Басты  - ЖАНДАНДЫРУ ЖОЛЫНДА
 

 
 
 
ЖАНДАНДЫРУ ЖОЛЫНДА 12.08.2015
Ауданымызда 2011-2015 жылдарға арналған «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру жобасы» аясында мал шаруашылығын дамыту мақсатында «Сыбаға» бағдарламасы жұмыс істейді. Сапалы ет өндіру және оның мөлшерін көбейту бағытында мал бордақылау алаңдарын салу жоспарланып, ол біртіндеп жүзеге асуда. Айталық, бүгінде 9 шаруашылық «Сыбаға» бағдарламасымен 1740 бас ірі қара мал сатып алды және 2 шаруашылық 800 басқа арналған мал бордақылау алаңын салды.
Ел Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлт жоспары. 100 нақты қадам» бағдарламасының 60, 61 қадамдарында ет, сүт өндірісін дұрыс жолға қою, шикізат базасын дамыту, өндірілген өнімдерді экспортқа шығару мәселесі айрықша атап өтілген. Бұл міндетті орындауға біздің ауданның шаруа қожалықтары жұмыла кірісуде. Етті мал шаруашылығын дамыту бойынша ірі қара мал тұқымын түрлендіру жұмыстары қолға алынды. Атап айтсақ, бұл жобаға бүгінгі күні 35 шаруашылық қатысып, 2199 аналық бас 83 бас асыл тұқымды бұқамен түрлендірілуде.
Бұл дегеніміз ірі қара малдың генетикалық тұқымы өзгеріп, аналық мал басының тұқымы жақсарады. Яғни, мал басының саны өсіп, мал өнімдерінің әлеуетін жақсартуға көп ықпалын тигізеді.
Ауданға 2015 жылға 96 тонна экспортқа ет өткізу тапсырмасы берілген. Бүгінде осы тапсырманы орындау барысында «Изобилие», «Империя Фуд» ЖШС-мен ет өткізуге келіссөздер жүргізіліп жұмыстар ұйымдастырылып жатыр.
Ондағы жаңа заманауи технология арқылы ет өндірудің экспорттық әлеуетін дамыту жөніндегі жобаны жүзеге асыруда.