Басты  - ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНА – 550 ЖЫЛ
 

 
 
 
ҰЛТ ПЕН ҰЛЫСТАРДЫ ҰЙЫСТЫРАТЫН, ӨТКІР ДЕ ҰТҚЫР ИДЕЯ 11.03.2016

Елбасы - халқын шын сүйетін, перзенттік парызына адал, елін бірлік пен ынтымаққа ұйытумен келе жатқан тұлға. Мұның ерекше мәні бар. Себебі, тұрақтылықты өз дамуының негізі етіп алмаған елдің болашағы да бұлыңғыр болатыны айдан анық. Елбасы ұсынған 5 институционалдық реформа жалпы жұрттық деңгейде бірден қолдау тауып, халықтық реформа деген лайықты атқа ие болды. Бұл жаңа Ұлт жоспарының көкжиегі кең, маңызы мен нәтижесі орасан зор екенін айғақтайды. Қазақ елінің күн санап көркейіп, дамып келе жатқаны ақиқат. Елбасының реформалық бағдары және оның орындалу жолындағы тиянақты 100 қадамы еліміздің өсіп-өркендеуінің тездеткіш себепкері. Осы жүйелі жоспарда мемлекет тарапынан халықтың рухани-мәдени дамуына да баса назар аударылған.
Бұл бір жағынан, «Қазақстан-2050» стратегиясын тиімді әрі нәтижелі жүзеге асырудың маңызды бір тетігі болса, екінші жағынан Ата Заңымызда жария етілген құқықтық мемлекет құрудың негізгі ұстанымы болып табылады. Бұл - еліміздің экономикалық тұрғыда табысты дамуының бірден-бір кепілі және Қазақстанда толыққанды нарықтық экономика қалыптасқанын және мемлекеттік саясатта, сондай-ақ экономиканың басты қағидалары заң тұрғысынан қорғалатынын білдіреді. Кез-келген салада - құқық қорғау, экономика, әлеуметтік, білім беру, кәсіпкерлік және тағы басқа салаларда заңдармен белгіленген құқықтық тәртіп орныққан. Сол тәртіпті сақтау заң үстемдігі қағидасынан бастау алады. Президентіміз заңның үстемдігін қамтамасыз ету дегенде оның осы қырына назар аударды. Өйткені, Қазақстанның бүгінгі даму кезеңінде шағын және орта бизнесті дамыту, азаматтарымыздың іскерлік бастамаларына қолдау көрсету табысты дамуымыздың кепілі ретінде қарастырылады. Тәуелсіз Қазақстан бүгінде өзінің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының жаңа деңгейіне көтерілді. Ендеше, заңдарды қолдану, орындау жүйесі де осыған сай болуы керек.