Өткен аптада Ақши ауылында Алматы қаласындағы Қазавтожол Ұлттық Компаниясы акционерлік қоғамының, аудандық сәулет және қала құрлысы бөлімінің қатысуымен келелі жиын өтті. Ақшиліктер «Орталық-оңтүстік» автомобиль жолының қайта жаңартылуы бойынша «Астана – Қарағанды – Балқаш – Күрті – Қапшағай - Алматы» дәлізінің техникалық – экономикалық жобасымен танысты. Оған Ақши ауылының әкімі Д. Өгізбаев пен ауыл тұрғындары және аталмыш дәліз кесіп өтетін учаскелерге қатысы бар шаруа қожалық иелері қатысты. Негізгі мәселе мәні осы жолдың 227.2 шақырымын алып жатқан Бурылбайтал-Күрті трассасы маңында өрбіді.
Алдымен слайд ретінде жолдың ұзындығын және қандай құрылыс материалдарын қолданатыны жайлы түсіндірді. Түсіндіру жұмысын Қазавтожол Ұлттық Компаниясының жетекші инженері Айда Нұрхамытова жүргізді. Жиында жергілікті тұрғындардың сұрағына аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Еркін Нұрқасымов толық жауап беріп отырды.
Аталмыш жол 1960 жылдан бері елге қызмет етіп келеді. Соңғы күрделі жөндеу аттай елу жыл бұрын жасалған екен. Еліміздің көксегесі көгеріп, керегесі кеңейген шақта жақын шет елдермен аралас-құралас сауда саттықты дамыту барысында жолды заманға сай жасау қайта қолға алынды. Енді Қапшағай жақтан Астана мен Қарағандыға ағылған жұрт Алматы шаһарына соқпай-ақ тікелей Күрті ауылдық округі арқылы өтетін болады.
Бас қосуда «КДП» жауапкерлігі шектеулі серіктестігінің бас маманы, эколог Лина Артюхина «Сіздердің жерлеріңіздің жолға кеткен тұстары үшін үкімет арқылы шығыны төленеді. Біз жол жиектерін жарықтандырып, замануи талапқа сай аббаттандырамыз. Сіздерге ешқандай зияны тимейді» - деді. Жаңа тас жол бойында ары-бері мал көшуге арналған жол асты өткелдері де қарастырылғанын мамандар басып айтты.
Мамандар «Күрті - Бурылбайтал» тас жолы 2016-2018 жылға салынады деп жоспарлануда. |