Басты  - САЙЛАУАЛДЫ ШТАБТАРЫ ҚАЛЫПТЫ ЖҰМЫС ІСТЕУДЕ
 

 
 
 
САЙЛАУАЛДЫ ШТАБТАРЫ ҚАЛЫПТЫ ЖҰМЫС ІСТЕУДЕ
10.04.2015
Бүгінде ең белсенді кезеңге – үгіт кезеңіне өткен электоралдық үдеріс әр үміткердің нақты бағдарламасы мен іс-қимыл жоспарының барлығын көрсетіп отыр.
26 наурыз күні сайлау науқанының ең бір қызықты кезеңі – сайлауалды үгіт басталды. Кандидаттар бұл күні өздерінің сайлауалды штабтарының тұсауын кесіп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыс ауқымын анықтап, өзекті мақсаттары мен басымдықтарын белгілеп алды. Сайлауалды шатбтары еліміздің барлық өңірлерінде ашылды.
Орталық сайлау комиссиясының күнтізбелік жоспарында сайлауалды үгіт жүргізуге 30 күн қарастырылған. Науқан 24 сәуір күні сағат 24.00-де аяқталады.
Сайлау тақырыбы жалпы алғанда бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен көрініс тапты. Аралық мориторинг көрсеткендей, 2015 жылдың 25 ақпаны мен 25 наурызы аралығында баспасөз бен эфирге республика бойынша алғанда сайлау тақырыбына арналған 10 мың материал шықты.
Әбілғазы Құсайынов пен Тұрғын Сыздықов елімізді күн сайын аралап, сайлаушылармен жұмыс істеуде, еңбек ұжымдарында болып, көпшілікпен кездесуде.
ҚР президенттігіне кандидат Тұрғын Сыздықов үгіт жұмыстарын бастар алдында: «Біз сайлау үдерісіне алғаш рет қатысып отырған жоқпыз, біз үшін бұл жаңалық емес, біз аталған мүмкіндікті өзіміздің бағдарламамызды көпшілікке тағы бір рет жеткізіп, мақсаттарымыз бен міндеттерімізбен таныстыру, сайлауалды бағдарламасының басымдықтарын кеңірек түсіндіру үшін пайдаланып қалуды қалаймыз» – деп атап өткен болатын.
Осы мақсатпен 26 наурыз күні үгіт пойызы сапарға шықты. Тұрғындармен кездесуді Қазақстанның Көкшетау, Петропавловск, Қостанай, Павлодар, Өскемен, Қарағанды және Алматы сияқты бірнеше қаласында өткізу жоспарланған болатын.
28 наурызда Қазақстан Республикасы президенттігіне Қазақстан Коммунистік Халықтық партиясынан кандидат Т. Сыздықов Астанада Еуразия гуманитарлық институтының бір топ студенттерімен кездесті. Кездесу барысында сайлауалды штаб жетекшісі Айқын Қоңыров та сөз сөйледі. Ол Т.Сыздықовтың сайлауалды тұғырнамасында көтерілген мәселелердің мұқият зерттеліп, ойластырылғандығын айтып өтті. Кездесу қорытындысында президенттікке кандидат Т. Сыздықов студенттердің бірқатар сұрақтарына жауап беріп, оларды өзінің сайлауалды штабы жұмысының бұдан арғы жұмыс жоспарлары жайынан хабардар етті.
30 наурызда Тұрғын Сыздықов Астанада ЖЭО қызметкерлерімен кездесу өткізді. Өз сөзінде ол кездесуге қатысушыларды өзінің сайлауалды тұғырнамасының негізгі принциптерінен хабардар етті.
Штаб жетекшісі А. Қоңыров сөзінің соңында атқарылып жатқан үгіт жұмыстары жайында айтып берді.
– Штабта сенімді тұлғалар белгіленген. Олар барлық ақпараттық жұмыстарды атқаратын болады. Бізде жұмыстың нақты жоспары жасалынған. Бірқатар кездесулер мен шаралар өткізуді ойластырып отырмыз. Біздің штаб БАҚ-пен тығыз жұмыс істейді, оларға біз қашанда ашықпыз. Біз кандидатымыздың қызметі мен оның сайлауалды тұғырнамасы жайлы қажет болған барлық ақпаратты беруге дайынбыз, – деді А. Қоңыров.
31 наурызда Тұрғын Сыздықов Петропавловскіде «Мұнай Маш» АҚ қызметкерлерімен, сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданының ауылшаруашылығы өндірушілерімен кездесті.
2 сәуір және 3 сәуірде кандидат Т. Сыздықов Қостанайдағы «Баян Сұлу» АҚ және «Большевичка» АҚ ұжымдарында болды.
6 сәуірде Тұрғын Сыздықов республикалық сайлауалды штабында жұмыс барысындағы кеңес өткізді.
«Астана, Көкшетау, Петропавловск және Қостанай қалаларында студенттермен, оқытушылармен және өндірістік кәсіпорындардың өкілдерімен әңгімелесудің сәті түсті. Мен оларды партиямыздың өзінің өткенін қайта бағамдаудың күрделі жолынан өткендігінен хабардар еттім.
Ендігі жерде біз қалыпты әділетті қоғам жайындағы маркстік-лениндік түсініктердің негізін сақтап қалып, әділетсіздіктердің бәрінен арылуымыз керек», – деп мәлімдеді ол.
Ол сайлаушылармен өз жақтастарын толғандырып отырған, партия үшін дәстүрлі болып табылатын коммунистік тұғырнаманы жетілдіру мәселелерін талқылады.
Сыздықов ғылыми коммунизм классиктерінің айтқандарын тізбелеп, «диалектикалық материализм негізінде құрылған марксизмнің күші мен өміршеңдігін тарихи дамудың бүкіл барысы айқындап отыр» деген тезисті мысалға келтірді.
Осы күні Алматыда президенттікке кандидат Т. Сыздықовтың қалалық сайлауалды штабы атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтып берді.
Президенттікке кандидат Әбілғазы Құсайынов та үгітті белсенді жүргізуде. Үгіт жұмыстары кезеңінде республикалық және өңірлік штабтар бірқатар шаралар атқаруды жоспарлап отыр. Кәсіпорындар ұжымдарымен, шаруа қожалықтары жұмысшыларымен кездесу белгіленген. Қазақстанның барлық өңірлерінде сайлауалды штабтары құрылып, сенімді тұлғалар тіркелген.
27 наурызда Әбілғазы Құсайынов өзінің үгіт науқаны қанат жайған алғашқы қала Алматыда болды. Кандидаттың сайлауға қандай ұстанымдармен баратынына бірінші болып «ОБИС» ауызсу және минералды су өндірумен айналысатын алматылық компания қызметкерлері қанықты.
30 наурызда Әбілғазы Құсайынов «Астана – Зеленстрой» ұжымымен кездесті.
31 наурызда кандидат Қостанай облысында болып, облыстық драма театрында көпшілікпен кездесті.
1 сәуірде «Қостанай су» МКК ұжымымен кездесу болды.
2 сәуірде президенттікке кандидат СҚО-ның Қызылжар ауданындағы «Молсервис» компаниясы ұжымы мен «Севказэнерго» ЖШС ұжымына өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі ережелері туралы айтып берді.
3 сәуірде Ә. Құсайынов Петропавловскідегі «Қызылжар су» кәсіпорнының ұжымымен кездесу өткізді.
4 сәуірде Әбілғазы Құсайынов Астанада кезектен тыс өтетін сайлауды бақылау жөніндегі Республикалық қоғамдық комиссия өкілдерімен кездесті.
Кандидат кездесу барысында сайлау науқанын өткізу жөніндегі жұмыстардың жоғары ұйымдастырушылық деңгейде атқарылып жатқанын атап өтті.
– Сайлау науқанының алғашқы күндерінен бастап барлық өңірлік штабтар жұмысы ұйымдастырылды. Өңірлердегі штабтар қолайлы бөлмелерге орналастырылған, қажетті ұйымдастыру техникалары, байланыс бар. Жалпы алғанда, штабтардың жұмыс істеуіне жақсы жағдай жасалынған.
Орталық және аумақтық сайлау комиссиялары, өтініш жасалған жағдайда, штабтардың қызметкерлеріне мамандандырылған көмекті дер кезінде көрсететіндіктері атап көрсетілді.
Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын бақылау жөніндегі Республикалық қоғамдық штабтың мүшелері республикалық сайлауалды штабының жұмысымен танысып, қажетті кеңестер берді.
Республикалық қоғамдық комиссияның төағасы Нұрлан Ерімбетовтің айтуынша, ҚР президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайыновтың сайлауалды штабының қызметі қалыпты жұмыс режимінде өтуде.
– Біз фотоесептерді, өңірлік штабтардың есептерін, өңірлерге сапарлардың нәтижелері бойынша фотоматериалдарды зерттеп көрдік. Ешқандай бұзушылықты тіркеген жоқпыз. Жалпы алғанда, штаб жұмысы қанағаттанарлық, – деп атап өтті Н. Ерімбетов.
6 сәуірде кандидат Әбілғазы Құсайынов Қызылорда қаласының көпшілік өкілдерімен кездесті.
Ә. Құсайынов өз сөзінде қатысушыларды сайлауалды тұғырнамасының өзекті бағыттарымен таныстырып, жиналғандарды жаһандық экологиялық қызметтің негізгі бағыттары жайынан хабардар етті және табиғат қорғау мәселелерін шешудегі ғылымның маңызын атап өтті.
Бұл қазіргі кезде экологиялық қауіпсіздік, климат пен су ресурстарын, «жасыл» технологияларды қоса алғанда тұтас кешенді міндеттерді біріктіріп отырған аса маңызды мақсат.
Кандидаттың атап өткеніндей, әлемде экология мәселелеріне әлі де жеткілікті назар аударылмайды.
Жалпы алғанда кандидаттарға жұмыс істеуге барлық жағдай жасалынған. Тиімділігін танытып отырған заңнама, аумақтық сайлау комиссиялары тарапынан беріліп отырған ақыл-кеңестер, сайлау науқанын өткізуге байланысты мәселелердің БАҚ-та кеңінен көрініс табуы, ОСК жасап шығарған әдістемелік құралдар – мұның бәрі сайлау науқанын қалыпты өткізуге мүмкіндік береді.