Қазіргі таңда Қазақстан конфессияаралық және этносаралық турақтылық пен келісімді озара ұштастырып, қарқынды дамып келе жатқан елдердің қатарында. Бұл Елбасы Н.Назарбаев жүргізіп отырган ұстамды да ұтымды саясат жемісі екендігі даусыз. Осы бағыттағы Елбасының игі бастамаларының бірі ретінде Астана қаласында тұрақты түрде 2003 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер съезін ерекше атап айтуға болады. Осы ауқымды шараның нәтижесінде әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері арасында халықтардың татулығы мен өзара түсіністігіне бағытталған ауқымды келіссөздер жасалып келеді.
Қазақстанның Тәуелсіздік алғаннан бергі жеткен жетістіктерін айтқан кезде оның қарқынды дамуының тірегі болып саналатын ұлтаралық және конфессияаралық келісімді жадымыздан шығармауымыз қажет. Бұл біздің еліміздің алға қарай нық қадам басуына мүмкіндік беретін зор алғышарт болып табылады. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайту мен сақтаудың өзіндік үлгісі құрылды. Қазақстандағы толеранттылық қағидасы саяси мәдениеттің ережесі болып қана қоймай, демократиялық мемлекетті құрудағы басты қағидаларының бірі болып табылады. Алайда, адамзат дамуының тарихы көрсеткендей сан алуан халықтар мен конфессиялар арасындағы достық, келісім мен бейбітшілік оңай орнай салатын игілік емес. Ал оны сақтай білу үшін ел болып жұмылған күйде күнделікті және тұрақты түрдегі тынымсыз әрекеттер жасалынуы қажет.
2011 жылдан бастап азаматты соғыс өртіне оранған Сирия мемлекетінің жағдайы барлығымызды ойландыруы тиіс. Мыңдаған бейбіт адам қаза тауып, көне мәдениеттер мен сан ғасырлар бойы ислам мәдениеті орталықтарының бірі болған Сирия елінен қираған үйінділер қалып, миллиондаған адам елін-жерін тастап, босқынның күйін кешуде. Сан ғасырлық тарихында Сирияның басынан талай соғыстар өткені мәлім. Алайда, соңғы соғыстың зардабы бұрынғылардың бөрінен асып кетеді. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметі бойынша, Сириядан бас сауғалап қашқан босқындардың саны төрт миллионнан асқан. Ал оның жартысына жуығын балалар құрайды екен. Бұл босқындардың саны екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең ірі көшті құрап отыр. Бұған қоса 8 миллионға жуық адам баспанасынан айырылып, елінен кетудің қамында жүр.
Қазақстанның бастамалары осы секілді өткір мәселелерді шешу ісіне бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып кірісу қажеттілігін әлемдік қауымдастық назарына алға тартып, өзінің кең-байтақ жеріндө ғасырлар бойы сан алуан халықтардың татулық пен өзара түсіністікте өмір сүрген тәжірибесін әлем жұртшылығына паш ете білді.
Конфессияаралық келісім және ұлтаралық татулық ел үшін ортақ құндылықтар отансүйгіштік, тарих пен тағдырдың ортақтығы ел бірлігін қамтамасыз етудің негізгі тетіктерін құрайды. Елімізді мекендейтін түрлі ұлыстар қазақ ұлтының төңірегінде топтасуы арқылы елдің айрандай ұйып рухани тұрғыдан бірігуіне дәстүрлі діндердің құндылықтарының біріктіруші күші өзіндік рөл атқармақ.
Жетісу өңірінің іргелі аудандарының бірі - Іле ауданында да конфессияаралық келісім және ұлтаралық татулық саясаты жемісті жүргізіліп отыр. Ауданымызда 18 түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, ресми тіркеуден өткен 47 діни бірлестік өз діни қызметтерін жүргізуде. Конфессияға жатқызылуына қарай 24 ислам (мешіттер), 8 православ, 14 протестанттық, 1 рим-католиктік болып бөлінеді.
Қазақстанда әртүрлі мәдениеттер мен өркениеттердің бейбіт бірге өмір сүруінің, этносаралық және конфессияаралық келісім мен қадірлестік толеранттық ахуалын құрудағы, ел халқының көпшілігінде бейімделу құндылықтарының қалыптасуына ықпал ететін тарихи бағасыз тәжірибесі жиналған. Елбасы Қазақстанның конфессиялық әр алуандығы және этномәденилігіне ерекше көңіл аударады. Бұл Қазақстан халқының өзге ұлттармен құнды мәдени жетістіктермен бөлісуі, барлық біздің қоғамымыздың ортақ дәулеті болып табылады. Қазақстанның бейбітшілікке, тұрақтылыққа, ұлтаралық және конфессияаралық келісімге бағытталған саясаты әлемдік қауымдастықтың кең қолдауын көріп отыр.
|