«Біз бүкіл қазақстандықтардың басын біріктіретін басты фактор – Мемлекеттік тіл – қазақтардың туған тілін дамыту үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауымыз керек»
(Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан).
Әр елдің мемлекеттік шекарасы жеке рәміздерінен басқа Конституциялық Заңмен бекітілген немесе бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған ортақ тіл – мемлекеттік тілі болуы мемлекеттіктің негізгі шарттарының бірі. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – сол елдің, жердің иесінің тілі – қазақ тілі екендігі Алтын Заңымызда анық та ашық жазылған. Алғашқы «Тілдер туралы» Заң сонау Кеңес заманында - 1989 жылы қабылданып, мемлекеттік бағдарлама, құлаш-құлаш Қаулы-қарарлар қанша рет қабылданғанымен, тәуелсіздіктің тірегі болып табылатын мемлекеттік тілдің төрге шықпай, босағадан сығалап, өз үйінде өгейлік көрген жетім баланың күйін кешкені ащы болса да шындық. Алайда, осыдан біраз жыл бұрын ұлттың патриот ұлдары Амангелді Айталы мен ақиық ақын Мұхтар Шаханов бастаған бір топ азаматтардың қазақ тілінің қазіргі мүшкіл халіне алаңдаушылық білдіріп, бүкіл халыққа Үндеу жариялауы, жер-жердегі ұлтжанды қаламгерлер мен тілдің нағыз жанашырларының ұлт болашағы үшін жанын шүперекке түйіп, тіл-майданда қаймықпай айқасуы қатпар-қатпар мұзды сәл жібітіп, тіл мәселесіндегі сең қозғалғандай болды. Сең сөгілгенімен де, қуануға әлі ертерек.
Тіл Заңының алғаш қабылданғанына аттай 26 жыл өтсе де, қатпар мұздың біржола еріп, тіліміздің шынайы мемлекеттік дәрежеге көтеріле алмау себебі неде? Ең бірінші: «орекеңдер өкпелеп қалмасын» деген өзіміздің жалпақшешейлігіміз бен жалтақтығымыз. Одан қалса, жетпіс жыл бойы қызыл коммунистік идеологияға уланған қандастарымыздың құлдық психологиясында жатыр. Осы орайда, мұнан біраз жыл бұрын «Бастау» газетінде жарияланған «Олжас тағы алжасты-ау» деген жанайқай мақаламнан мысал келтірейін: «Түнеу жылдары (2005 жылдың 21-ақпанында) әлемдегі беделі зор ЮНЕСКО ұйымының «Халықаралық ана тілі» күніне орай өткен басқосуында О.Сүлейменов қызу-қызу сөз сөйледі. Сөйлегенде не деді? Тоқ етерін айтар болсақ, «Әзербайжан мен Қазақстанды қалқайтып ел қылатын да, ұшпаққа шығаратын да тіл – орыс тілі. Онсыз бұл елдердің көсегелері көгермейді» екен. Ол ма, Олжас «Аргументы и факты Казахстана» газетінің тілшісіне берген бір сұхбатында (16 наурыз 2005 жыл) «Статус казахского языка, действительно, нуждается в возвышении. Но не за счет унижения русского, который обладает конституционными правами межнационального общения. Что касается предположений решительно перевести делопроизводство по всей республике на казахский, в Мажилисе выступать только на казахском и даже лишать гражданства тех, кто не успел изучить казахский, их авторы могут, сами того не осозновая, нанести непоправимый вред и языку, и своему народу» деп көлгірсіпті. Орыс тілділерге жағымпазданып, жақсы көрінудің Олжекеңше оңай жолы осы болса керек. Әйтпесе, мемлекеттік тілге көшуден қай ұлт өкілі қалайша жапа шекпекші екен? Екіншіден, «қазақ тілін білмегендерді азаматтығынан айыру керек» деген ұшқары пікірді ешкім еш жерде айтқан емес. Айтпайды да! Үшіншіден, А.Айталы «Парламент депутаттарын сайлағанда ұлты қазақ үміткерлердің мемлекеттік тілді міндетті түрде білуі» талабын қойды емес пе? Орыс, неміс, кәріс, чукчаларға қатысты емес, депутаттыққа үміткер тек қазақ ұлты өкілдері туралы болды ғой бұл ұсыныс!
Орынды ой, сүбелі сөздің өңін айналдырып, бұра тартудың қажеттілігі қанша еді? Өзіңіздің жеке мүддеңіз үшін бүкіл ұлт мүддесін құрбандыққа шалып, өз баба тіліңізді аяққа таптауға әрекет етуіңіз қай алжасқаныңыз, Олжеке?»
Мысал ретінде Олжас туралы айтқаныммен, осы сияқты ұлт мүддесінен өзінің отбасындағы, қазақша әліпті таяқ деп білмейтін бала-шағасының мүддесін жоғары қойып, мемлекеттік тілге шатқаяқтап, қарсы тұратын Министрлер, Парламент депутаттары, ұлты қазақ жоғары лауазым иелері мен басшылар аз ба? Тіпті, ұлт жанашыры деп білетін кейбір қаламгерлеріміздің өзі биліктің «шашқан тарысына» сатылып, ұлттық мүддені қолдауда солқылдақтық танытты. Оны өзіміз көріп те, біліп отырмыз. Осындайда: «бар-жоғы бір жылдың ішінде қазақ тілін меңгеріп, ана тілінде еркін сөйлеп, жаза алу дәрежесіне жеткен Қасымжомарт Тоқаев бауырымыз нағыз азамат екен. Сол сияқты, Татьяналар, Бурмистрова мен Лушникова, Парламенттің бұрынғы депутаты, марқұм Василий Осипов, ұлты неміс болса да, саналы өмірінде қазақтың мұңын мұңдап, тілі, ділі үшін күресіп, күні кеше ғана дүниеден өткен Герағаң – Герольд Бельгер мен Асылы Осман апамыз сияқты қазақ тілін көкке көтеріп, дәріптеп, қазақтың өзіне үлгі болып жүрген өзге ұлт өкілдерінен айналып қана кетейін» деген ой өз-өзінен қылаң береді екен.
Қандай бай, қуатты тіл болмасын, сөйлемесе, байытып, дамытып отырмаса, ол тіл бірте-бірте әлсіреп, түбі жойылып тынатындығына дәлел көп.
Мемлекеттік тілдің жоқшысы «Ана тілі» газетінің 2009 жылдың 4-10 маусымы 21- санындағы «Жоқшысы жоқ жоғалған тілдер» тақырыбымен берілген ЮНЕСКО-ның мына деректері жаныңды түршіктіріп, жағаңды ұстатады: «Басылымда жарияланған соңғы мәліметтерге көз жүгіртсеңіз, ғалымдар жан даусы шыға дабыл қағады. Оған себеп-соңғы үш ұрпақ ауысқанда жер бетінде өмір сүріп жатқан алты мыңнан аса тілдің 200-ден астамы құрып кеткен екен. Одан бөлек 500-ден аса тілдің халі мүшкіл десек, мыңнан астамының «саулығы» сын көтермей отыр. Әлемде 178 тілдің әрқайсысында тек 10-50-ден сөйлеушісі қалған, ал 199 тілдің әрқайсысында тек оншақты адам ғана бірі-бірімен тілдесе алатын жағдайда. Мәселен, мен аралының тұрғындары сөйлеген мен тілі сол тілде сөйлейтін соңғы адам Неда Маддрелламен бірге 1974 жылы «көз жұмыпты». Сондай-ақ, 1992 жылы Теврика Эсанчаның өлімімен бірге Түркиядағы убых тілінің де «талқаны таусылса», Аляска шығанағындағы эяк тілі де былтыр өзінің соңғы сөйлеушісі Мэри Смит Джоунспен бірге о дүниеге аттанды.
Осындай сұмдық, бұлтартпайтын деректерді естіп-көріп отырып, атасы немересімен, анасы баласымен орысша шүлдірлесетін, Парламент, Үкімет отырыстары орыс тілінде «сайрайтын» қазақ еліндегі қазақ тілінің болашағы үшін қорқасыз ба, қорықпайсыз ба?! Алаңдайсыз ба, алаңдамайсыз ба?!
ЮНЕСКО-ның бас директоры Контиро Мацуцраның: «Тіл - табиғат пен ғалам ғажайыптары туралы деректердің қайнар көзі. Сондықтан, тіл жоғалса, азамат арасындағы биологиялық әртүрлі заңы бұзылады. Жоғалған тіл өзімен бірге бір халықтың бай рухани мәдени мұрасын, асыл да бағалы мирасы саналатын ауыз әдебиетінің тамаша үлгілері – поэзиялық шығармаларын, аңыз-ертегілерін, жаңылтпаш пен әзіл-қалжыңдарын ала кетеді» - деген сөздері, осыдан бір ғасырдан бұрын: «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» - деп, қазақ тілінің болашағы үшін қам жеген ұлы педогог, ұлт қайраткері Ахмет Байтұрсынов атамыздың сөзімен ұштасып жатқан жоқ па?!
Осындай қауіпті сезіп, «тіл», «тіл» деп шырылдап, ұлт келешегін ойлаудан жүрегіне салмақ түсіріп, денсаулығынан да айырылған Мұхтар Шаханов ағамызды «Тілді саясатқа айналдырады, әйтпесе, құрып бара жатқан қазақ тілі жоқ» деп, аяқтан шалып, кекетіп-мұқатып отырған өзге ұлт емес, өз қазағымыз екенін көріп қаның басыңа шапшиды. «Бұл неткен көрсоқырлық, неткен намыссыздық пен жаныашымастық» - деп зығарданың қайнайды. Сонда жоғарыда аталған тілдер сияқты құрып кеткен соң барып дабыл қағу керек пе екен? Онда тау-тасқа басыңды қанша соқсаң да бәрі кеш болмай ма?!
Әлемді жаулап алған ормандай орысты, оның тілінің келешегін ойлап, жер планетасындағы орыстарды өз Ресейіне шықырып, «үй салуға жер береміз, көтерме ақысын (подъемный) төлеп, бар-жағдайды жасаймыз» деп, жар салып жатқан В.Путин мен Д.Медведевті оларды қолдап, миллиардтаған рублін ұлт болашағы үшін аямай, мүдделік танытып отырған Ресейдің парламентіндегілер недеген ұлтжанды десеңші! Орыс тілін білмегендер азаматтық ала алмайтын Заң да шығарып қойды-ғой олар. Орыстың жаман әдетін тез қабылдап ала қойып, жақсысын, үлгілісін шатқаяқтап, қабылдамайтын қайран қазағым-ай! (Тек «өз ұлтына топырақ шашып отыр» - деп кіналамашы, ағайын. Күйінгеннен, әлдебіреулердің шымбайына батып, намысы ояна ма деген оймен осылай қатты айтуға мәжбүрмін). 150 миллион халқы бар Ресей сөйтіп алаңдаушылық білдіріп отырғанда, олардан он еседей аз, бар-жоғы 17 миллионнан сәл ғана астам халқы бар қазақ елінің болашағы, тілі, діні, ділі үшін дабыл қағып қана қоймай, әр қазақ күрескер болса да артықшылығы жоқ!
Қазақстан Республикасы «Тілдер туралы» Заңының 4-бабында: «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл - мемлекеттік басқару, заңнама, сот ісі мен іс жүргізу тілі ретінде мемлекет аумағында қоғамдық қатынастың барлық салаларында қолданылады», - делінген. Алайда, Заңның осы талабы қай жерде, қай мекемелерде болмасын, штаттағы аудармашыға, немесе, әйтеуір, қазақшасы тәуір бір маманға жүктеліп, барлық құжат, қаулы мен шешімдерді қазақшаға аудару арқылы шешілгенсымақ болып отырғанын жасырып, жабудың қажеті жоқ. Жиын, басқосуларда басшылар, немесе баяндамашылар сөздің «бісмілләсін» қазақшадан бастағанымен: «Мұнда басқа ұлт өкілдері отырғандықтан, сөзім бәріне түсінікті болуы үшін әрі қарай орыс тілінде сөйлеуге рухсат етіңіздер» - деп, әрі қарай орысша зуылдай жөнеледі. Осының хаттамасын аудармашы қазақша аударып, бәрін «тастай қатырып» іс-қағаздарға тігіп тастайды. Өйткені, ертең тілді тексерушілер келе қалса: «Міне, бізде бәрі мемлекеттік тілде жүргізіледі» деп көрсетіп, Заң талаптарының «бұлжытпай» орындалып отырғанын дәлелдеу үшін керек. Мемлекеттік тілді қолданбасақ, ол тілде сөйлемесек, іс қағаздарын формальді түрде «мемлекеттік» жасау арқылы тілімізді қалай көркейтпекпіз? Мұндай көзбояушылық кімге қажет?
Мен, өзім тіл жанашыры ретінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен жылда өткізіліп тұратын сараптау комиссиясының құрамында мемлекеттік мекемелердегі тіл ахуалын зерделеуге қатысып жүремін. Аудандық прокуратурамен бірге «Тілдер туралы» Заңның орындалуын тексеруге облыстық «Жетісу», аудандық «Бастау», «Қаратал» газеттерінің қоғамдық тілшісі ретінде рейдтер ұйымдастырып, талай сын мақалаларым республикалық, облыстық, аудандық газеттерде жарық көрген. Мекемедегі жалғыз аудармашы арқылы мемлекеттік тіл мәселесін «шешіп тастау» әдісін жақсы білгендіктен, осы жолдарды күйіне жазып отырмын. Жоғарыда, байқайсыз ба, «тексеру комиссиясы» емес, «зерделеу комиссиясы» деп отырғанымды. Тап солай! Атауы - «Тіл бөлімі», ал оның тіл Заңының орындалуын тексеруге, Заң талаптарын орындамағандарға шара қолдануға құқығы жоқ! Тек «зерделеп», «ақыл-кеңес беріп», «сөйте-ғой, айналайын» деп, жалынып, сылап-сипап кетуге ғана құқың бар. Әйтпесе, «менің конституциялық құқығымды бұзды» деп прокуратураға шағымданып, шақшадай басыңды шарадай етеді. Өйткені, ҚР Конституциясы мен «Тілдер туралы» Заңда: «Орыс тілі ресми тіл болып табылады және мемлекеттік тілмен тең дәрежеде қолданылады» деген бап бар. Міне, мәселе қайда?! Яғни «Тілдер туралы» емес, «Мемлекеттік тіл туралы» ешкім жалтара алмайтын, бұлтара алмайтын заң керек! Ресейдегі тіл мәселесі бойынша атқарылып жатқан шаруаны жоғарыда айтып кеттім. Түнеу жылдары (2009 жылдың қазан айында) Тәжікстан Президенті Э.Рахман «Тіл туралы» жаңа заңға қол қойды. Бұл заңға сәйкес, орыс тілі – «халықаралық қатынас тілі» мәртебесінен айырылып, мемлекеттік билік пен басқару органдары, мекеме, кәсіпорындардың қарым-қатынас, ақпарат, құжат алмасу тек тәжік тілінде жүргізілетін болды. Заңды бұзған жеке азаматтар – 160, ұйымдар – 320 АҚШ доллары көлемінде айыппұл төлейді. Литва, Латвия, Польшада мемлекеттік тіл – сол ұлттардың тілі болып Заң қабылданғанына қаншама уақыт өтті. Тіпті, орыстың (Путиннің жауыздығынан қан төгіліп, адам өлімі болып жатқан) өз бауыры Украина да орыс тілінен арақатынасын үзіп, Украин тілі мемлекеттік тіл деп бекітіліп, оның өркендеп, қолданыста болуын Заңмен шегелеп тастады емес пе?!
Көп елдердегідей «Тіл туралы» Заңның орындалуын тексеріп, бақылап отыратын «Тіл полициясы» құрылымын құрудың уақыты келіп, әбден пісіп жетілді!
Осы орайда, санда бар да, санатта жоқ қозғалыс, қоғамдық ұйымдар туралы айтып өткім келіп тұр. Халықаралық «Қазақ тілі» деген қоғамдық ұйымның «халықаралық» деген бөркі қазандай, атынан ат үркетіндей атағы бар. Басқа мемлекеттерді қайдам, Қазақстанда бұл ұйым аты бар да заты жоқ, қауқарсыз құрылымға айналғалы қашан! Осыдан біраз жыл бұрын ұлт патриоты Мұхтар Шахановтың бастамасымен «Мемлекеттік тіл» қозғалысы құрылды. Биліктің тепкісіне ұшыраған ол қозғалыс ақыры жойылып тынды.
Ұлттың болашағын айқындайтын мемлекеттік тіл – мемлекеттік саясат. Мемлекеттік саясатты тек мемлекеттік мекемелер ғана емес, ел аумағындағы меншік түріне қарамастан, барлық кәсіпорын, ұжымдар мен қоғамдық ұйымдар жүзеге асыруды парыз, міндет санауы тиіс.
Осы орайда, өзімнің тіл төңірегіндегі бастан кешкенімді мысал ретінде айтып кетсем. Қаратал ауданында өзім басқарған жеті жылдың соңғы үш жылында «Нұр Отан» партиясы атынан Жарғыда көрсетілмесе де, тіл жоқшысы ретінде байқау жарияласам, Алматы агроөнеркәсіптік қызметкерлері кәсіподағын басқарған жылдардарда бірнеше рет тіл байқауын аудандық тәуелсіз «Бастау» газетімен бірігіп өткізген едік. Өкінішке орай, зейнеткерлер Ө.Томашұлы, М.Хайбулина, А.Нұғыманова сынды тіл жанашырлары ғана байқауға қатысты. Ең масқарасы, тіл байқауына ұстаздардан, бір рет болса да атсалысқан Г.Есболовадан басқа бір де бір қазақ тілі маманы (басқа пән мұғалімдерінен не сұрарсың?!) байқауға материал бермеді. Міне, біздің өз ана тілімізге деген «жанашырлығымыз»!
Үкімет тарапынан қыруар қаржы бөлініп, жер-жерде «Мемлекеттік тіл оқыту орталықтары» ашылды. Жөн-ақ! Бірақ, оны оқып, бітірген кезде олардың мемлекеттік тілді (үш топ бойынша) қанша дәрежеде меңгергендігін сараптайтындар сол тіл бөлімі мен оқыту орталығының мамандары. Әрине, өздері оқытқан түлектеріне білсін, білмесін, «қанағаттанарлық» деген баға қойып, ешкімді «құлатпайтыны» түсінікті. Өйткені, өздеріне ақы төлеп оқыған «іштен шыққан шұбар жыландарын» «құлатуға» қалай қисын! Яғни емтихан қабылдау комиссиясы құрамына қоғамдық ұйым өкілдерінен, жалпақ шешей танытпайтын сырттағы мамандарды, тілдің нағыз жанашырларын бекіту керек. Әйтпесе, «пәлен жылда түгенше адам оқытылып, сертификат алды» деген сан қуған ақпарат беру арқылы тілімізді ұшпаққа шығара алмаймыз!
Тұзы жеңіл қазақ тілінің мәселелері көп-қой. Жас ұрпақтың бесіктен басталған үйдегі тәрбиесі, балабақша, мектептегі, теле-аудиолардағы мультфильм, БАҚ-тардағы ұлттық тәрбие – айта берсек проблема жетерлік. Олар айтылудай-ақ айтылып, жазылудай-ақ жазылып жатыр. Еститін құлақ, тыңдар ниет, сезінер жүрек болса...
|