Басты  - БОЛАШАҚҚА БАСТАР ЖОЛ

 
 
 
БОЛАШАҚҚА БАСТАР ЖОЛ
12.02.2015
Баршамызға белгілі, 2014 жылдың 11 қарашасында ұлтының болашағы үшін ұлы жүкті өзіне аманат етіп жүктеген Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты жарқын болашақтың бағдаршамы болып табылатын, жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жариялады. Елбасы осы Жолдауды жариялай отырып, өзінің стратегиялық көрегендігін тағы да паш етті. Жолдауда Елбасы әлемдегі ахуалды түбегейлі өзгертетін жаһандық сынақтар күтіп тұрғанын айта келе, қауіп-қатерлердің алдын алу мақсатында қолда бар ресурстарды, тетіктер мен мүмкіндіктерді пайдалануды алға тартты.
Елбасы 2008 жылы әлемдік дағдарыстың басталған тұсында индустрияландыру бағдарламасын қолға алды. Халық қазір оның жемісін көруде. Сол кезеңдегі мемлекет басшысының ұтымды саясатының арқасында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы кейінге құлдырамай, алысқа шапты, оза шапты, жаңа өндіріс орындары ашылып, Қазақстанда бұрын-соңды болмаған тауарлар өндірілуде.
Бүкілхалықтық мерекеге айналған елеулі кезеңдерді бірліктің, ынтымақтың тойы ретінде атап өту - қалыптасқан дәстүріміз. Биылғы жылы үлкен мерейтойларға куә болғалы тұрмыз. Қазақ елі мемлекеттігінің құрылғанына 550 жыл толады. Қазақстанның жаңа тарихында ерекше орын алып отырған, тұрақтылық пен келісімді сақтайтын ұлттар достығының құтты шаңырағына айналған. Қазақстан халқы Ассамблеясының өмірге келгеніне және еліміздің іргесі – Конституциямызды қабылдағанымызға 20 жыл толып отыр. Сонымен қатар, аға ұрпақ өкілдері қанымен, жанымен үлес қосқан Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өту, сол арқылы ардагерлерге шынайы құрмет көрсету бүгінгі бейбіт кезең ұрпақтарының азаматтық парызы екені анық.
«Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі табыстарға жеттік», - деді Елбасы.
Президент жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы жолға айналдыру ұлы мақсатымыз екенін айтты. Осы мұратқа бізді тек қана ынтымақ пен бірлік және қажырлы еңбек жеткізетіні белгілі. Мәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі.
Нұрлы Жолда бірлігіміз бекемдеп, Мәңгілік Елге, келешекке деген сеніміміз арта берсін!