Басты  - РӘМІЗДЕРГЕ ҚҰРМЕТ - ЕЛГЕ ҚҰРМЕТ
 

 
 
 
РӘМІЗДЕРГЕ ҚҰРМЕТ - ЕЛГЕ ҚҰРМЕТ
08.06.2015
Апта ортасында Чапай ауылындағы Мәдениет үйінде аудан жұртшылығы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рəміздері күнін атап өтті. Мерекеге арналған салтанатты жиынды аудан əкімінің орынбасары Жүнісов Дәурен Хабдолданұлы ашып, Мемлекеттік Рəміздеріміз туралы кіріспе сөз сөйлеп, көпшілікті мерекемен құттықтады.
Еліміздің Туы, Елтаңбасы, Гимні Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің 1992 жылғы сессиясының шешімімен бекітілді. Сол жылы 6 маусым күні Тəуелсіз еліміздің тұңғыш Мемлекеттік Рəміздерінің тұсаукесер салтанаты өтіп, Президент сарайы мен Парламент Үйінің төбесіне Ту көтерілді, Елтаңба орнықты. Алты ай өткен соң 1992 жылы 11 желтоқсанда Мемлекеттік Гимннің мəтіні бекітілді. Ол 2006 жылы қайта өзгеріп, 6 қаңтарда жаңа Гимн қабылданды. Сонымен Мемлекеттік Рəміздердің қабылданғанына да 23 жыл толды. Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаев тізесін бүгіп, ұлттық Туымызды сүйіп, тағзым етті. Содан кейін барып, Ту өзінің құтты орнына қондырылды. Ел Рəміздері тек көркем образ ғана емес, ол мемлекеттігіміздің айрықша қасиетті белгісі. Рəміздерге деген құрмет – туған елімізге, Қазақстанымызға деген құрмет сезімді білдіреді. Сол үшін де баршамыз əрқашанда Мемлекеттік Рəміздерді құрметтеуге міндеттіміз. Сондықтан да аудан жұртшылығы Мемлекеттік Рəміздер күні мерекесін ұйымшылдықпен атап өтті. Жиналған қауымды аудандық мәслихат депутаты Бақыт Сүлейменова, Тайпейде өткен жасөспірімдер арасындағы бокстан әлем чемпионы Балауса Мүздиман құттықтады. Құттықтаулар аяқталғаннан кейін аудан көлемінде елдің дамуына үлкен үлес қосып жүрген мемлекеттік мекемелерде қызмет атқарып жүрген азаматтарға Алматы облысы мен аудан әкімінің атынан мадақтама қағаздарды аудан әкімі Медеуов Қыдыркелді Өміржанұлының өзі алдымен халықты мерекемен құттықтап, табыстады.
Рəміздер күні мерекесін атап өтуді бұл жолы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту, аудандық ішкі саясат бөлімдері мен аудан көркемөнерпаздары ұйымдастырды. Олар мерекеге жақсы дайындықпен келген. Рəміздерімізді безендіруі сəтті шыққан. Сол сияқты, жасаған стендтері де көп көңілінен шықты. Салтанатты рəсім соңы əсем əн мен күмбірлеген күйге ұласты. Осылайша, ілеліктер Рəміздер күні мерекесін жоғары дəрежеде атап өтті. Мереке ауданымыздың барлық селолық жəне ауылдық округтерінде атап өтілді.