді. Қазіргі таңда Назым – спорт және туризм академиясының 3-курс студенті.
Кешті ұйымдастырушылар кітапхана меңгерушісі Қарлығаш Бұхарбекова, психолог маман Әсия Рахимова және демеушілік көмек көрсетіп, кештің өз мәнінде өтуіне атсалысқан ауыл әкімшілігі жанындағы мамандар А.Татарова, Ж.Қасымханова, М.Сембиевалар болды. Әрбір сәтті қалт жібермей суретке түсірген фото тілшіміз Бақыт Махамбетке үлкен алғыс білдіреміз. Жеңіс пен жетістік – ауыр да тынымсыз еңбек, төгілген тер, өз ісіне деген сүйіспеншілікпен келеді. Назымға 2016 жылы, өтетін Олимпиадада Олимп шыңын бағындыруына тілек білдіріп, асығың әрдайым алшысынан түссін дейміз.