Өткен аптада Байсерке ауылындағы «Самал» кафесінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай «Жас Толқын» аулалық клубы өзінің жылдық есеп беру концертін өткізді. Біз аталмыш аулалық клубы «Болашақ» қоғамдық бірлестігінің мұрындық болуымен құрылғанын бұрындары жазып та, айтып та жүрміз.
Міне, бүгінде талай-талай дарынды, талантты жас өркеннің көзін ашып, болашағына бағдар көрсетіп келеді. «Жас толқын» аулалық клубынан тәрбиеленіп шыққан әрбір жастың оң қолынан өнер тамған, ән айтса жанын салып айтатын, би билесе мың бұрала билейтін, өнердің сан қырын үйреніп шығуда. Осы бір үрдісті елге таныстыру мақсатында әр округтегі балалар клубы жылына бір рет өзіне ұнаған тақырыпты таңдап алып, оны әдемілеп нақышына келтіре қорғап шығады.
Жас толқындықтар «Қазақ елінде халықаралық достық» атты таңдап алған тақырыбының мән-мағынасын аша білді. Асыр салып, есепті кештерінің шырайын келтіріп жүрген жастолқындықтардың жүзінде шаттық, көздерінде от, бойларынан жігер мен дарынның тасып тұрғанын көрдік. Олардың «Ах, Самара - городок», немістің полькасы, өзбек биі, серіктесіп билейтін кадриль билері керемет көрініс тапты.
Бірінен-бірі өткен өнерлі балалар әлемнің жеті тілінде ән айтып, күйсандықтың құлағында ойнады. Айтпақшы «Жас толқын» жасөспірімдер мен балалар клубының ерекшелігі бұл жерде Райса Ростургуева сынды білікті мамандардың күйсандықта ойнай білетін балалары көптігінде. Олар классикалық шығармаларды орындауға үйреніп жүр. Одан қалса Альбина Манфова балаларға би үйретсе, Айнұр Ғаниқызы вокалды ән сабағынан ұстаздық етеді. Ән айтқан балалардың дауыс тембрінен ешқандай жаңылысуларын таппадық. Олар мейлі шет ел әндерінен құралған поппури айтсын, не қазақтың халық әндерін шырқасын, құлағыңның құрышын қандырады. Күйсандықты да әдемі меңгеріп алған. Онда 2 сынып оқушылары Ақнұр Бекқал мен Юрий Трусовтар ойнады. Аулалық клубтар қолөнерсіз болмайды. Ал «Жас толқында» тоқсанға жуық бала Некрасова Валентна Алексеевнадан қолөнер бұйымдарын жасауды үйренеді. Әрбір жасаған кішкентай туындылары үлкен мағынаға ие.
Әрине, жылдар бойы жасалған жұмыстар тек бір жетекшінің қолынан келе бермейді. Бұл туралы «Жас толқын» жасөспірімдер мен балалар клубының жетекшісі Темірғалиева Гүлжан Әбілбейсқызы: «Біздің клубтың жылдан-жылға жандануына, гүлденуіне балалармен қатар сырттан көмек қолын созған азаматтардың да еңбегі бар. Олардың қамқорлығынсыз ешқандай да жасаған істерімізді халық алдында көрсете алмас едік. Алдағы уақытта да осы жеткен жетістігімізбен тоқтап қалмаймыз. Жаңа әндер үйреніп, қолөнер бұйымдарын жаңартамыз», – деді.
Кеш көңілді өтіп, соңында жақсы өнер көрсеткен жастолқындықтарға округ әкімшілігі тарапынан мадақтама қағаз тапсырылып, ыстық лебіздерін танытты.
Осы кештің өтуіне үлкен септігін тигізіп, демеушілік көрсеткен Байсерке ауылдық округінің әкімі Серікжан Ерекешевке, округ әкімінің орынбасары Асхат Қажиевке, кәсіпкер Амур Болатхановичке, қоғамдық Кеңес мүшесі Белякова Галина Тереньтевнаға, «Самал» кафесінің меңгерушісі Самал Букумбаеваға «Жас толқын» жасөспірімдер мен балалар клубының ұжымы шын жүректен алғыс айтады.

|