Биыл Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 70 жыл толады. Бұл сол кездегі Кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. От кешіп, қан жұтқан сол бір жылдар барған сайын бізден алыстауда. Майдан мен тылдың аты аңызға айналған ерлері барған сайын азая түсуде. Бірақ олар жасаған Ұлы ерлік ешқашан ұмытылмақ емес. Зұлым жаумен шайқаста әке, аға, бауырларымыз қанын төгіп, қолымыз жеткен Жеңіс шапағы кейінгі ұрпақтарға жетпек. Ешқашанда жауынгер ерлігімен, жеңісті еңбегімен соққан еңбекшінің ерен ерліктері ұмытылмайды. Ел үшін, жер үшін қан майданда ерлік көрсеткен жандардың бірі - Қайрақбаев Өзібек Өксікбайұлы. Ол кісі 1921 жылы 10 мамырда Қаскелең өңірінде дүниеге келген. Кейіннен Чапай ауылында тұрған. Тұрған үйлерінің орнында қазір балабақша салынған. Әкесінің аты - Өксікбай, шешесінің аты - Шөже еді. Шешесінен жастайынан жетім қалды. Бірақ екінші анасы Толқын туған анасындай болды. Өзінің ақындық өнері болғандықтан әкесіне ризашылығын өлең-жырмен жеткізген.
Кейіннен жалғыз інісі - Әбдібек төсек тартып, науқастанып қайтыс болды. Ол 1941 жылы Ажар атты анамызбен отбасын құрады. Бір айдан соң соғыс басталып, Іле аудандық әскери комиссариатынан шақыру қағазын алып, әкеміз жиырма жасында қан майданға аттанады. Шайқаста Ленинград төңірегінде Маршал Рокосовскийдің қол астында жаулармен шайқасады. Өзінің алғырлығымен соғыс өңірінің қыр-сырын меңгеріп ұрыс даласында болған шайқастарға белсене қатысқан. Ерліктері үшін ІІІ-дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталды. Шайқас кезінде бірінші рет жарақат алып госпитальда жатып, «Курски дуга» жерінде екінші рет сол қолының иығынан ауыр жарақат алғаннан кейін, 1943 жылдың аяғында елге оралады. Соғыс біткен жылдардан соң Қайрақбаев Өзібек Өксікбайұлы Абай атындағы педагогикалық институтты тәмамдап, тарих пәні бойынша ұстаздық етті. Әкеміз бар күшін-жігерін жас ұрпаққа білім беруге арнаған жан. Іле ауданында партия Совет және білім беру саласында басшылық қызметте жемісті еңбек атқарды. Атап айтсам, Іле ауданы Әли, Жаңаталап, Қоянқұс, Шилікемер ауылдарында мектеп директоры болып бірнеше жыл қызмет атқарады. Сонымен қатар 1954 жылы КазЦИК ауылына жұмыс бабымен көшіп келіп, ұстаздық еңбегін жалғастырады. Сондай-ақ «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағын алып, зейнеткерлікке шықты.
Әнуар Молдабеков атындағы №6 орта мектептің ардагер ұстазы Нурова Айман Қайнарбайқызының Қайрақбаев Өзібек Өксікбайұлы туралы айтқан естелігі: – Өзібек Қайрақбаев ағай менің алғашқы ұстазым. Менің ұстаз болуыма ол кісінің үлкен септігі тиген еді. Ол кездегі ұстаздар өте сыйлы, ауылға құрметті адамдар еді ғой. Өзібек ағай 1954 жылдары ауылда мектеп ашу ісіне қатысты. Сонымен қатар 1959 жылы №28 сегізжылдық мектеп ашылып, осы мектепте оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры қызметін атқарды. Оның еңбегі облыс, аудан көлемінде әрдайым бағаланып, мақтау қағаздарымен, «Құрмет белгісімен», «Алғыс хаттармен және көптеген орден, медальдармен марапатталып, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атанды. Өзінің ақындық өнерімен есімі алты алашқа мәлім атақты Кенен ақынның қызы әнші, домбырашы Төрткен Кененқызы белгілі жыршы, термеші Базаркүл Нұрқалиевалармен сахнада талай-талай айтыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Көптеген өлеңдері газет, журнал беттеріне басылып шығып, радио арқылы да өлеңдері оқылды.
Қан майданнан аман-есен оралып, сүйіп алған жары Ажар анамыз партияның қамқорлығына бөленіп, «Алтын жүзді ана» деген атақ алып, 10 балалы ата-анаға айналды. Өкініштісі, Қайрақбаев Өзібек Өксікбайұлы 1995 жылы 30 желтоқсанда 73 жасында қайтыс болды. «Туған жерге деген сүйіспеншілікті бала бойына сіңіру әкеден» - деген екен бұрынғы ата-бабаларымыз. Әулетіндегі ұл- қыздардың бойында жақсы қасиеттер болса, ол бізге Өксікбайұлы Өзібек әкемізден дарыған. Қазіргі таңда екі қызы әке жолын жалғастырып, ұстаздық етуде. Олар тәуелсіз Қазақстанның жас жеткіншектерін тәрбиелеуде. Бір қызы - Қайрақбаева Нағима Өзібекқызы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында химия және биология пәні бойынша ұстаздық етіп, мектеп директорының оқу-ісінің орынбасары болып еңбек етуде. Адамдық пен еңбекқорлық сияқты асыл қасиеттердің арқасында балалары өз орталарында сый-құрметке ие болған жандар.
Ұлы Жеңіс – барша халықтың жеңісі. Сондықтан да кешегі жауынгер, бүгінгі ата-әжелеріміздің жеңіске жетер жолда тындырған ұлан-ғайыр істері біздің жадымызда мәңгі сақталатын дастандай жалғаса береді
|