Басты - ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУДА ҚАРЫМДЫ ІС БІТІРГЕН ПАРТИЯ
 

 
 
 
ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУДА ҚАРЫМДЫ ІС БІТІРГЕН ПАРТИЯ  

  Апта ортасында Междуреченск ауылындағы Мәдениет үйінде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ХVІ есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Конференцияны аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы Қыдыркелді Өміржанұлы Медеуов ашып жүргізді. Есеп беру- сайлау конференциясының жұмысына «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары С.Н.Әбдіқадыров қатысты. Конференцияға бастауыш партиялық ұйымдардың 150 делегаты, сондай-ақ жергілікті атқарушы және өкілетті органдардың басшылары, қоғамдық саяси ұйымдардың, ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Конференцияның күн тәртібінде келесі сұрақтар қаралды: Партияның Іле аудандық филиалы Саяси кеңесінің 2013-2014 жылдардағы атқарған жұмысы туралы, Партияның Іле аудандық филиалы Саяси кеңесінің мүшелерін сайлау, Алматы облыстық филиалының ХIV есеп беру-сайлау конференциясына делегаттар сайлау сияқты маңызды тақырыптар қозғалды.
Мұнда «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалия Матанқызы Аманова баяндама жасады. Ол көбінесе қоғамдық қабылдау мен партияның он екі бағыт бойынша ұйымдастырылған жұмыстарын ашып айтты.
Ол өз сөзінде «Бүгінгі таңда партияның қоғамдық қабылдаулары жеке адамның билік органдармен мүдделі қарым-қатынастарын реттеуге бағытталған құрал болып табылып, оның жұмысына үлкен мән беріліп отыр. Қазіргі таңда қоғамдық қабылдаудың электрондық қабылдау түрі де жүзеге асырылуда. Кез-келген азамат электрондық қабылдау арқылы өзінің өтінішін бере алады. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандардың өтініштері басты назарда болуы керек. Сол мақсатта аудандық филиал аудандық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесе отырып, әр сәрсенбі күні қабылдау ұйымдастырып отырады. 2014 жылдың 1 қарашасына жеке мәселелері бойынша қоғамдық қабылдауға өтініш білдіргендер саны барлығы 328 адам болды. Қабылдау барысында жазбаша - 51, ауызша - 217, электронды қоғамдық қабылдау бойынша - 27, телефон арқылы - 33 өтініш түсті. Сондай-ақ, 15 көшпелі қоғамдық қабылдау өткізіліп, оған 300-дей адам қатысты. Қоғамдық қабылдау арқылы адамдардың өтініштерін дер кезінде қарап, оң шешілуіне ықпал етіп отыру әрқашан бақылауда тұр», - деді.
Артынша Чапай ауылдық округі қоғамдық кеңесінің төрағасы, партия белсендісі Орынбасар Ахметқанұлы Атамбаев, аудандық орталық аурухананың директоры, орталық аурухана партия тобының төрайымы Бақытгүл Ескендірқызы Тұрсынмұратова, Күрті ауылдық округі әкімінің орынбасары, Күрті бастауыш партия ұйымының хатшысы Максим Жұмамұратов, «Прогресс» политехникалық колледжінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Жанна Тілеубекқызы Телпекбаева, «Жас Отан» Жастар Қанатының атқарушы хатшысы, Саяси кеңес мүшесі Жандос Бақбергенұлы Тәттімбетовтер сөз сөйледі.
Жарыссөзден кейін «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалының ХІV есеп беру-сайлау конференциясына Іле аудандық партия ұйымынан ұсынылған 30 делегат бірауыздан сайланды.
Конференцияда сөз алған «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары С.Н.Әбдіқадыров «Іле аудандық партия филиалының құрылымына тоқталсақ, жұмыстарын өте керемет орындап, абыроймен атқарып келе жатыр. Мысалы ауданда 14 бастауыш партия ұйымы бар. Партия мүшелерінің сандық көрсеткіші - 11 176 адамды құрайды. 2014 жылы 1 қарашаға дейін партия қатарына 254 партия мүшесі қабылданған. Бүгінгі күнге дейін аудандық филиалға 10 805 дана жаңа үлгідегі партиялық билеттер түсіп, партия мүшелеріне табыс етіліпті. Осылайша Іле ауданы облыс бойынша алғашқы орынға шықты. Екінші орын Еңбекшіқазақ ауданы, үшінші орын Талдықорған қаласы», - деді. Одан ары қарай партияның жұмыстарын жаңғыртудағы жұмыстары ерен еңбектері үшін жекеленген тұлғаларды атап айтты.
Жиын соңында барлығы бірден «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының Саяси кеңесінің есептік кезеңдегі жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады.
Конференцияда баяндама жасаған «Нұр Отан» партиясы Іле аудандық филиалы төрағасының орынбасары Ғ.М. Аманованың сөзі газеттің келесі санында жарияланады.