Басты  - МЕН БӘРІБІР ӨЗІҢМЕН БІР БОЛАМЫН
 

 
 
 
МЕН БӘРІБІР ӨЗІҢМЕН БІР БОЛАМЫН
11.02.2015
Жылдағы дәстүр бойынша Байсерке ауылындағы №12 орта мектепте аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Менің Мұқағалиым» атты ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай VII-і аудандық мүшәйрасы өтті. Қай кезде де тойдың болғанынан боладысы қызық болған ғой. Жас ақынжанды ұстаздарымыз бен оқушыларымыз бұл кешті асыға күтті. Мүшәйра биыл төрт бөлімнен тұрды. Алғашқысы өзін-өзі таныстыру, одан кейін мен ескерткіш қоямын асыл аға, ақынның поэзия мен поэмаларына жол берілді. Қорытындысы ақиық ақынның өміріне қатысты сұрақ-жауаппен аяқталды. Ақынның рухын тербетіп, халқының бақыты жолына арнаған өмірі мен мәдениетін көтеру, халық арасынан шыққан ерекше дарынды жастарды іздеп табу. Осы мақсаттар жолында өткізілген сайысқа 14-24 жас аралығындағы ауданымыздың әр түкпіріндегі аузымен от ораған ақынжанды жастар қатысты. Әр округ өздерінің үкілеп алып келген ақындарынан зор үміт күтті. Атап айтсақ, Ащыбұлақ округіндегі №20 орта мектептен келген ұстаз Арнұр Жолдығалиева сахнаға шыққанда-ақ, алғашқы орынға ұсынылды. Бірақ әділқазы алқасы тым асыққанын үшінші бөлімде білдік. Қарапайым сұрақтарға жауап бере алмай қалды. Әйтпесе арыны қатты ұстаз “Сәби ана” өлеңін оқығанда таң қалдырды. Екінші үміткер қараойлық №18 орта мектептің оқушысы Аяжан Чакиртова болды. Ол айтқан өлеңдер елді елең еткізді. Сыршыл өлең жолдары оны өз бейнесінен тым алысқа алып кеткенін байқадық. Оның ішкі бітімі, мың иірім көңіл-күйімен, нәзік сыры мен сылқым сезімінен өріліп жасалғанын көрдік. Дегенмен ол оқушы да соңғы сұрақ-жауап бөлімінен сүрінді. Оның есесіне №41 орта мектептен келген оқушы қыз, ақшилік Айгерім Дастанованың бойынан оқыған жырларынан адамның аса терең, әрі нәзік ашылатын ішкі сыры, мінез-құлқынан жан-тынысының айырықша әсем айшықтарын байқадық. Тек жоғарыда аталған екі қыз да сахналық киім киіп шыққанда нұр-үстіне нұр болар еді.
Жанын жырға бөлеген жігіттер де қатысты. Көбісі бір күндік жаратуы келіспеген тайбурылдай бірінің бабы келсе бағы жанбай, бағы жанса бабы келмей жатты. Жылдағы әдеті бойынша Междуреченск округі дарынды жастарды алып келуден танбады. Гагарин мектебінен келген Нұрлыбек Аққуанов та өзін жақсы көрсетті. Бірақ таңдауға келгенде сәттілік кемесі жетігендік ақын қызымызға бұрылды.
Әр жылдың талғамы әртүрлі. Жеңімпаздары да бір-біріне ұқсамайды. Биылғы бас жүлдені жетігендік жыршы қыз Гүлмайра Базарбек алды. Сахнадағы шалқып-толқыған көңіл-күйі арқылы, таза, терең тербелген телегей сезімі арқылы жасалған қойылымдары тереңдегі сезімді оята білді. Гүлмайра қызымыз облысқа жолдама алатын болды.
Осылайша оңымыздан айымыз жарқырап, солымыздан жұлдызымыз туды. Бүгінгі жастар жырына үңілсек, оның өсу барысын көп тұстарынан байқауға болады. Шығармаларындағы уақыт пен кеңістік ауқымы да уақыт өткен сайын кеңейіп келеді. Болашақта да сәні мен әні жарасқан жастарды көреміз деген сеніммен
 
 тарадық.