Алматы облысы Іле ауданына «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» инфрақұрылымын дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында жұмыс сапарымен «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Садық Әбдіқадыров келіп, «Ұлттық қордан» бөлінген қаржы есебінен салынып жатқан бірнеше әлеуметтік нысан құрылыстарын аралап, танысты.
Нысандарды аралауға Іле аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Р.Абилова, облыстық мәслихат депутаты Ж.Телпекбаева, аудандық мәслихат депутаттары В.Син, Ш.Қағазбаева және аудандық құрылыс бөлімінің қызметкері қатысты.
Нұротандықтар алдымен Боралдай кентіндегі 600 орындықты құрылысы жаңа басталған орта мектепте болып, құрылыстың аяқталу мерзімін, сапасын, қанша адам жұмыспен қамтылғанын және тағы басқа мәліметтерімен танысты. Әрине, Боралдай кентіне қарасты Жаңа құрылыс елді мекенінде инженерлік тараптардың жоқтығынан құрылысты жүргізу біраз тығырыққа тіреген көрінеді. Бірақ маманның өз ісіне аса жауапкершілікпен және кәсіпқойлығының нәтижесінде су мен жарықты 5 шақырымнан болса да тартып, жұмыстың қарқынын тоқтатпаған.
«Мектептің құрылысына жыл аяғына дейін Ұлттық қордан 450 млн теңге бөлінген. Қазір аталмыш қаржының тең жартысы бөлініп, игерілуде. 78 адам жұмысқа тартылды оның ішінде 10 адам жергілікті тұрғын. Құрылыс жұмыстарын 2016 жылы 1 қыркүйегінде аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз», - дейді құрылыс нысанының басшысы Арман Орманов.
Комисия мүшелері аялдаған келесі нысан Жәпек батыр ауылындағы 600 орындықты орта мектеп құрылысы. Құрылыс мердігері «Tolagai» ЖШС жергілікті 21 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл компанияға Ұлттық қордан жыл аяғына дейін 493 млн теңге көлемінде қаржыны игеру жоспарланған.
«Бұл құрылыста су тапшылығы жоқ, 200 метр тереңдіктен су ұңғымасын қазып, содан таза мөлдір ауыз суын емін еркін пайдаланып отырмыз. Жаңа мектеп өзіне қажетті барлық заманауи материалдық-техникалық базаны қамтитын болады», -деді «Тolagai» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қаржы директоры Самат Тұрғынбеков.
Бұл екі нысанда да ауылда арнайы құрылған қоғамдық кеңес пен аудандық мәслихат депутаттарының қадағалауы мен қаржыны толық игеруге және орнымен жұмсауға барлық ықыластары аударылған.
Алматы облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Садық Нұрсапаұлы атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беріп, осы екпіндерін үдете түсуге нақты тапсырмалар берді. |