Басты  - ЕЛДІКТІҢ НЕГІЗІ БІРЛІКТЕ
 

 
 
 
ЕЛДІКТІҢ НЕГІЗІ БІРЛІКТЕ 12.10.2015
Кезінде Ақши ауылы Күрті ауданының орталығы ретінде ажарлы да айшықты, сәулетті де дәулетті мекен болған. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңындағы өңірлерді оңтайландыру барысында бұл аудан үшке бөлініп кеткен-ді. Соның салдарынан айналасы бірер жылда мұндағы тұрғындардың көңілдері жабырқап, ауыл кәдімгідей жүдеп қалды. Жұмыс іздеген халықтың көбі жан-жаққа бытырап, үйлер қаңырап, көптеген ғимараттар талқандалған кездер де болды. Алайда, Күрті ауылдық округінің әкімшілігі өз жұмысын мақсаткерлікпен жүйелі түрде жүргізіп, көңілі құлазыған жандарға демеу болып, сол жерде қалған тұрғындардың жүрегіне үміт отын ұялатып оларды берекелі бірлікке, ынтымақты тірлікке жұмылдыра білді. Ауылда қалған тұрғындардың өз кәсіптерін ашуларына жағдай жасалынды. Шаруа қожалықтарына облыс басшылығы тарапынан пайызсыз несие беріліп, егістік көлемінің арттырылуына, мал басының көбейтілуіне мүмкіндік туғызылды. Шағын және орта кәсіпкерлік дамытыла бастады. Облыс, аудан, ауыл әкімдерінің ауылды гүлдендіру бағытында жүргізілген жұмыстары өз нәтижесін берді. Бүгінде сонау 1997-98 жылдармен салыстырғанда Ақши көркейіп, көріктенген. Жолдар жөнделіп, жарық тартылып, бірнеше жылдарға созылған ауыз су мәселесі шешілген.
- «Жол картасы», «Кәсіпкерлік-2020» бағдарламалары аясында мұнда үлкен жұмыстар тындырылды», - дейді бізбен әңгімесінде Күрті ауылдық округінің әкімі Даниал Рақымбайұлы Өгізбаев. - Жаңа шағын кәсіпорындар ашылып, қосымша жұмыс орындары пайда болды. Бүгінде мұнда 225 шаруа қожалығы,7 қоғамдық тамақтандыру орны, 24 сауда орындары, 1 шеберхана, 2 дәріхана, 3 шаштараз жұмыс істейді. Жалпы, округ бойынша 1596 адам орта және шағын кәсіпкерлікпен айналысып, өздерін жұмыспен қамтамасыз етуде. Мұның сыртында кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты Сыдық Әбуұлы Дәулетовтың шұбат зауыты 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. Түйе сүтінен өндірілетін шұбат, балқаймақ, ірімшік, құрт сияқты өнімдер бүкіл республикада сатылады. Үстіміздегі жылы жаңа наубайхана іске қосылып, қосымша 5 адамға жұмыс орнын ашты.
Күрті округі ауылшаруашылықты аймақ болған соң, мұнда осы бағыттағы мемлекеттік бағдарламаларды жүйелі жүзеге асыру жақсы жолға қойылған. Айталық, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 50 ірі қараға арналған қора, 300 басқа арналған бордақылау алаңын салу жоспарлануда. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 500 бас қой, «Құлан» бағдарламасы аясында 20 бас жылқы сатып алынбақшы. Бүгінде «Бақ дәулет» несие серіктестігі арқылы Н.Аблаевтың шаруа қожалығы 7,5 миллион, А.Омаровтың шаруа қожылығы 10,0 миллион теңге несие алып, оған сиыр мен қой сатып алды.
Өзінің халыққа арнаған Жолдауында ел Президенті Н.Ә.Назарбаев суды үнемді пайдалану және интенсивті технологияны енгізу есебіненг егістік алқабын ұлғайту, одан алынатын өнімді көбейтуді ұсынды. Осыған байланысты мұнда егістікті технологияға сай күтіп-баптау, оның көлемін арттыру мақсатында жоспарлы түрде жұмыс жүргізілуде. Бүгінде мұнда 281729 гектар ауылшаруашылығы жері болса, оның 6446 гектары егістік, 2414 гектары суармалы жер. Егістікпен айналысушылар бақша дақылдарын, көкөніс, жүгері егеді. Осылайша, ауылдың малшылары мен егіншілері үкімет тарапынан көрсетілген қолдау мен көмектің арқасында өнім өндіріп,оның пайдасын көруде. Ауылда еңбектенген адамдардың тұрмысы жақсарып, ырыстары артуда.
Ақши ауылындағы екі орта мектепте оқушылардың жан-жақты білім алуына барлық мүмкіндік туғызылған. Мектептерде пән бойынша арнайы кабинеттер, шеберхана, спорт залы бар. Сыныптар интерактивті тақтамен жабдықталынған. Екі мектепте мыңнан астам бала білім алуда. Үстіміздегі жылы осы оқу орындарына ағамды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мұғалімдердің еңбегі үшін де барлық жағдай жасалынған. Мектептердегі бокс, күрес, тоғызқұмалақ, футбол үйірмелері тұрақты түрде жұмыс жасап, оқушылардың әр түрлі спорттық сайыстарға қатысуына ықпал етеді. Мәселен, №8 орта мектептің биылғы түлегі Балауса Мұздиман бокстан өткен жасөспірім қыздар арасындағы додада әлем чемпионаты атанды.
Мектеп оқушылары мен жастардың бос уақыттарын тиімді өткізуде «Достар» балалар мен жасөспірімдер клубы үлкен жұмыс атқаруда. Ауылдың 70 баласы осы клубтың әр түрлі үйірмелеріне қатысады. Олардың арасында облыстық, аудандық байқауларға тұрақты түрде қатысып, жеңімпаз атанып жүрген жастар көптеп саналады.
Дегенмен, білім саласында шешуін таппаған мәселе де жоқ емес. Ол - балабақшаның жоқтығы. Бүгінде аудан әкімдігі осы ауылда балабақша салуды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта бақша мәселесі де шешіліп қалар.
Тұрғындардың денсаулығын қорғау, оларға дер кезінде алғашқы көмек көрсету мәселесімен 15 төсекке арналған аурухана айналысады. Мұндағы өкпе ауруларын емдейтін аумақтық аурухана да талапқа сай қажетті медициналық құралдармен жабдықталынған. Ауруханада маман кадрлардың жетіспеушілігі біраз қиындық тудыруда. Кадр жоқ болған соң зейнет жасындағы адамдар жұмыс істеуде.
Елбасымыздың «Ұлт жоспары: 100 нақты қадам» бағдарламасында жергілікті өзін-өзі басқару жайына айрықша назар аударылған. Бұл ретте Күрті округі әкімшілігіне қоғамдық Кеңес үлкен қолғабыс жасауда. 7 топтан тұратын қоғамдық кеңес пен көше комитеттері ауылдың барлық мәселесіне тікелей араласып, билік пен қоғам арасындағы алтын көпір болып отыр. Ауыл тазалығынан бастап, жолдардың жөнделуі, жарықтың жануы көршілер арасындағы ұсақ дау-дамай сияқты мәселелерге қоғамдық кеңес жіті бақылау жасайды. Осы ауылда бұзақылық пен құқық бұзушылықтың болмауы да осы кеңес жұмысының нәтижесі. Бұдан басқа қоғамдық кеңес Наурыз, Ұлы Жеңіс, тағы басқа да айтулы даталарда, айт мейрамдарында қайырымдылық шараларына белсене қатысып, мерекенің көңілді болуына үлес қосады.
Бұл ауылдың мәдениеті аудан бойынша алдыңғы орындардың бірінде десек, қателесе қоймаспыз. Гүлнар Ахметбаева басқаратын «Сарытауқұм» халық театрының жетістігі облысқа жақсы мәлім. Мұның сыртында әжелер ансамблі тағы бар. Осы екі өнер ұжымы ынтымағы жарасқан,берекелі ауыл тұрғындарына мәдени қызмет көрсетеді. Барлық мәдени шараларға қатысып, жерлестерін ән мен күйге сусындатып, тамаша бимен, мазмұнды қойылымдармен қызықтырып жүрген ауыл өзнерпаздары әр түрлі деңгейдегі өнер сайыстарының жеңімпазы атануда. Түрлі әдеби кездесулер, тақырыптық кештер, пікірталастар осындағы екі кітапханада өтеді. Мұнда қазір 33,0 мың дана кітап қоры бар.
Аудан орталығынан шалғай жатса да, Күрті ауылдық округі замана көшінен қалыс қалған емес. Тұрғындардың әл-ауқатын, тыныс-тіршілігін қалт жібермей қадағалап отырған округ әкімдігінің жұмысы қай кезде болмасын қызып жатады. Округтің ішкі-сыртқы шаруаларымен қатар тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдап, олармен жиын өткізіп, көкейтесті мәселелерді ақылдаса шешеді. «Әкім бол, халыққа жақын» бол деген аталы сөзге мән беретін округ басшысы Даниал Рақымбайұлы Елбасының, облыс, аудан әкімдерінің саясатын жергілікті жерде ойдағыдай жүзеге асыру жолында бар мүмкіндігі мен білімін, біліктілігін жұмасауда. Ол қай кезде болсын Елбасының жергілікті атқарушы органдарға қойған нақты тапсырмаларын басшылыққа алып, мемлекеттік маңызы бар бағдарламалар аясында жұмысын ұйымдастырады. Жұмыс бар жерде тәртіптің де, бірліктің де болатындығын жақсы біледі.