Ащыбұлақ ауылдық округіндегі Түймебаев ауылындағы №19 орта мектептің акт залына кіргенімізде сахна төріндегі «1 Желтоқсан – Тұңғыш Президент күні» деген айшықты жазуға бірден көзіміз түсті. Мерекелік жиынға келген жастар жағы көк ту бейнеленген жалаушаларымен бұлғап, кеуделерін қуаныш сезімі кернеп отырғандарын көрдік. Зал лық толған. Сахнаның оң жағына ығысқан слайдта Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бейнесі және жүріп еткен еңбек жолдары көрсетіліп жатты. Баяу музыка үні жаныңды жадыратады. Бір-бірін «Тұңғыш Президент күні құтты болсын!», «Мерекелеріңізбен!», - деп құттықтап жатыр. Біз өткен жылы ғана тойланған Тұңғыш Президент күні мерекесінің халықтық мерекеге айналғанына куә болдық.
Бұл мереке кім-кімді болмасын толғандырары анық. Өйткені, қазақ елінің, оның Президентінің дүниежүзілік аренада алатын орнының айшықты ерекше екенін бүгінде күллі әлем мойындап отыр. «Егемен елдің ұлы басшысы» атымен болған салтанатты жиын қарашаның 28-де Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған еді.
Алғашқы құттықтау сөз округ әкімі М.Кәрібаевқа берілді. Ауыл әкімі тұрғындарды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесімен құттықтап, сөз сөйледі. Жарыссөзге шыққандар қатарында аудандық мәслихат депутаты Ш. Қағазбаева, ауылдық ақсақалдар Кеңесінің мүшесі, ардагер ұстаз Ж.Бейсенбек ақсақал, «Нұр Отан» партиясы Ащыбұлақ ауылдық округіндегі бастауыш партиясының төрағасы Ә. Қасымов болды. Олар бірауыздан Елбасымыздың салиқалы саясатының нәтижесінде тәуелсіз қазақ елі қалыптасқанын, осы Егемендігіміз арқасында тарихымыз түгенделіп, тіліміз, дініміз қайта оралып, мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданғанын, Президентіміз әрқашан осындай жарқын істердің шыңынан табылып, халқын артынан ергізе бергенін, Ұлт Көшбасшысының өмір жолы, ғылыми әрі саяси ізденістері туралы кеңінен сөз айтылды.
Округ көлемінде Тұңғыш Президент күніне байланысты салтанатты жиын округ көлеміндегі №19, №20, №4 орта мектептердің ұстаздары мен оқушыларынан құрылған көркемөнерпаздар концертіне ұласты.

|