Бүгінгі күні жергілікті өзін-өзі басқару мәселесіне баса назар аударылуда. Республикамыздың Президенті Н.Ә. Назарбаев «Ұлт жоспары: 100 нақты қадам» бағдарламасында азаматтардың қадамдарында жергілікті өзін-өзі басқаруы мен қоғамдық Кеңестердің өкілеттілігі жайында кеңінен айтылған болатын. Атап айтқанда Елбасымыз азаматтардың шешімдер қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту, жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізудің маңыздылығы, қоғамдық Кеңестердің аумақтық даму бағдарламаларына қатысудағы рөлін күшейту мәселесіне ерекше мән берді. Мұның өзі айналып келгенде заман талабынан туындап отырғандығы айқындалды. Әр адам өкіметке иек арта бермей, өміріне қатысты мәселені өзі шешіп, ауласының, жүретін көшесінің, тұрған ауылының көркейіп, көріктенуіне, сәулеті мен дәулетінің артуына үлес қосуы қажет. Алайда, бұл жерде жалғыз жарым жүріп жол таба алмайтынымызды да ескерген жөн. Жергілікті тұрғыдағы мәселені шешуде ауданды, облысты шуылдатпай көп болып қауымдасып, қоғамдасқан дұрыс. Мұндайда, елді мекендердегі қоғамдық Кеңестің атқаратын рөлі зор болмақ. Іле ауданында әрбір ауылда қоғамдық Кеңесті құру мәселесі осыдан 3-4 жыл қолға алынған болатын. Нәтижесі қуантарлықтай. Қоғамдық Кеңес билік пен халық арасындағы байланысты жандандырып, өз ауылының экономикасын дамытуға, әлеуеті мен әлеументін жақсартуға белсене атсалысуда. Бұл күнде тұрғындар барлық мәселенің тек қана әкімге тіреліп тұрмайтындығын, оның дұрыс шешілуіне өзінің де қатысы бар екендігін түсінгендей. Аудандағы қоғамдық Кеңес мүшелері көшенің санитарлық тазалығынан бастап, елді мекендерде жүргізіліп жатқан маңызды құрылыстарға, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің жұмыстарына, жолаушылар тасымалдайтын көліктер қатынасына бақылау жасайды. Ауылдағы ұсақ-түйек дау-дамайдың бітімгершілікпен аяқталуына, бұзақылық пен құқық бұзушылықтың алдын алуға байланысты шараларды жүргізуге белсене араласады. Соның нәтижесінде ауылдарды қоғамдық қатынастар толығымен өзгеріп, халықтың тұрмыс-тіршілігіне әр кіріп келеді. Қазір, Ащыбұлақ, КазЦИК, Байсерке, Жетіген, Күрті ауылдық округтерінде кез-келген мәселе қоғамдық Кеңестің белсене араласуымен шешіледі. Бір нәрсе бола қалса, халық бұрынғыдай ауыл немесе аудан әкімдігіне тұра жүгірмей, көше комитетіне, қоғамдық Кеңеске жүгінеді. Қоғамдық Кеңесте қаралған мәселе ауыл әкімі арқылы шешімін тауып жатады. Ауыл тұрғындарын толғандыратын мәселелер біртіндеп реттелген сайын халықтың билікке деген көзқарасы өзгеріп келеді. Бұрынғыдай жөнсіз билікті сынамай, қайта өзінің қолдан келетін мүмкіндігін ауыл әкімдігіне ұсынып белсенділік танытады.
«Жалғыз жүріп жол тапқанша, көп болып адас», - демекші жарқын болашағымыз үшін әрқайсымыз жұмыла күш жұмсап, ортақ істі бірге атқарсақ ештеңеден ұтылмаймыз. Көзі қарақты, көкірегі ояу әрбір азаматтың жергілікті өзін-өзі басқару ісіне белсене қатысқаны жөн. |