Ащыбұлақ ауылдық округінің әрбір елді мекенінде 2012 жылы тұрғындардың қатысуымен жеке жиналыстар өткізіліп, қоғамдық Кеңес құрылып, оның төрағалары, содан соң көше комитетінің мүшелері көпшілік дауыспен сайланған болатын. Бұдан соң қоғамдық Кеңес, көше комитеті мүшелерінен білім беру саласы, денсаулық сақтау саласы, ауыл шаруашылығы, тұрғын-үй, коммуналдық шаруашылық саласы, қоғамдық тәртіпті сақтау саласы, пошта, телефон байланысы, электр желісі жұмысы, ауылдарды газдандыру жұмыстары бойынша комиссиялар құрылды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылдың 18 қазандағы №1106 қаулысы, Алматы облысы мәслихатының 2013 жылдың 18 сәуіріндегі №16-108 шешімі, Іле аудандық мәслихатының 2013 жылдың 7 қарашасындағы №25-123 шешіміне сәйкес Ащыбұлақ ауылдық округінде «Өзін-өзі басқару жүйесін қалыптастыру» мақсатында құрылған 7 қоғамдық Кеңес мүшелеріне қосымша негізінде округ ауылдарының әр көшесінде бөлек жиналыстар өткізіліп, М.Түймебаев ауылынан - 44, Жәпек батыр ауылынан - 36, Көкқайнар ауылынан - 13, Төле би ауылынан - 2, барлығы округ бойынша 95 өкілетті өкілдер сайланды.
Сайланған 95 өкілетті өкілдер билік пен тұрғындар арасындағы байланысты ұйымдастырып, өздерін сайлаған ауыл тұрғындарының атынан округ ауылдарында жүргізілетін жұмыстардың бағыт-бағдарын анықтап, жоспарланған жұмыстардың дұрыс және дер кезінде, әрі сапалы орындалуын қадағалайды.
Округ әкімі аппаратымен «Аймақ» қоғамдық қоры және қоғамдық Кеңес мүшелерінің қатысуымен Ащыбұлақ ауылдық округі ауылдарының 2014-2018 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуы бағдарламасы жасалып бекітілді.
2013 жылдың 12-13 желтоқсан күндері Астана қаласында Өңірлерді дамыту министрлігінің ұйымдастыруымен өткен халықаралық дөңгелек үстел қатысушылары қоғамдық Кеңеспен бірлесе жасалған «Ащыбұлақ ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуы» бағдарламасымен таныстырылды.
Дөңгелек үстел қатысушылары округ аумағында өзін-өзі басқару жұмысын ұйымдастыру бағытында жасалған жұмыстарға жоғары баға берді.
Жергілікті өзін-өзі басқарудың дамып, қоғамдың Кеңестермен бірлескен жұмыстар нәтижесінде ауыл тұрғындарының ішінде тұрмыстық жағдайы төмен жанұяларды, мүгедек, қараусыз қалған жалғыз басты қарттарды, денсаулық сақтау, білім беру, халыққа тұрмыстық қызмет көрсету салаларындағы кемшіліктерді уақытында анықтап, дер кезінде кемшіліктерді жою мақсатындағы жұмыстарды ұйымдастыру, бюджеттен бөлінген қаражат негізінде жүргізілетін жол жөндеу, электр желілері, ауыз су жүйелерін жөндеу жұмыстарының сапалы және талапқа сай орындалуын қадағалау, тұрғындардың қоғамдық тәртіпті, көшелер мен аулалардың тазалығын сақтау жұмыстарын дер кезінде ұйымдастыру мүмкіндігі туындады.
Жоғарыда аталған жұмыстарды одан әрі жалғастыру үшін қоғамның өзін-өзі басқару жүйесінің қолма-қол ақшаны бақылау шотына жеке немесе заңды тұлғалардан түсетін жарна, сыртта ілінген жарнамалардан, ҚР әкімшілік құқық бұзушылық Кодексіндегі 144, 146, 147, 172, 204, 301, 303, 304, 305, 320, 386, 408, 409, 491, 505-баптар бойынша шотқа қаражат жинау мүмкіндігіміз бар.
Округіміздің 7 қоғамдық Кеңесінің мүшелері тұрғындармен ұлттық және діни мерекелерді ұйымдастыру жұмыстарына, ауыл арасындағы бітімгершілік бағытындағы шараларды жүзеге асыруға көмек көрсетуде.
Бүгінгі қоғамның өзін-өзі басқару жүйесінің тиімділігіне көзі жетті. Себебі жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту арқылы ауылдарымыздың жалпы әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосып отырмыз.
|