- Ассалаумағалейкум Әмзе Әлдибекұлы. Бүгінгі қоғамда адамдарды бір-бірімен араластыру тұрмақ таныстырудың өзі мұң болып бара жатқан «Ақпараттық ғасырда» мына қоғамдық Кеңестің қажеті не?
- Қазақта «Асың барда ел таны, атың барда жер таны» - деген қанатты сөзі бар. Иә, қазір «Ақпарат заманы». Көршіге шәркейіңді кие салып барғаннан гөрі ғаламтормен ақ үйден шықпай сөйлескенің ұтымды болды қазір. Бірақ бұл дұрыс емес. Адам үйінен шығатын уақыт келді. Жұмсақ диванның үстінде жатып әңгімені ас үйде шешетін заманнан алыстауымыз керек. Президентіміздің үздік отыздыққа апаратын «100 нақты қадам» атты Ұлттық жобасының 97, 98, 99-қадамдарында жергілікті өзін-өзі басқаруды одан әрі дамыта отырып, қоғамдық Кеңестердің жұмысына аса мән бергені тектен текке емес. Көтеріліп отырған мәселе өте өзекті. Бүгінгі күні елімізде жергілікті өзін-өзі басқару ісіне қоғамды қатыстыру жұмыстары басталып кетті. Яғни, қоғамдық Кеңес мүшелері қазір әр ауылдың көшесін аралап адамдармен танысып, білісіп жүр деген сөз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы негізінде аудандық мәслихаттың бастамасымен біздің ауданда қоғамдық Кеңестің жұмысы 2012 жылдан бастап атқарылып жатыр. Ауданның барлық 31 елді мекендеріндегі 52 микроучаскелерде 55 қоғамдық Кеңес төрағалары мен 560 көше комитеттерінің төрағалары сайланып, оларда 1345 адам жұмысқа тартылды. Осы қоғамдық Кеңес көршімен-көрші арасын жалғайтын алтын көпір болып тұр. Мұның қажеттілігі сол ауыл адамдарының басын біріктіріп келелі іске жұмсау.
- Сіздердің осы мәселе бойынша алатын орындарыңыз қандай және қалай іске асырудасыздар?
- Халыққа қоғамдық Кеңестер жөнінде түсініктеме беріп, олардың қоғамда алатын орны мен атқаратын жұмыстарын түсіндіру мақсатында алғашқыда біз консультациялық семинарлар өткізуге бастадық. Бірінші оқып үйрену жобасының семинары ҚР Тұңғыш Президенті Қорының каржылай қолдауының негізінде 2013 жылы басталып, жергілікті өзін-өзі басқару жұмысының тетігі қаланды. Осы семинардан кейін ауданда қоғамдық Кеңестің жұмыстары ұйымдастырыла бастады. Ауданда бірінші болып Ащыбұлақ ауылдық округінде осы жұмыс қолға алынып жүргізілді. Қазірде, бұл округ қоғамдық Кеңесінің жұмысы үлгілі болып, ауданда насихатталып таратылды. «Болашақ» әлеуметтік-азаматтық базисі» қоғамдық бірлестігі және «Аймақ» Өңірлік дамуға ықпалдасу қорының көмегімен қоғамдық Кеңестердің белсенді мүшелері және төрағаларымен осы мерзім ішінде 9 оқып-үйрену семинары өткізілді.
Сонымен бірге, 2014 жылдың 3 қыркүйегінде «Медиация» Заңына байланысты қоғамдық Кеңес төрағалары және депутаттармен семинар өткізіліп, 15 адам «Медиаторлық» сертификатын алды. Соның арқасында Кеңес басшылары «Қоғамдық Кеңестер тұрғындар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өзара байланыс тетігі», «Қоғамдық орындармен байланыс жүргізу», «Округтердің төлқұжаттарын дайындау», «Жергілікті әрекеттестікті дамыту мен өңірлерді дамытуда қандай қолдау көрсету» тақырыптарында мағлұматтар алып, тұрғындардың ауылдың жан-жақты өсіп өркендеуіне, мәдениетіне, тазалығына, құқық бұзушылыққа немқұрайлық танытпауларына, жауапкершіліктерінің өсуіне көп пайдасын берді.
- Қазір аудан көлемінде қоғамдық Кеңес мүшелері немен айналысып атыр?
- Биылғы жыл елімізде тарихи оқиғаларға толы. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Ата Заңымыздың 20 жылдығы болса, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған іс-шаралар ауданда абыроймен өткізілді.
Осы шараларды өткізуде аудандағы қоғамдық Кеңестер аса белсенділік танытып жұртшылықтың ризашылығына бөленіп келеді. Айтар болсақ, аудандағы 34 соғыс ардагерлері мен 1258 тыл ардагерлеріне қоғамдық Кеңестер жергілікті әкімдіктермен бірге үнемі қамқорлық жасап келді. Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында аудандағы Байсерке ауылдық округінің Әли, Жаңаталап, Ынтымақ, Қоянқұс ауылдарында, Междуреченск округіндегі Жауғашты ауылында қоғамдық Кеңес төрағаларының тікелей ұйымдастырушылық бастамасымен, тұрғындар тарапынан қолдау тауып, өз қаражаттарына соғыс ардагерлеріне ескерткіштер орнатылып, олар аудан әкімі Қыдыркелді Медеуовтің қатысуымен салтанатты түрде 7-8 мамыр күндері ашылды.
Осындай, қоғамдық Кеңестердің тікелей қатысуымен ауылдардағы Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне арналған ескерткіш-тақталарға соғыста қаза болған, хабарсыз кеткен және соғыстан аман-есен оралып, халықтың игілігі үшін қызмет етіп, туған жер топырағында қайтыс болған 1562 соғыс ардагерлердің есімдері ойылып жазылды.
Біздің тағы бір айтарлықтай жетістігіміз ол, округтердегі қоғамдық Кеңес мүшелері өз жұмыстарын сол округтерден сайланған 17 аудандық мәслихат депутаттарымен тығыз байланыста жүргізіп отырады. Округтерде тұрғындармен әртүрлі кездесулер, жиындар, дөңгелек үстелдер өткізу арқылы олардың ой-пікірлерін, толғандырып жүрген мәселеріне сараптама жасап шешу жолдарын іздестіреді.
- Осы қоғамдық Кеңеске қол ұшын беріп қамқорлық танытатындар бар ма?
Иә, әрине халқымызда «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген аталы сөз бар. Осы сөзді іс жүзіне асырып, халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсартып, ауданымызда азаматтық қоғамның қалыптасуына, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің дамып, қоғамдық Кеңестер жұмысының жандануына әрдайым қолдау көрсетіп, үнемі халықтың пікірімен санасып отыратын аудан әкімі Қыдыркелді Өміржанұлы Медеуовтың еңбегін атап өткен жөн. Одан кейін ауданымыздағы округ әкімдерінің барлығы да қолұшын беруде алдына жан салмайды.
Шынайы демократия – бұл халық билігі, орындалуы халықтың қызығушылығымен атқарылады. Барлық демократиялық мемлекеттерде конституцияның негізгі элементтері жергілікті өзін-өзі басқару болып табылады. Осындай бірлескен жұмыстардың арқасында біздің көпұлтты Іле ауданы, оның экономикасы мен елді мекендері жылдан-жылға өсіп-өркендеп, мәдениеті мен өнері дамып, ұлтымыздың ата-баба, салт-дәстүрі одан әрі жаңғырып, ұлтаралық татулығымыз бен ынтымағымыз жарасып отыр.
Тәуелсіз еліміз одан әрі дамып, халықтар бірлігі арта берсін! Ел іргесі аман, жұртымыз тыныш болсын!
Әңгімеңізге рахмет Әмзе Әлдибекұлы!

|