БІР МЫСҚАЛ ОЙ
Бүгінгі нөмірімізге атадан қалған асыл сөз туралы ұсыныс түсті. Осы бір мезетті пайдалана отырып сіздерге заманауи тілмен жазылған нақыл әңгімелерді де ұсынбақпыз. Осы бір аздаған жаны бар тірі әңгімелерімізден өмірлеріңізге керекті кілтті табарсыздар деген үміттеміз. Әйтпесе Франциядағы атақты Сорбон Университетінің қақ маңдайындағы «Құдай бере алмаған білімді, Сорбонда бере алмайды» - дегендей сізге ақылды қондыру мақсат емес, тек бір мысалдан бір мысқал ой түссеңіз өзіңізге пайдалы болары хақ.
Сонымен қатар бізге мәлімде және беймәлім болып талай жыл архивтерде шаң басып қалған би, шешен өзінің дәуірінде елді аузына қаратқан көкшені көк тұйғыны Торайғыр Едігеұлының халқына арнаған өзекті жырынан үзінді келтіріп отырмыз.
Торайғыр Едігеұлы (1772 – 1825) – белгілі би, шешен. Шыққан тегі арғын ішіндегі айдабол. Павлодар облысы, Баянауыл өңірінде туып өскен. Әкесі Едіге Төлебайұлы Тәуке хан тұсында би болған. Торайғырдың адамның қоғамдағы орны туралы түсінігі мен нақылдарына, жақсы мен жаманды безбендеген көркем әрі бейнелі сөздеріне дала даналығы, халық философиясы тән. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы замана қайшылықтарын терең таныған Торайғыр бидің нақыл сөздерін (“Аспан, жер және адам жаратылысы туралы”) өзінің тіршіліктің бастау сөздері жөніндегі ой-пікірлеріне дәлел ретінде пайдаланған. Баянауыл өңірінде “Торайғыр көлі”, “Торайғыр ауылы” атты жер-су аттары бар.
БҰЛ ЗАМАНДА НЕ ҒАРІП?
(Торайғыр шешен айтқан сөз)
Бұл заманда не ғаріп?
Қадірін біліп ұқпаса,
Дүррі гауһар сөз ғаріп.
Замандасы болмаса,
Қария болар тез ғаріп.
Ел жағалай қонбаса,
Бетегелі бел ғаріп.
Қаз, үйрегі болмаса,
Айдын шалқар көл ғаріп.
Әділ биі болмаса,
Бірлігі кетіп ел ғаріп.
Қадірін елі білмесе,
Қайратты туған ер ғаріп.
Бақытты адам қаласа,
Қар үстінде от жанар.
Бақытсыз адам қаласа,
Құрғақ үйден су тамар.
Жақсы туған баланың,
Атасы жаман болса да,
Төрде отырып сый табар.
Жаман туған баланың,
Атасы жақсы болса да,
Түйе үстінен ит қабар.
АҚЫЛДЫ БАЛА
Баяғыда бір патша өмір сүріпті. Бір балаға зар болыпты. Бір күні отырып-отырып, нәзір-уәзірлерін жинап алып, «Маған ақылды бір бала тауып келіңдер. Мен оны асырап алайын» деп өз шешімін айтыпты. Нәзір-уәзірлер бүкіл елді аралап шығады. Неше түрлі баланы көреді. Бірақ көңілден шығатын біреуін жолықтыра алмапты. Сөйтіп, шаршап, шалдығып келе жатып елдің шекарасындағы ең соңғы ауылға атбасын тірейді. Ауыл шетіндегі кедейдің лашығының табалдырығында отырған бір баланы көреді. Баладан әкесін сұрастырады.
- Әкем, өмір сеуіп жүр, - деп жауап береді бала.
- Өмір сепкені қалай?- деп таңданысын жасыра алмай қалады топты уәзір.
- Егін басында. Бидай егіп жатыр. Соны жинап алса, сол бізге өмір болады! Сонда олар баладан анасын сұрайды.
- Көз жасын қарызға беруге кетті, - дейді бала.
- Бұнысы несі екен? Қалай қарызға? - деп баланың сөз мәнісін уәзірлер тағы түсінбей қалады.
- Ол былай ғой: көршіміз қайтыс боған, шешем соны жоқтауға кетті. Шешем өлсе, көршілер оны жоқтайды ғой.
Дымы құрыған уәзірлер ішіп-жемнен не бар деп сұрайды. Шарап болса, дәм татқыз дейді.
- Алдымен аттарыңды жүзімдікке байлап келіңдер. Сонда шарап құямын, - дейді бала.
Уәзірлер айналаны шолып шығады. Еш жерде жүзімдік жоқ. Балаға қайтып келеді.
- Жүзімдік түгілі, сабағы да жоқ қой! – дейді.
- Жүзімдік болмаса, шарап қайдан келер?
Мына баланың тапқырлығы уәзірлердің көңіліне жағады. Жас та болса, ақылы кеніш екен деп түйеді.
- Осындай ақылды бала біздің хан иемізге мұрагер болуға лайықты болар, - деп баланы патша сарайға әкетіпті.
ЫСТЫҚ ТАС ТУРАЛЫ АҢЫЗ
Бағзы заманда бір кітапхана өртеніп кетіпті. Тек бір ғана қолжазба аман қалған екен. Көп жылдар бойы ол кітап дүкенінің түкпірінде жатады. Оған ешкім мән бермепті. Дүкеннің иесі өзгергенше шаң басқан күйі керексіз қалыпты.
Ол бума-бума қағаз орамдарын екшеп, кітап, қолжазбаларды жинастырып, керек еместерін тастайды. Ескі қолжазбаны да ол қажетсіз деп лақтырып жібереді. Кездейсоқ кетіп бара жатқан жүргінші оны тауып алады. Қолжазбаны отқа тамызық етермін деп ойлайды да, алдымен ішінде не жазылған екен деп қарап шығады.
Ал, қолжазбада былай деп жазылған екен: «Теңіз жағалауынан жанған тас тапқан адам армандаған нәрсесінің бәріне қол жеткізеді». Қайыршы не болса да жағалауға барып көрейін дейді.
Ол әр тасты көтеріп, ыстығы жоқ па екен деп қарап шығады. Көтерген тастың бәрін толқынға қарай лақтырыпты. Осылай күн артынан күн өтіп, айды ай, жылды жыл алмастырыпты... Бір күні қайыршының қолы ыстық тасқа тиеді...
Ол тасты көтереді де... әдет бойынша теңізге лақтырып жібереді.
Адамның өмірі – теңіздің жағасы іспетті. Күнбе күн тағдырымызды іздейміз. Көбіне тапқан кезде әдет бойынша оны өмірімізден адалап, лақтырып жібереміз. Өйткені, біз іздеуді ғана әдет қылғанбыз. Тауып алуды білмейміз.
САРЫУАЙЫМ ТУРАЛЫ ӘПСАНА
Баяғы бағзы заманда, жер бетіне адам баласы алғаш аяқ басқанда Ібіліс бір мақтанғысы келіпті. Өз кәсібінің аты мәлім әсей-мүсейін жалпақ жұртқа жайып салыпты. Әйнекпен көмкерілген сөрелерге әрбірін бөлек-бөлек қойып, астына бағасын бекітіпті.
Не деген көркем көрме еді! Мұнда жүзі жалт-жұлт еткен Көреалмаушылық алдаспаны, дөңайбат Ашу балғасы, ашкөз Сараңдық тұзағы орын теуіпті. Жоғарғы сөрелерге рет-ретімен Үрей, Тәкәппарлық пен Өшпенділік жайғасыпты. Бәрі де мамық жастықтарға шалқасынан түсіп, жайланып жатыпты. Тамұқтың әр қонағы мына көрініске тәнті болады екен. Ал, ең биік сөреге ағаштан жасалған көне сына ие бопты. Оның аты «Сарыуайым» екен. Бір таңқаларлығы оның бағасы басқаларын тұтас қосқаннан әлдеқайда қымбат тұрады екен. Неге олай дегенге Ібіліс бұл құралын басқасынан асыра бағалайтынын жасырмапты:
- Бар байлығымның ішіндегі ең сенімдісі осы – сарыуайымның сынасы. Оған сенімім қашанда кәміл. Өзгесінің шамасы жетпеген сәтте бар қиындықтан осы сына алып шығады, - дейді ағаш сынаны қолымен сипап. - Бұл сынаны адамның миына бір қақсам бітті, ол басқасына есікті айқара ашып береді, - деп масаттаныпты.
|