Басты  - ЖАҢА СТАНДАРТТАР ӨМІР ТАЛАБЫ
 

 
 
 
ЖАҢА СТАНДАРТТАР ӨМІР ТАЛАБЫ 12.08.2015
Елбасымыз қай Жолдауында болмасын, ең негізгі фактор ретінде адам өміріне, оның денсаулығына, білім алуына, әлеуметтік қолдауға ие болуына баса назар аударып келеді. Осы жылы «Ұлт жоспары. 5 бағыт және 100 бағыт» бағдарламасында 2011-2020 жылдары білім саласы жүйесін жаңғырту жан-жақты қарастырылған. Біз ұрпағымызды, болашағымызды тәрбиелеу жолында мемлекетіміздің білім саясатын басшылыққа ала отырып, жүктелген міндеттерді атқарып келеміз.
Оқушы бұрын тек тыңдаушы болса, енді ізденуші, ойланушы, өз ойын дәлелдеуші, ал мұғалім - осы әрекетке бағыттаушы, ұйымдастырушы. «Еліміздің тағдыры жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында», - деді бір сөзінде Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев.
Ауданымыз үшін алдағы жылдары үлкен табысты болғалы тұр. Әлі де болса үш ауысымды орта мектептердің мәселесі шешіліп жаңа білім орындары салынуда.
Мысалы, қатарымызға қосылғалы тұрған Комсомол ауылындағы жаңа мектеп пен Өтеген батыр кентіндегі 1200 мектеп-лицейімізде оқыту стандарттарының жаңарған әдісі бойынша оқыту қолға алынбақшы. Онда ұстаздар заманауи технологиямен жұмыс жасайтын болады.
Елімізде жүзеге асырылып жатқан реформаларды жетілдіре отырып, мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейін адам капиталының сапасын көтеру қажет. Елбасы ұсынған «100 нақты қадамдағы» негізгі бағыттардың бірі - осы. Бұл орайда алдымызда оқытудың жаңа стандарттарын енгізу, білікті мамандар даярлау және білім беру секторының экспорттық әлеуетін арттыру міндеті тұр. Мұндай ауқымды істерді жүзеге асыруға ұстаздар қауымы мүдделі.
76-шы қадамда 12 жылдық білім беруді кезең-кезеңімен енгізу, мектептегі оқыту стандарттарын жаңарту, табысты мектептерді ынталандыру, ал, 79-шы қадамда жоғары сыныптар мен жоғары оқу орындарында ағылшын тілін кезең-кезеңмен оқыту туралы айтылған. «100 нақты қадамды» - Қазақстанның жарқын болашағының кепілі деп білемін.