Естеріңізде болса алдыңғы нөмірлерімізде қымыз бен шұбат хоффесті қашан жасаймыз деген ұсыныс білдірген едік. Енді міне, сол мейрамның ауылы алыс емес. Хоффест - фестиваль деген ұғымнан шыққан. Ұлттық сусындарды ұлықтау мен соған қатысты фестивальды қолдап, отандық өнімді өркендетуді ақшилік кәсіпкеріміз Дәулет Сыдық мырза шындап қолға алған жайы бар.
Осы бір бастаманың әңгімесі мынада. Биыл ғана Өтеген батыр кентінің орталық көшесі арбат стилінде өзгеретіні жайлы аудан әкімдігі хабарлап өтегендіктерді құлақтандырған болатын. Онда сауда және ойын-сауық, қызмет көрсету орталықтары ашылады деген жоспары бар. Арбат өз кезегінде аудан халқының бас қосатын жеріне және сауданың емін-еркін жүргізуіне мүмкіндік береді. Өйткені, дәл осындай көшелер өркендеген барлық елдерде бар. Міне, сол ел аузындағы арбаттың алғашқы қарлығашы болып жұмыртқадай әппақ ақ шаңқан қазақ үй тұрғызылды. Облысымыз бойынша қазақтың түйе сүтін өндіретін "Дәулет Бекет" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аудан орталығынан қазақтың киіз үйі тәріздес дәмхана ашты. Мұндай дәмхана жалпы облысымыз бойынша үшінші рет қолға алынып отыр. Бәрімізге түйеші ретінде танымал кәсіпкер Сыдық Дәулет ең алғаш Талдықорған қаласында, одан кейін көршілес Қарасай ауданында шұбатхана ашып, кәсібін өрге домалатты. Енді ілелік тұрғындар мен аудан қонақтары кез-келген уақытта Өтеген батыр кенті, Титов көшесінде орналасқан шұбатханаға барып, ұлттық сусынға шөлін қандыра алады.
Шұбатхананың ашылуына арнайы атбасын бұрған аудан әкімі Қыдыркелді Өміржанұлы Медеуов «Бұл шұбатхана тек қарын тойдырудың ғана емес, сондай-ақ ұлттық құндылықтың да орталығына айналуы керек. Шұбатхана шағын мұражайдың да қызметін атқарып, мұнда қазақи ою-өрнек пен ұлттық тұрмыстық заттарды, қолөнер бұйымдарын көбейткен жөн» - деген ұсынысын білдірді.
Кәсіпкер өзінің бастамасы туралы «Қазір қай сусынды алып қарасаң да консерванттарға толы ғой. Ал шұбат табиғи жолмен өндіріледі. 5 мыңға жуық түйеміз бар. Онда 100-ден артық адам жұмыс жасайды. Күніне 5 тонна шұбат өнімі өндіріледі. Шұбат – шипалы сусын. Барлық жастағы адамға жиі қолданып тұруына кеңес беремін. Сонымен қатар алдағы уақытта құрт, балқаймақ, қазы, ет сияқты ұлттық тағамдарды сатуды жолға қоямыз. Сонымен бірге салт-дәстүрлерімізді де насихаттайтын боламыз», - деп ағынан жарылды.
Шынында да шұбатхананың тек тамақтанатын орын ғана емес, ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптейтін орталыққа айналатындығына бар мүмкіндік жасалған. Ғимараттың іші түскиізбен көмкеріліп, ұлттық ою-өрнегі бар алаша, текемет оның сәнін асырып тұрғандай. Қазақтың ертеде қолданған бұйымдары, тұрмыстық заттары көздің жауын алғандай. Осындай берекелі де мерекелі дәмханада құрсақ шашу, шілдехана, бесікке салу, тұсау кесу, тілашар, тоқым қағу, құда күту сияқты дәстүрлі мерекелерді неге өткізбеске?...
Ұлттық құндылық демекші кәсіпкер Сыдық Дәулет келесі жылы Байсерке ауылдық округі, Ынтымақ ауылының жанынан этноауыл ұйымдастырмақшы. Этноауыл шетелден келген туристер мен қарапайым халыққа да қол жетімді болатынын, ол жерде тек қазақтың ата-дәстүрі мен салт жоралғылары үздіксіз көрсетілетінін айтты.
Шұбатхананың бал шұбатынан дәмін татып, бойымызға шипалы сусынның шипасынан дәм таттық. Қазақтың қамын қолымен қалап, ұлттық сусынды заманауи жолымен дәріптеп жүрген кәсіпкердің кәсібіне берекет тілеп, болашақта үлкен табыстарға жетуіне тілектес білдірдік.
.JPG) .JPG)
|