Басты  - АРДАГЕРЛЕРІМІЗ ӘРДАЙЫМ ҚҰРМЕТ ПЕН МАРАПАТҚА ЛАЙЫҚ

 

 
 
 
АРДАГЕРЛЕРІМІЗ
ӘРДАЙЫМ ҚҰРМЕТ ПЕН МАРАПАТҚА ЛАЙЫҚ
08.05.2015

Ерлік пен өрліктің, биік рухтың мерекесі саналатын Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында соғыс ардагерлерін құрметтеу жалғасын табуда. Аудан әкімі Қыдыркелді Өміржанұлы Медеуов 9 мамыр Жеңістің 70 жылдығы мерекесі қарсаңында ауданымыздағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерін аралап шықты. Қазір аудан бойынша 34 Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Іс-шараға аудандық мәслихаттың хатшысы Е.С.Тұрымбетов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары Р.М. Абилова, аудандық ақсақалдар ұйымының төрағасы Ә.Исаев кент және ауылдық округтер әкімдері қатысты. Аудан әкімі Қыдыркелді Өміржанұлы Медеуов 9 мамыр күні Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Астана қаласында өтетін әскери шеруге қатысатын Өтеген батыр кентінің тұрғыны Тәңірберген Толғанбаев ақсақалдың үйіне барып, отбасында болып мерекелік көңіл-күй тілеп, оған судай жаңа киім-кешек пен Іле ауданының «Құрметті азаматы» деген атақты табыс етті.
Жарқын жүзді жүздесуде соғыс ардагері Тәңірберген ақсақал 1942 жылы сұрапыл соғыстың қайнаған тұсында Кавказды қорғауда шекарашы болып, елін қорғағандығын, соғыстың салған жарасы қалың елге ауыр тигендігін айтты. Өз сөзінде ардагер бүгінгі егемен еліміздің арайланып атқан таңына, көрегенділікпен елді басқарып отырған Елбасына тоқтала келе, «Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында еліміз төрткүл әлемге танылды. Жастарымыз жігерлі де қайратты, білімге құштар болып өсіп келеді. Халқымыз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз бен татулығымыздың арқасында еліміз өркендеп келеді. Олай болса Елбасымыз, ел билігінде жүрген азаматтарымыз аман болсын, қазақ елі өсіп-өркендей берсін. Бейбітшіліктің қадірін біліп, Жеңістің бағасын ұғынған ұрпақ аман болсын», - деп батасын берді.
Кавказда ел шетін қорғағанында фашизмге одақтас елдердің жауынгерлерімен талай бетпе-бет келген ардагер Тәңірберген қария болса соғыстан кейін еліміздің дамуына сүбелі үлес қосқан жан. Ол талай жыл прокуратура саласында қызмет жасады.
Дәл осылай ауданымыздағы барлық Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне жоғарыда айтылған сый-сияпат көрсетілді.
Ал, 5 мамыр күні аудан әкімінің ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлері Алматы қаласындағы 28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағында «Мәңгілік от» алауына барып, соғыста шейіт болған жауынгерлердің рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Олар соғыс жылдарындағы азапты да ауыр күндерді, сол қанды қырғында қаза тапқан майдандастарын еске алды. Дәл сол күні болашақ ұрпақ үшін кеуделерін оққа төсеген, өздерінің ерлік істерімен жастарға үлгі-өнеге болған ардагерлерге арнап, салтанатты ақ дастархан жайылды.