Басты  - ГҮЛ МЕРЕКЕ, КҮН МЕРЕКЕ
 

 
 
 
ГҮЛ МЕРЕКЕ, КҮН МЕРЕКЕ
10.03.2015
Өткен аптада аудан әкімі Қыдыркелді Өміржанұлы Медеуов 8 наурыз халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында Чапай ауылындағы Мәдениет сарайында салтанатты құттықтау шарасын өткізді.
Аудан әкімі әйелдер қауымын мерекемен құттықтап, оларға ізгі тілегін жеткізді. Ол өз сөзінде: «Жер-Ананың жылуы төгілген мерейлі мереке 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күнімен Сіздерді шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға ғажап ғұмыр, гүл көктемнің шуағындай көңіл, мықты денсаулық, отбасыларыңызға мол бақыт тілеймін, мен үшін атаулы мерекенің орны ерекше. Адамзат ана алдында әрқашан қарыздар. Оларды құрметтеу біздің перзенттік парзымыз», - деді.
Одан кейін сөз сөйлеген ақын, зейнеткер, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Топарова Баян Топарқызы, көпбалалы ана, аудандық «Шаңырақ шаттығы» әжелер байқауының жүлдегері Тасыбекова Жұмақыз Жылқышықызы, Ауған соғысының ардагері, Ауған соғысы ардагерлер ұйымының мүшесі Кертиев Владислав Хасанович жиналғандарды мерекемен құттықтап, осындай керемет шараны ұйымдастырған аудан басшылығына ризалықтарын білдірді.
Салтанатты шарада Чапай ауылдық округіндегі №10 орта мектептің балалары шығып, «Анаға тарту» атты өлең жырларымен шашу шашты. Ауданымызда аталмыш мектептің шәкірттері әрқашанда аудан көлеміндегі ең үлкен іс-шараларда алдына жан салмай өз өнерін паш етіп жүреді. Оқушылардың әсерлі жырларынан кейін аудан әкімі «Ұлағат» номинациясы бойынша 8 наурыз мерекесіне орай аудан мекемелерінде үздік қызмет атқарып жүрген нәзік жандыларымызға мадақтама қағаздарын табыс етті.
Артынша аудандық мәдениет бөлімінің ұйымдастыруымен сахналық көріністер қойылып, шағын концерт ұйымдастырылды.