Әлемдердің Құдіретті раббы Алла тағала ғаламды жаратып болған соң өзінің алдына есептегіш қасиеті өте үлкен бір періштесін шақыртып, тапсырма береді. «Сен қазір жерге барып, теңіздің асты-үсті, тау-тастың қойны-қонышындағы құм атаулының дәл санын есептеп, маған айт» - дейді. Бұл періштенің ерекше жаратылғаны сонша, оның басындағы құлағы мен көзі аспандағы жұлдыздан көп еді. Ол көзді ашып-жұмғандай ғана мезетте жер шарында неше мың тонна құм болса, соның бәрінің санын дәл айтады. Жаратушы Иесі оған риза болып: «Енді жердегі мұхит, теңіз, дәрия, өзен, көлдегі судың тамшысын есепте» - деп тапсырады. Алып періште бұл жолы да жаңылмайды. Әп-сәтте бүкіл судың тамшысын жеке дара санап, Алланың алдына қояды. Ұлық Алла бұл жолы да оның жұмысына, жылдамдығына риза болып, мақтау айтады.
«Енді, - дейді Ұлық Алла, - Рамазан айында менің ризалығымды табу үшін таңнан күн батқанға дейін ауыз бекітіп, ораза ұстаған момын құлдарымның бір күнде табатын сауабын сана!» - деп әмір береді. Жаңа ғана қисапсыз есептен жаңылмай, сартылдап тұрған зор есепші періште осы сәтте мүдіріп тұрып қалады. Біраз уақыт өткен соң оның бүкіл көздері жыпылықтап, есептен шатаса бастайды. Оразаның сауабын санап соңына жете алмаған бұл періште амалы құрып, Алланың алдында сәждеге құлайды. Басын көтермеген күйі: «Ең ұлық Ием, Рамазанда ораза ұстаушы құлыңның бір күндік сауабын өзін айтпасаң, оны санап, есебін шығаруға менің шамам жетпейді», - деп зар илейді.
Бұл Рамазан айының ұлықтығын айқын көрсететін ғибратты хадис. Егер құдіреті күшті Алла тағала Құран Кәрім арқылы құлдарына Рамазан айында ауыз бекітіп, ақыл өсіріп, рухын күшейтуді бұйырмағанда, адам баласы өз бетінше мұндай өркениет пен мәдениетке жете алмаған болар еді. Еш бір ел, ешқандай ұлт, халық дәл осылай жаппай ораза ұстап, ұлан-ғасыр сауапқа кенеле алмайды. Бұл рухани әмір - Ұлық Алланың ғана қолынан келетін құдырет. Байқасаңыз, тамақ ішу мәдениетін біршама меңгерген Шығыс елдерінің көзі ашық зиялы қауымы жаппай ораза ұстаушы мұсылман елдеріне қызыға да қызғана да қарайды. Мыңдап, миллиондап ораза ұстау деген тұтас мемлекет ретінде рухани қайта түлеген секілді қызық құбылыс.
Сондықтан ертең Рамазан айы басталған шақта жоқтан өзгені сылтау қылып ауызды ашық қылдыру адамның рухани һәм мәңгілік өміріне үлкен қатер. Себеп сылтаусыз ораза ұстамау - бақытсыз тағдырды құдайдан өзің барып сұрап алғанмен бірдей.
Егер сіз бұрын-соңды ораза ұстап көрмеген болсаңыз, қорқатын ештемесі де жоқ. Аман-есен сау қалпыңызда оразаға жеткеніңізге шүкір деңіз де 30 күн Алла ризалығы үшін ішіп-жеуден, жыныстық қатынастан, орынсыз дау-жанжалдан әрі өсек ғайбат айтудан тиылып, тәуекел етіңіз. Қасиетті айдың алғашқы аптасы өтпей жатып-ақ өз денеңізден бұрын-соңды болмаған рухани құбылысты сезіп, байқайсыз. Осындай бақытты қадам жасар алдында дінге жеңіл қарайтын, жүрегі әбден кірлеп, қасиетті ұғымдар туралы не болса соны ойланбай айта беретін әдепсіз, мәдениетсіз кісілермен жақын араласып жүрудің қажеті жоқ. Ислам сенімінен тым алыстап кеткен бақытсыз пенделер айналасында тақуалы кісілердің көп болғанын қаламайды. Сол себепті де олар жора-жолдастарын ауыз бекітпеуге үгіттеп, оразаны қасиетсіз қылып көрсеткенді жақсы көреді. Натижесінде оразаны құр жіберіп, Алланың теріс назарына ілігеді. Оған дәлел Хазірет Пайғамбарымыздың хадисі. Ужра есімді сахаба айтады: «Бір жолы Алла елшісі бізге қарап: «Мінбарға жақындаңдар», - деді. Біз жақындадық. Хазірет мінбардың бірінші баспалдағына көтерілді де өзінен-өзі «Әумин!» деп дауыстады. Сосын екінші баспалдаққа көтерілді де «Әумин!» деп дауыстады. Үшінші ретте тағы бір баспалдаққа көтеріліп, «Әумин!» деді. Пайғамбардың бұл әрекетіне қайран қалып: «Мұнда не сыр бар? Біз бұрын мұндайды көрмедік?» - деп сұрадық. Пайғамбар (с.ғ.с.) айтты: «Мінбарға тақағанда қасыма Жебірейіл періште Алланың қалауымен келді. Мен көтерілгенде ол: «Рамазан айына аман-есен жетіп тұрып, ауыз бекітпей, 30 күн оразаны зая кетірген адамға бәле жаусын», - деді. Мен «Әумин!» дедім. Екінші баспалдаққа шыққанда ол тағы да «Сенің есіміңді естіп тұрып, саған салауат айтпаған адамға бәле жаусын» деді. Мен тағы да «Әумин!» дедім. Үшінші сатыға аяқ басқанда Жебірейіл тағы да: «Ата-анасының екеуі, не біреуі ұзақ өмір сүріп, әбден қартайғанда, соларға перзенттік парызын өтемей, жұмаққа кіруге лайықты болмаған тасжүректерге Алланың қарғысы келсін» деді. Мен соңғы рет тағы да «Әумин!» дедім.
Сөз ұғарлық ақылды азамат болса Пайғамбар мен Жебірейіл періштенің арасында болған осы қатал сырдан ғибрат алсын. Рамазанның бір де бір күнін құр жіберіп алмаңыздар! Алланың бейбітшілігімен кеңшілігі болсын, әр Рамазаннан әр Рамазанға аман-есен жете берейік!
|