Көктемнің мерекесі 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай аудандық «Қазпошта» АҚ байланыс торабының басшысы Р. Мейрова Ақши ауылында 36 жыл бойы пошта саласынды қызмет еткен Сихымбекова Гүлнар Шакенқызын Қазақстан байланыс қызметкерлерінің кәсіподағы төсбелгісімен және аудандық пошта байланыс торабының үздік қызметкері деген атағымен марапаттап қайтты. Оған Байсерке, Жетіген, Боралдай пошта тораптарының басшылары мен аудандық пошта байланысы орталығының қызметкерелері қатысты.
Гүлнар Шакенқызы 1979 жылы өзі туып-өскен Балқаш ауданы, Құйған ауылының орта мектебін аяқтағаннан кейін, әсем Алматы қаласындағы №19 кәсіптік-техникалық училищесіне келеді. Онда Пошта байланысы және оператор мамандығын игеріп, Күрті ауданы Ақши ауылында қызмет жолын бастайды.
Міне, содан бері Гүлнар 35 жыл бойы баспасөз арқылы байыпты және жан-жақты ақпаратқа қанық болатын ауыл оқырмандарына үнжарияны үзбей таратып, зейнетақыны уақытында беріп келеді. Қалтқысыз еңбек деп осыны айт. Гүлнардың айтуы бойынша әр ақ самайлы әже мен ақ сақалды ата туысындай болып кеткен. Олардың бір минутқа да болса кезек күтіп қалуын үлкен жағдаймен теңестіріп отыр. Сондықтан уақыт-уақытында газеттері мен зейнетақыларын қолдарына табыстайтын көрінеді.
Ауылдағы пошта байланысы және газет тарату ісіндегі қиындықтар жайы өз алдына бір әңгіме. Осы жауапты істе уақыт тауып өз отбасына да көңіл бөлу үлкен жұмыс. Тағдыр жолындағы осы екі тізгінді жібермей, еңбекке әбден ысылып алған кейіпкеріміз ешқандай қиындықты мойындаған емес.
Кешегі тәуелсіздіктің таңы атқан уақытта да өзінің сара жолынан бір жаңылған емес. Беретін зейнетақы мен газет болмаса да пошта күнделікті өзінің тіршілігін тоқтатқан емес. Ол да болса, кәсібіне адал Гүлнар Сихымбаева, Ш.Исламова, Г.Тоқашева, А.Басанова сынды пошташылардың еңбегінің жемісі. Қазіргі таңда пошта қызметі сәл жеңілденгенімен ауыл үшін маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Бүгінгі күнде еліміздің түкпір-түкпірінде «Қазпоштаны» жаппай трансформациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шетелдік пошта бөлімшелерінің жұмыс тәжірибесін ескере отырып, жаңару жөніндегі кеңес арқылы көптеген заманауи қызмет түрлерін көрсетеді. - «Пошта байланысы бұл күнде көпсалалы мекемеге айналды. Өйткені, оның бөлімшелерінде зейнетақы, әлеуметтік жәрдемдер, еңбекақы алуға болатыны, коммуналдық төлемдер мен салықтар төлеп, депозит немесе несие рәсімдеу, жеделдетілген ақша жөнелту жүзеге асырылатыны белгілі. Ал, хат, жөнелтпе, бандероль, басылымдарға жазылу және филателия жөнінде жұмыстарды атқара аламыз», - деді аудандық «Қазпошта» АҚ пошта байланысының басшысы Р.Мейрова.
Осы айтулы күні Ақши ауылындағы Мәдениет үйінде ауыл әкімі Д.Өгізбаев пен әкім аппараты қызметкерлері ауылды көркейтуге атсалысып жүрген кәсіпкер әйелдер мен аналарды мереке күнімен құттықтап, марапаттады.

|