Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің білім беру ісін басты назарда ұстап, ел болашағы – білімді ұрпақ қолында екенін әрдайым айтады. «100 нақты қадам» бағдарламасында жас ұрпаққа әлемдік стандарттарға сай білім беру міндеті қойылған. Аудан басшылығы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасын іс жүзінде орындап, жаңа оқу орындарын ашып, оқушылардың заман талабына сай білім алулары үшін барлық жағдайды жасап отыр. Биылғы жаңа оқу жылында Комсомол ауылындағы №31 мектеп пайдалануға берілді. Бұл мектептің нысанын оқу жылы басталмай тұрып облыс әкімі Баталов Амандық Ғаббасұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әлихан Тойбаев, аудан әкімі Медеуов Қыдыркелді Өміржанұлы аралап, құрылыс сапасымен танысып, дайындығын жоғары бағалап, пайдалануға рұқсат берген болатын.
Аталмыш мектеп жаңа оқу жылында пайдалануға берілді. Балалардың сыйымдылығы 450 орындық болатын мектептің құрылыс жұмыстарын «КазВоенпроект» ЖСШ-і жүргізді.
Бүгінгі таңда орта мектептің жаңа ғимараты ауылдың ажары болып тұр. Комсомол ауылының балалары енді заманауи үлгідегі жаңа мектепте білім алатын болды. Мұнда балаларға толығымен жағдай жасалған. Заман талабына сай компьютер және арнайы пәндік кабинеттермен, интерактивтік тақтамен, екі зертханалық кабинетпен жабдықталған. Білім ошағында мультимедиалық, лингафондық кабинет, кітапхана, спорт және акт залы, асханасы бар. Ал, жаңа оқу жылын жаңа мектепте қарсы алған ұстаздар жас ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беруде жауапкершілікпен еңбек ететіндіктерін жеткізді.
Иә, жаңа қоныстың қуанышы ұстаздарды да ата-аналар мен оқушыларды да, ерекше шырайландырып, мектеп бөлмелері көңілді дауыстарға толды. Ұстаз бен шәкірт аттанар білім жолы табысты болсын!

|