Басты  - ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНА – 550 ЖЫЛ
 

 
 
 
ТӘУЕЛСІЗДІК АСПАНЫН
ӘНМЕН ӘРЛЕГЕН АРУЖАН
09.06.2016
   
Қазақтың халықтық музыка өнері саласында шалқар сахара даладай мол көсіліп, кең тараған бір жанр бар ол - ән жанры. «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар, әннің терең мазмұнды мәні оятар», - деп Абай атамыз айтқандай, қазақ деген ұлы да ғұлама, өнерлі де өрелі халықтың ұрпақтары екенімізді мақтаныш тұта отырып, Жетіген ауылдық округіндегі Құйған ауылының топырағынан жаралып, осы киелі сахнамыздың төрінде нақышына келтіре талай ән салып, көпшіліктің ықыласына бөленіп, батасын алған Роза мен Мәдина апаларымыздың ізін басып, осы киелі Іле топырағынан тәлім-тәрбие алуда. Осындай терең тәлім-тәрбие алып жатқан шәкірттеріміздің осал болуы мүмкін емес.
Біздің ауданымызда жас ұрпағымызды қазақ ұлтына сай имандылық пен ибалылыққа, әдептілікке, ұлттық өнерімізді, халықтық қадір-қасиетімізді ерекше сезіне білуге баулу, өнерге қызығушылығы басым балалардың шығармашылық қабілетін дамыту дұрыс жолға қойылған. Осыған дәлел Құйған ауылынан шыққан жас әнші Аружан Мұзафарованың өнер саласындағы болашағы жарқын. Кейіпкеріміз кішкентай кезінен бастап ән айта бастады. Өнер оған қайдан келді десеңіз, анасы - Гүлмирадан одан ары кеткенде атасы - Мұзафар мен әжесі - Кенжеқұлға барып тіреледі. Аружан қазірдің өзінде әсем әнімен көпшіліктің көңілінен шығып, халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанып жүр. Ең алғашқы ұстазы айтыскер ақын Нәсілхан апайдың да Аружанның өз жолын табуда үлкен үлесі бар. Ардагер ұстаз жас өреннің бойындағы қасиетті аша білді.
Аружан 4 сыныпта-ақ өзінің кім болатынын сахна төрінде тұрып дәлелдеген болатын. Сол кезде де балам деп елпектеген анасы - Гүлмираның қуанышында шек болмады. Осы салада қаршадай қызының өнер көрсетуіне барын салды. Ару қызымыз қазіргі таңда «Дайди-дау», «Бүлдірген» сынды халық әндерін нақышына келтіре орындап жүр. Сондай-ақ, халық композиторларының әндерін әуелеткенде орныңызда отыра алмай қосыла жырлайсыз. Дауыс тембрінде кең қазақтың шұрайлы даласының үні бар.
Ол өткен аптада өзінің сүйікті анасына арнап «Аяулы анам» атты ән кешін Құйған ауылындағы №32 орта мектептің акт залында өткізді. Оған өзінің құрбылары, ұстаздары және ауыл тұрғындары жас әншінің талантын оң бағаласа, үлкендер жағы жас әншінің әндеріне тәнті болып ақ баталарын да беріп жатты.
Мектеп директоры Н.Бөбетаев «Аружан мектептегі маңдай алды әншіміз. Барлық қоғамдық жұмыста өте белсенділік танытып, өзінің көркем дауысымен көмкеріп жүреді. Мен оған болашақта тек табыс тілеймін, шығармашылығы өрлей берсін», - деген пікірін білдірді.
Міне, ел болашағы қаршадай Аружанындай сыңғырлаған күміс көмей, жезтаңдай әншісі бар өскелең ұрпақтың қолында. Ақылына көркі сай, болашақ өнер жұлдызына алдағы уақытта да тек шығармашылық табыстар тілейміз. Талантыңды бағалайтын қауым Құйған ауылы ғана емес, барша ілеліктер «Құйғанның бұлбұлы» деген халықтың беретін атағына жете беруіне тілектеспіз.