«Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдау алыс-жақын шет мемлекеттердің басшылары мен дағдарыс кезеңіндегі Қазақстанның әрбір басқан қадамын жіті бақылап отырған саясаткерлердің талқысына түсті. Әлем назарын өзіне аудартқан Қазақстан Көшбасшысы еліміздің барлық салалары бойынша дамудың және әлемдік дағдарыстан алып шығудың стратегиялық бағытын жария еткен еді. Мұның бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік саясаттағы орнын айқындай түсті. Президенттің жыл сайынғы Жолдауларының қайсысын алып қарасақ та, стратегиялық маңыздылығы мен белгілі бір мерзім ішінде нақты міндеттер мен мәселелердің шешілуін қамтамасыз етуге бағытталғанын көреміз. Жаңа Жолдау да осындай сипатымен ерекшеленіп, бәрімізді «Нұрлы жолға» жұмылдырып отыр. Жасампаздыққа жетелеген осы «Нұрлы жол» табыстарымызға ұйытқы болып, еліміздің еңсесін биіктетіп, ғаламдық өркениет өрісіне шығармақ. Жолдауда мемлекет басшысы барша адамзат баласының алдында тұрған күрделі мәселелерді саралай келе, өткен жылдардағы дағдарыстың бүгінгі күнге дейінгі салқыны мен ел экономикасына тигізіп отырған залалынан елімізді аман-есен алып өтудің стратегиялық жолын көрсетті. Мемлекеттің алға даму межесін тоқтатпауға арналған тың шешімдер қабылдады.
«Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты жаңа бағдарлама Мәңгілік ел идеясының жалғасы сынды. Екеуі де ұлтаралық келісімді, бірлік пен ынтымақты сақтап, тағаттылыққа тәрбиелеу жұмыстарын жетілдіру арқылы Қазақстан халқының тұрмыс-жағдайын жақсартуды көздейді. Осының барлығы елімізді жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
«Нұрлы жол» – барша қазақстандықтардың өміріне, болашағына қатысты құжат. Ертеңгі бағытын, жүретін соқпағын, даму мұратын алдын ала анық айқындай білген кез-келген елдің жетістіктеріне тарихтың өзі куә бола алады.
«Нұрлы жолдағы» мақсат-мұратқа жету үшін атқарылуға тиісті іс-шаралардың бәрі де ең әуелі халқымыздың санасына терең сіңірілуі керек. Сонда әркімнің ел алдындағы, өз ұлты мен болашақ алдындағы жауапкершілігі де арта түседі. Ал жауапкершілікпен атқарылған әр іс өзінің оң нәтижесін бермек. |