Апта басында өткенін ұлықтаған, ұрпағын ұмытпаған, тарихтан тағылым алып, ерлікке тағызым еткен айтулы күндердің бірі - 31 мамыр - саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Боралдай кентіндегі «Қандысай» монументінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған «Зұлмат жылдар жан жарасы» атты шара өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Д. Жүнісов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары Е.Тұрымбетов, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ә. Исаев және аудандық мекеме бөлім басшылары, мәдениет қызметкерлері, округ әкімдері және зұлмат жылдары құрбан болған Алаш арыстарының ұрпақтары қатысты.
Шарада сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Д. Жүнісов: «Бұл күн біздің есімізде мәңгі қалады. Еліміздің тарихында мұндай сын-сабақтар әрдайым құрмет пен ізгіліктің шуағына бөленуі керек. Ұрпақ тәрбиесінде де еліміздің келешегін көру үшін өткенін тану өнегелі іс. Талай жерлестеріміздің, қазақ халқының әлеуметтік жүйесінде ерекше топты құрайтын хан тұқымдары, халықтың экономикалық тірегі болған ауқатты адамдар, ағартушылар және діни дұрыс бағыт ұстанған жандар, осы зұлматтың құрбаны болды. Мұны біз білуге тиістіміз», - деді. Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары сол жылдары қазақ халқы мыңдаған өзге ұлт өкілдерін жер аударылып келгендігін, оларды халқымыз құшақ жая қарсы алып, бауырына басқандығын, сонымен қатар сол кезеңде ауданымызда да «халық жауы» атанған азаматтардың тағдырына, осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған арыстарды ұмытпай, оларды әрқашан есте сақтау, өткенге салауат етіп, ақтаңдақтар ақиқатына тереңірек мән беру - бүгінгі ұрпақ парызы екендігін сөз етті.
Репрессия құрбаны болғандардың қатарында өзге елден жер аударылып келгендер де бар. Олар түрік, корей, поляк, украин сияқты көптеген ұлттардың қазақ жеріне келіп халқымыздың қонақжайлылығының нәтижесінде аман қалды.
Осы қиындықты аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ә.Исаев та өз сөзінде қадап айтты. Ол: Тәуелсіздік үшін Алаштың арда ұлдары солақай саясаттың құрбаны болды. Аяусыз зорлық-зомбылық көрді. Сол бір зұлмат уақытта біздің елімізге де мыңдаған өзге ұлт өкілдері жер аударылды. Қазақ жұртшылығы барлығына құшақ жайып, бір үзім нанын бөліп берді. Біз олардың есімін ұмытпай, әрдайым ұлықтауымыз қажет, - деді.
Жиналғандар бір минут үнсіздікпен қаралы кезеңді еске алды. Қапшағай қаласының бас имамы А. Сейітұлы жазықсыз жапа шеккендердің әруағына арнап құран бағыштады.
Жиын соңында оған қатысушылар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына қойылған құлыптасқа гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

|