Өткен аптада Боралдай ауылдық кітапханасында Іле аудандық кітапханасының ұйымдастыруымен «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында қазақтың біртуар азаматтарының бірі І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы бойынша «Тарихи шығармалар көшбасшысы» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті.
Аталған іс-шараға Іле аудандық кітапхана директоры М.Жәбиева бастаған округтердегі кітапхана меңгерушілері, Боралдай кентіндегі кітапхана мен №39 гимназияда орналасқан балалар кітапханасының оқырмандары қатысты. Дөңгелек үстелді М.Жәбиева І.Есенберлиннің өмірі мен шығармашылығын таныстырумен ашты. Аудандық кітапхана меңгерушісі Қ.Бұдұғұлова дайындаған «Ұлт мақтанышы» атты роликті тамашалап, әрі қарай қітапхана саласында талай жылдар қызмет атқарып жүрген Қ.Сейтенова, С.Абилкасова, Г.Кармысова, Б.Шамиева, Ж.Мұңайтбасова, М.Мағзұмовалардың баяндамаларынан І.Есеберлиннің өмірі, шығармашылығымен терең таныстық. Сонымен қатар «Көшпенділер» тарихи трилогиясының қалай дүниеге келгенін, оның ең алғашқы жазылған бөлімі «Қаһар», одан кейін «Алмас қылыш», соңғысы «Жанталас» екенін танып білдік. Бүгінде тоғызыншы рет өтіп отырған акция Ілияс Есенберлин – қазақ халқының сан ғасырғы тарихын көркем тілмен бейнелеп, қазақ елінің әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан үздік қаламгер екенін сипаттады. Өз естеліктерінде «Көшпенділерді» жазғандағы себебін: «...қазақ халықының өткенінің тарихи анықтығы, оның мемлекет болып құрылуын батылдықпен бейнелеп көрсету. Ең бастысы, бұл роман шаманизм философиясына қарсы қойылған. Көшпенді халықтар тарихтарынан айырылған сияқты. «Көшпенділер» - әр түрлі бұрмалауларға тура жауап. Қазақтың өз мемлекеті болған және біздің тарих өте көне әлемдік тарихтың бір бөлігі болып табылады» - деп жан сырын ашқаны атап өтілді.
Осындай, әсіресе тарихи тақырыптарда дөңгелек үстел, семинарлар келешек ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде маңызы зор деп білеміз. Қазақтың біртуар азаматтары мен азаматшаларының ел үшін атқарған ерен еңбектерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу - біздің басты міндеттеріміздің бірі екенін ұмытпайық.
|