Басты  - ЖАРҚЫН БОЛАШАҚТЫҢ КЕПІЛІ
 

 
 
 
ЖАРҚЫН БОЛАШАҚТЫҢ КЕПІЛІ 09.09.2015
Бүгінгідей жаһандану заманында көп тіл білетін адамның қоғамдағы алар орны да ерекше. Өзге тілді үйрену, оны жетік меңгеру - бұл ең алдымен халықаралық қатынастар кезінде айырықша рөл атқаратыны баршамызға аян. Тіл – халықпен бірге өмір сүріп, дамиды. Үш тілді меңгеру жарқын болашақтың кепілі десек, артық айтқанымыз емес. «Әрбір Қазақстандық үш тілді жетік меңгеруі керек. 2020 жылға дейін ағылшын тілін білетін тұрғындар саны біршама көбеюі керек. Мен үш тіл білуді қолдаймын, бірақ, біз қазақ тіліне баса назар аударуға тиіспіз деп санаймын. Өйткені, уақыт өте келе бүкіл мемлекеттік қызмет, мемлекеттік басқару мен білім беру жүйесі түгелдей біртіндеп қазақ тіліне көшетін болады. Қазақ тілі - еліміздегі негізгі конституциялық мемлекеттік тілі және бәрі де оны білуге талпынуға тиіс. Қазақтардың орыс тілін білуі ұлы байлық, оны кері ысырып қоюға болмайды, оны ұмытуға болмайды. Ағылшын тілі де ілгерілеушілік пен технологиялардың тілі болғандықтан біз оны да үйренуге тиіспіз. Ал қазақ тілі барлық қазақстандықтарды біріктіріп, жақындастырып, өзара түсіністік пен сүйіспеншілікке жетелейді. Біздің балаларымыз үш тіл білуге талпынуға тиіс», - деді Елбасы Н.Ә.Назарбаев. Сондықтан еліміздегі барлық мектептерде 1-сынып қабырғасынан үш тілде оқыту жүйесі басталып кетті. Біздің ауданымыздағы мектептерде үш тілді оқыту жүйесі қолға алынып, білікті ұстаздар жаңа оқу жылынан бастап шәкірттеріне осы бағытта білім беруде.
Мемлекеттік тіл қазақ, орыс тілі, ағылшын тілінен білімге негізделген лингвистикалық білім моделін құру болашақ мақсатымыз. Елбасы Н.Ә.Назарбаев халқына арнаған кезекті Жолдауында көрсеткеніндей, шәкірттеріміз әлемдік білім кеңістігіне ену үшін білім беру жүйесі халықаралық деңгейге көтерілуі керек. Ағылшын тілін білу - өмір талабы. Әлемдік білім кеңістігінде еркін самғау үшін дүниежүзі халықтарының өзара түсінісуі үшін ағылшын тілін білу алдағы уақытта қажеттілік ретінде маңызды рөлге ие болады. Шәкірттеріміз қазақ тілін толық әдеби нормада меңгеріп, орыс тілі мен ағылшын тілін еркін білуі қажет. Ана тілін қадірлей отырып, өзге тілді білуге ұмтылу - өскелең ұрпаққа қойылып отырған жаңа талап. Осы тұрғыдан қарағанда, оқушыларға үш тілде білім беру тәжірибесі өмір талабынан туындап отырғандығы белгілі жайт. Дей тұрғанмен жастардың туған тілін жетік меңгеріп, қастерлегені жөн. Одан кейін барып басқа тілді үйренуге талпыныс жасағаны дұрыс.