Атаулы күнде ауданның барлық елді-мекендерінде қайырымдылық акциялары, мерекелік концерттер, ардагер апаларымызды марапаттау шаралары ұйымдастырылды.
Соның бірі Комсомол ауылындағы кәсіпкер Әлия Оксукбаева басқарып отырған «Әлия» тойханасында округ әкімдігі мен кәсіпкерлер және қоғамдық Кеңес мүшелерінің ұйымдастыруымен кеш өтті. Аталмыш шараға Комсомол ауылындағы тылда қызмет жасаған аналар мен ардагер ұстаздар қатысты. Аналарымыз жастарға адамгершілік пен еңбек жолдары тақырыбында сөз қозғады. Кеш барысында округ әкімі Серік Исаұлы Күзембаев «КазЦИК округіндегі азаматтар қашанда өзінің ауызбіршілігімен танылған. Қазірде сол үрдісінен жаңылмай көктемнің алғашқы мерекесі аналар күнімен шын жүректен құттықтаймыз» - деді. Одан кейін жиналғандарды округтің болашақтағы жоспарларымен таныстырды.
Бұл күні оларға қандай мақтау, нендей теңеулер мен жүрек жарды ақ тілектер айтылса да жарасымды еді. Өз кезектерінде жиналғандар атынан өнегелі ұстаздар Баян Топарқызы мен Айман Нұрова тағы басқалар сөз сөйлеп, округ басшылығына алғыстарын білдіріп, ізгі тілектерін жолдады. Мерекелік көңіл-күйдің әсерінен ортаға шығып ән салып, би де биледі. Аналарымыз бен аяулы аруларымызға арналып, мерекелік дастархан жайылып, сый-сияпат жасалды.
|